Жаңалықтар

Тәжік елінен пойыз келді

     Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен салынған «Жезқазған-Бейнеу» теміржолының іске қосылғанына үстіміздегі жылдың 22 тамызында үш жыл толады. Осы мерзім ішінде өңір халқы «Ұлы Жібек жолы» бойындағы қайнаған тіршіліктің куәсі болып, оның игілігін де айқын көріп отыр. Ең әуелі, бұрын тұйықта қалған Жезқазған қаласы Шығыс пен Батысты жалғаған болат жолдың дәл ортасындағы басты бекетке айналды. Соның айғағындай, Жезқазған стансасына халықаралық Душанбе-Астана жолаушылар пойызы келіп, ат басын тіреді.

«Нұрлы Жол» бағдарламасының біртұтас көліктік-логистикалық құ­ры­лымына негіз болып отырған Жез­қазған-Бейнеу теміржолы бүгінде Қытай мен Еуропа, Иран мен Қазақстан аралығындағы жүк айналымының еселеп артуына оң ықпалын тигізуде. «Жібек жолының экономикалық белдеуін» құру бағытындағы сан-салалы шаралардың қолға алынуына қолайлы мүмкіндік туғызды. Еліміз Ақтаудағы теңіз портын жаңарту арқылы 2020 жылы оның жүк айналымын 25 млн. тоннаға жеткізуді көздеуде. Осы ауқымды жүк тасымалының елеулі бөлігі Бейнеу болат жолы арқылы жүзеге аспақшы. Қытайдың Батысқа жөнелтетін транзиттік жүктері де Ақтауға осы жолмен жеткізіледі. Құлан жортқан құба жон мен жапан далаға жарастықт

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

ы тіршілік дүбірін әкелген ғасырдың ғажайып күретамыры жолаушылар тасымалына да кеңінен жол ашпақшы. Өткен жылы күнара жүретін Жезқазған-Қызылорда жолаушылар пойызының жаңа бағыты іске қосылғаны белгілі. Жаңа бағыт Жезқазған қаласымен қатар, Ұлытау ауданының шалғайдағы Қарсақпай, Байқоңыр, Көктал, Қоскөл стансаларының жандануына да жақсы жағдай туғызып отыр. Болашақта Ақтау-Астана, халықаралық Тегеран жолаушылар пойыздарын жүргізу жобалары да қарастырылу үстінде көрінеді.

«Душанбе-Астана» жолаушылар пойызы сапарының басталуы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне бай­ланысты іс-шаралар аясында және Тәжікстан мемлекетімен экономикалық ынтымақтастық байланыстар негізінде жүзеге асып отырғаны айқын. Жезқазғанға аялдаған №459 жолаушылар пойызының бастығы Абдурасул Ибрагимовпен тілдескенімізде, ол Тәжікстан теміржолының басшысы Комил Мирзалиев пен жолаушылар тасымалы қызметінің басшысы Шерали Курбановтың есімдерін алға тарта сөйлеп, бұл пойыздың аптасына бір рет тұрақты жүріп тұратындығын мәлімдеді. Душанбеден Астанаға 4 тәулікте жететін халықаралық жолаушылар пойызы Жезқазғанға әр аптаның жексенбісінде сағат 11:27-де келіп, бір сағаттай аялдайды. Әрі қарай, Теректі, Қызылжар, Жаңаарқа, Жарық, Қарағанды сияқты ірі бекеттерге ғана тоқтап, Елорданың «Нұрлы жол» вокзалына 13 сағаттың ішінде жеткізеді. Душанбеге қарай қайту жолында Жезқазғанға сейсенбіде сағат 11:47-де келеді. Пойыз құрамында 9 плацкарт, 2 купе вагоны бар. Жолаушылар пойызының басшылары мен жолсеріктері бұрын Мәскеуге баратын пойыз құрамында болған екен. Қазақстан еліне олар тұңғыш рет сапар шегіпті. Екі ел арасында көлік байланысының орнағанына қуанышты. Халықаралық пойыздың билет құны біздегіден жоғары екенін де айта кеткен жөн. Мәселен, Жезқазғаннан Астанаға дейін Душанбе пойызының плацкарты 6145 теңге (төсекке бөлек төленеді) тұрса, «Марал Нұр» жүргізіп отырған жолаушылар отарбасының плацкарты төсегімен 3029 теңге. Сондықтан, таңдау жолаушылардың өз еркінде.

Халықаралық пойыздың алғашқы сапарының өзінде мысты қаладан Қарағандыға, Астанаға баратын жолаушылар легі аз емес екені байқалды. Ең бастысы, жезқазғандықтардың енді Бейнеу арқылы еліміздің Батыстағы облыстарына сапарлауына оңтайлы мүмкіндік туды.

Амандық РАХҰЛЫ.

Суретте: пойыз бастығы Абдурасул Ибрагимов пен жолсерік Маингүл Сатторова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button