Облыс әкіміРесми

Тәжірибемен ұштасқан білім

Облыста жұмысшы мамандықтарын дамытуға 4 млрд. теңге бөлінді. Өңірдің жеті колледжінде «Жас маман» жобасы жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін оған тағы сегіз оқу орны қосылады. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Қарағандыдағы бірнеше техникалық-құрылыс және жоғары политехникалық колледждерге барды.

Оқу орындары жаңғыртылады, заманауи жабдықтар сатып алынады. Студенттерді қажетті мамандықтар бойынша теория деңгейінде оқытып қана қоймай, көлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, сервис және тағы басқа бағыттар бойынша тәжірибелік дағдыларды алуға мүмкіндік беру үшін барлық жағдай жасалады.

Оқу орнын бітірушілердің бірі Владимир Сарганов газ-электр дәнекерлеуші мамандығын алғанын, тәжірибені меңгергенін және оқу ордасында оқытушы болып жұмыс істегенін мақтанышпен айтты.

– Қазір колледжде заманауи жабдықтар бар. Онда оқу өте қызықты. Бұрын бізде ескі жабдықтар болған. Және біз кәсіпорындарға тәжірибеге келгенде қайта даярлықтан өтуге тура келетін. Себебі, өндірісте жаңа жабдықтар болды. Ал, бүгін бізде бәрі бар. Сондықтан, біз жұмыс процесіне тезірек кірісеміз, – деп атап өтті Владимир Сарганов.

Бүгінгі таңда облыстың жеті колледжінде құзыреттілік орталықтары құрылған. Онда 68 шеберхана АҚШ, Италия, Германия, Швеция, Франция, Аустриядан келген әлемдік брендтердің заманауи жабдықтарымен жабдықталған. Олардың тізімі WorldSkills стандарттары ескеріле отырып және Кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ, жұмыс берушілердің ұсыныстары негізінде қалыптастырылған. Осы колледждердің 190 педагогы оқудан өтіп, сертификат алды.

Жылдың соңына дейін осындай сегіз орталық ашу жоспарланып отыр. Олардың ресурстары оқу процесінде, демонстрациялық емтихандарды өткізу үшін және WSK-ге дайындық кезінде қолданылады. Орталықтардың әлеуеті коммерцияландыру бойынша жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

– Жыл сайын жұмысшы мамандықтарының беделі қайта жаңғыруда, шеберлік дағдыларын дамыту ерекше құрметке ие. Негізгі мақсат – сұранысқа ие 100 мамандық бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарын жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Құзыреттілік орталықтары жалдамалы қызметкерлерді ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлерді де дайындайды. Оқушыларға бизнес-жобаларды әзірлеуге, өз кәсіпорындарын ашуға көмектеседі, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button