АймақҚарағанды

Тәжірибе мен технология тоғысы

Бұқар жырау ауданында орналасқан «Баймырза Агро 2018» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығындағы заманауи өндірістің жарқын үлгісіне айналып отыр. Халықаралық тәжірибені, ғылыми инновация мен цифрлық технологияларды ұштастырған кәсіпорын тек өңірдің ғана емес, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің дамуына өзіндік үлес қосып келеді.

Суреттерді түсірген Александр Марченко

Технология тиімділігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа кезеңі басталғанын атап өтіп, саланы технологиялық тұрғыдан жаңғырту, суармалы жер көлемін ұлғайту, ғылымды өндіріске енгізу, инвестиция тарту және экспорттық әлеуетті арттыру жөнінде нақты міндеттер қойған болатын. Бұл бастамалар бүгінде еліміздің көптеген шаруашылықтарында нақты нәтижесін беріп келеді. Солардың қатарында өндірісті өңірдегі «Баймырза Агро 2018» ЖШС ерекше аталады.

Кәсіпорынның басты ерекшелігі – халықаралық стандарттарды отандық өндіріс тәжірибесімен тиімді үйлестіруінде. Осы арқылы агрокешен ауыл шаруашылығының жаңа моделін қалыптастырып, өндіріске заманауи технологияларды енгізіп отыр.

Халықаралық тәжірибе тоғысқан алаң

Жақында кәсіпорын базасында Халықаралық картоп тұқымы күні ұйымдастырылды. Іс-шараны «Баймырза Агро 2018» ЖШС мен «Евразия Групп Казахстан» ЖШС-і Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен өткізді.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов, Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын, Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы елшілігінің ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және азықтүлік қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ари Велдхаузен, сондай-ақ, еліміздің әр өңірінен келген аграршылар, ғылыми ұйымдардың өкілдері, инвесторлар мен серіктес компаниялардың мамандары қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар картоп тұқымын өндірудің халықаралық тәжірибесімен танысып, егіс алқаптарын аралады. Сонымен бірге, картоп өсіруде қолданылатын жаңа технологиялар, тыңайтқыштар жүйесі, жоғары өнімді техникалар және заманауи зертхананың жұмысы таныстырылды.

Мұндай тәжірибелік кездесулер жаңа технологияларды өндіріске енгізуге, фермерлердің тәжірибе алмасуына және халықаралық әріптестікті нығайтуға мүмкіндік береді.

– Нидерландтың картоп тұқымын өндірудегі басты артықшылығы – сапаны қатаң бақылау жүйесі. Мұнда тұқым зертханадан бастап егістікке дейін бірнеше кезеңнен өтеді. Сапалы тұқым – мол өнім алуға толық кепіл болады. Қазақстанда голландиялық технологияларды енгізудің нәтижесі де көріне бастады. Өнімділік жыл сайын артып келеді. Әрине, біздің елдердің климаттық жағдайы әртүрлі. Бірақ қазіргі заманғы сұрыптар белгілі бір өңірдің табиғатына бейімделіп шығарылады. Сондықтан ең маңыздысы – дұрыс сұрыпты таңдау. Бізді қазақстандық фермерлердің жаңа технологияларды қабылдауға дайын екені қуантады. Сондай-ақ, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігімен тиімді ынтымақтастық орнаған. Нидерланд Үкіметінің басты мақсаты – әлемде тұрақты азықтүлік жүйесін дамытуға үлес қосу. Сондықтан Қазақстанмен тәжірибе алмасып, озық технологияларды енгізуге қолдау көрсету біз үшін маңызды, – дейді Ари Велдхаузен.

Суармалы алқаптың өнімі мол

«Баймырза Агро 2018» бүгінде өндірістің барлық кезеңін қамтитын заманауи агроөнеркәсіп кешені саналады. Кәсіпорын құрамында өсімдік шаруашылығы, элиталық тұқым өндіру, картоп өсіру, суармалы егіншілік, өнімді сақтау және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағыттары бір жүйеге біріктірілген.

Кәсіпорын бірнеше жыл бұрын «Нұр СХ» агрохолдингінің құрамына еніп, техникалық және технологиялық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Соның нәтижесінде өндірістік қуат айтарлықтай артып, инвестициялық жобалар іске асырылып, халықаралық компаниялармен ынтымақтастық кеңейді.

Бүгінде агрокешеннің жалпы өндірістік алаңы 39 мың гектардан асады. Оның ішінде 29 мың гектардан астамы егістік жерді құрайды.

Соңғы жылдары климаттың өзгеруі мен құрғақшылық қаупінің күшеюіне байланысты кәсіпорында суармалы егіншілікке ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, суару жұмыстары үшін «Zimmatic» маркалы сүйретпелі-айналмалы жаңбырлатқыш машиналар қолданылады. Қазіргі уақытта 1300 гектар жер заманауи суару жүйелерімен қамтылған. Алдағы бірнеше жыл ішінде бұл көрсеткішті 3000 гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Картоп шаруашылығы – негізгі стратегиялық бағыт

2024 жылы тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие болған кәсіпорынның негізгі бағыты – картоп өндірісі. Мұнда тұқымдық, тауарлық және қайта өңдеуге арналған картоп өсіріледі.

Қазіргі таңда «Гала», «Коломба», «Камелия» және VR808 сияқты жоғары өнімді сұрыптар көбейтілуде. Бұл сұрыптар жоғары өнімділігімен, сақталу сапасымен және климаттық жағдайларға бейімділігімен ерекшеленеді.

Кәсіпорын халықаралық селекциялық компаниялармен тікелей жұмыс істейді. NORIKA компаниясымен «Гала» сұрпы бойынша, HZPC компаниясымен «Коломба» сұрпы бойынша, HZPC Sadokas компаниясымен «Камелия» сұрпының элиталық тұқымын өндіру жөнінде бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, әлемдегі ірі азықтүлік өндірушілерінің бірі – «PepsiCo» компаниясымен өнеркәсіптік өңдеуге арналған картоп өндірісі бағытында ұзақ мерзімді әріптестік қалыптасқан. Бұл байланыстар өндірістің сапасын арттырып қана қоймай, қазақстандық өнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.

Халықаралық серіктестік – сапа кепілі

Сапа мәселесіне кәсіпорында ерекше көңіл бөлінеді. Тұқымдық картоп өндірісі Нидерландтың NAK инспекциялық қызметінің халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Бұл ұйым әлемдегі ең беделді тұқым сапасын бақылау жүйелерінің бірі саналады.

Инспекторлар вегетациялық кезеңде егістіктерді бірнеше рет аралап, сұрыптық тазалықты, аурулардың таралу деңгейін және фитосанитариялық жағдайды бағалайды. Бақылау тек алқаппен шектелмейді. Ол тұқымды іріктеу, сақтау, сұрыптау және дайын өнімді сертификаттауға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде кәсіпорын халықаралық талаптарға толық сәйкес келетін сапалы тұқымдық материал өндіруге мүмкіндік алып отыр.

– Біз өндірісте голландиялық жүйені негізге ала отырып жұмыс істейміз. Сондықтан бүгінгі кездесу халықаралық сипатқа ие. Мұндай шара тәжірибе алмасуға ғана емес, жаңа технологияларды енгізуге де жол ашады. Нидерланд – тұқымдық материалды сертификаттау жүйесін қалыптастыруда әлемдегі көшбасшы елдердің бірі. Бұл бағытта 130 жылдан астам тарихы бар «NAK» инспекциялық қызметі жұмыс істейді. Ұйым мамандары егіс алқаптарын тексеріп, тұқымдық материалдың сапасын халықаралық талаптарға сәйкес бағалайды. Бүгінгі іс-шараға «NAK» компаниясының қатысуы да – осы ынтымақтастықтың нақты көрінісі. Біз голландиялық стандарттарға сай тұқымдық картоп өндіру тәжірибесін таныстырып жатырмыз. Мұнда заманауи ауыл шаруашылығы техникалары, голландиялық картоп сұрыптары ұсынылып отыр. Нидерландтың тәжірибесі Қазақстандағы картоп шаруашылығының дамуына айтарлықтай серпін берді. Соның арқасында бүгінде технологиялық даму деңгейі бойынша Қазақстан көрші мемлекеттермен, оның ішінде Ресеймен де бәсекеге қабілетті. Ал Орталық Азия елдері біздің тәжірибемізге қызығушылық танытып, өнімімізді тұтынушылар қатарына қосылып отыр. Қазақстанның картоп экспорттаушы елдердің біріне айналуы – соның айқын дәлелі, – деді «Баймырза Агро 2018» ЖШС басшысы Максим Букаемский.

Цифрлық технология – агроөнеркәсіпте

Ауыл шаруашылығы цифрландырусыз дамымайтыны белгілі. «Баймырза Агро 2018» бұл бағытта да алдыңғы қатарда келеді. Бұл орайда, шаруашылықта «John Deere», «GRIMME» және «Zimmatic» сияқты әлемдік жетекші өндірушілердің астық және картоп комбайындары, тракторлар, тіркемелі және аспалы техникалары пайдаланылады.

Техникалық парк құрамында 18 астық жинайтын комбайн, 10 егіс кешені, жоғары қуатты тракторлар, картоп отырғызатын және жинайтын арнайы кешендер, сондай-ақ, жаңбырлатып суару жүйелері жұмыс істейді.

Сонымен қатар, цифрлық мониторинг жүйелері енгізілген. Арнайы құрылғылар арқылы топырақтың ылғалдылығы, минералдық құрамы, агрохимиялық және биологиялық көрсеткіштері нақты уақыт режимінде бақыланады. Осының негізінде әрбір алқапқа жеке технологиялық карта әзірленіп, тыңайтқыштарды енгізу көлемі дәл есептеледі. Бұл шығынды азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Кәсіби команда – өндіріс тірегі

Заманауи техника қаншалықты маңызды болса да, оның тиімді жұмыс істеуі кәсіби мамандарға байланысты. Бүгінде кәсіпорында 218 қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында агрономдар, инженерлер, механизаторлар, суару жүйесінің операторлары, тұқым шаруашылығы мамандары және зертхана қызметкерлері бар.

Кәсіпорында кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мамандар халықаралық серіктестермен тәжірибе алмасып, жаңа технологияларды меңгеруге тұрақты түрде қатысады.

Осылайша, «Баймырза Агро 2018» тек ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші кәсіпорын ғана емес, өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды өндірістік орталыққа айналып отыр. Кәсіпорын ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, әлеуметтік жауапкершілік жобаларын жүзеге асыруға қатысады. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттік салық түсімдерін қамтамасыз етіп, экономикалық әлеуетін арттыруға үлес қосуда.

Алдағы уақытта «Нұр СХ» компаниялар тобы суармалы жер көлемін ұлғайту, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, тұқым шаруашылығын одан әрі дамыту, өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр.

«Баймырза Агро 2018» тәжірибесі бүгінде ауыл шаруашылығының табысты болуы тек егіс көлемімен емес, ең алдымен ғылымға, технологияға, инновацияға және сапаға негізделетінін дәлелдеп отыр. Голландиялық тәжірибе мен қазақстандық еңбек ұштасқан бұл кәсіпорын Мемлекет басшысы белгілеген агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту міндеттерінің нақты жүзеге асып жатқанын көрсететін жарқын мысалдардың бірі деуге болады.

Сағыныш ӘБІЛ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button