Жаңалықтар

Тәуелсіздіктің тамыры

 

Қазақтың тұңғыш саяси партиясы

Ресейдегі 1917 жылғы ақпан төңкерісінен соң патша тағынан тайғанда жеке автономиялы қазақ мемлекетін құру туралы Әлиханның басында бұрыннан бар ой одан сайын беки түсті. Үміт оты бұрынғыдан да маздады. Бұл төңкеріс көптеген жаңалықтар әкеледі деп күтті. Сондықтан да ол маңайындағыларға:

Қазақтың өз мемлекеті болатын күн жақын. Соны тек біліктілікпен жүзеге асыра білуіміз керек, – деген сөзді жиі айтатын болды.

Бұл сөзді шағын топтың арасында ғана емес, Ақмола, Семей, Орал, Жетісу, Ферғана облыстарынан, Бөкей ордасынан делегаттар келген Бүкілқазақ съезінде барлық жиналғандардың алдында да жайып салды.

Съезге төрағалық етіп отырған Халел Досмұхамедов Әлихан Бөкейхановтың сөз алатындығын хабарлағаны сол еді, жұрт демін ішіне тартып, сілтідей тына қалды. Олар Әлихан сөйлегенде бір жаңалық айтатынын жақсы білетін. Әлихан қашанғы әдетімен асықпай басып, мінберге көтерілді де сөзін бірден бастап кетті. Сөйлейтін сөзінің жалпы нобайын қағазға түсіріп қойғанымен, ол ешқашан қағаздан оқып беруді дұрыс санамайды. Соған орай өзінің көкейіндегі ойын тыңдаушыларға еркін жеткізгенді дұрыс көретін. Бұл жолы да солай істеді. Жазған қағазы алдында тұрғанымен, оған қараған да жоқ.

Ақпан төңкерісі қазақ даласында да ұлт-азаттық бағыттағы ой-сананы дүр сілкіндіріп, елдің көзін ашқандай болды. Соған орай, қазақ съездерінің өтуі басталды. Мұның алдында Торғай облысында, Орал облысында, Ақмола облысында, Семей облысында съездер өтті. Оларда патша тағынан тайған соң енді қандай жағдай болады деген мәселе қаралып, халқымыздың басын қосатын ортақ бағдарлама жасау мәселесі көтерілді. Осы съездерде жалпыұлттық қазақ съезін өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Қазақ халқының отарлықтан, кісі аузына қарап телміріп отырудан босанып, өз алдымызға жеке ел болатын уақыт келді. Соған қалайда қол жеткізуіміз қажет. Ол үшін ең бірінші ауызбіршілікте болайық. Содан соң жеке ел болу үшін қажет құжаттар жасауға тиіспіз, – дей келіп, барлық атқарылатын жұмыстарды, алғашқы қадамдарды ортаға салған ой тастады.

Сол айтылған бойынша съезде мемлекетті басқарудың жалпы үлгісі, автономия туралы, жер мәселесі туралы, білім беру туралы, халық милициясы туралы және басқа да он төрт мәселе қарады.

Дегенмен, жаңалықтан қашатындар мен айналсоқтап, артына қарай беретіндер, жедел істен гөрі біреудің қолымен от көсегісі келетіндер қашан да табылады. Бұл жолы да солай болды. Бұл іске күмән келтірушілер де болмай қалған жоқ. Талай пікірлер айтылды. Әлиханның ойы қайткен күнде қазақтың автономиясын құру еді. Ол бұл туралы сан ойланып, сан толғанды. Сөйтіп, ойының соңында:

Демократиялық, федеративтік және парламенттік Россия республикасының құрамындағы қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болып қалады… – деген ойын осы жерде жайып салды.

Бірақ, қатысушылардың ойлары бір жерден шықпады, А.Байтұрсынов пен М.Дулатов:

Тәуелсіз қазақ автономиясын құру қажет, – деген идея ұсынды.

Иә, ақыры автономия болады екенбіз, неге Ресейдің қарамағында қалуымыз керек?

Жоқ, ол болмайды, жеке кетейік, – деген сияқты дауыстар шықты.

Съезге қатысушылар арасында пікір қайшылықтары пайда болды да, біраз дауласып барып, делегаттар басым көпшілікпен Ә.Бөкейхановтың ұсынысын қолдады.

Бірақ, бұл съезде автономия жарияланған жоқ. Оның есесіне қазақтың тұңғыш саяси партиясын құру мәселесі шешімін тапты.

Партияның атын қалай атаймыз? – деген мәселеге келіп тірелгенде Әлиханның жауабы дайын еді. Бұдан бұрын да партия құруды ойлап жүргендіктен, оның атын да ойластырып қойған.

Біз бұрыннан да «Алаш» деп атайтынымыз туралы сөз қозғап жүрміз ғой, партиямыздың аты «Алаш» болады, – деп жауап берді.

Шын мәнінде қазақтың сол кездегі көзі ашық қайраткерлері өздері ашқан «Қазақ» газетінде біздің «қазақтың ұраны «Алаш», керегесі ағаш» екенін еске сала отырып, көп ұзамай қазақтың тұңғыш саяси партиясы құрылатындығын, болашақ партияның аты бабаларымыздың ұраны болған «Алаш» деп аталатындығы, ол үшін съезд өткізіліп, қаулы қабылдау және партияның бағдарламасын жасау керектігі туралы мақалалар жариялап отырған еді. Міне, сөйтіп саяси партия құратын күн де туды.

Съезге қатысушылар арасында дауысқа салынған кезде барлығы да «Алаш» атауын жақтап дауыс берді. Партия құру және оның атын қалай атау жөніндегі мәселе шешілген соң оның бағдарламасын жасау қажеттігі сөз болды. Сөйтіп, оны жасау Ә.Бөкейхановқа, А.Байтұрсыновқа, М.Дулатовқа, Е.Омаровқа, Е.Тұрмұхамедовке, Ғ.Жүндібаевке, Ә.Бірімжановқа тапсырылған еді, олар партияның бағдарламасын тамаша дайындап шықты. Он тараудан тұратын бұл бағдарлама «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21 қарашадағы санында жарық көрді. Сөйтіп, біздің бүгінгі Тәуелсіздігіміз осыдан жүз жыл бұрын осы съезден бастау алған десек артық айтқанымыз емес. Өйткені, тәуелсіздік туралы тікелей айтылмағанымен, оның қабылдаған әрбір құжатындағы жеке тараулардың қайсысы болмасын тәуелсіздік туралы ой мен мақсатты меңзеп, соны көксеп тұрғандығын түсіну оп-оңай болатын. Сол кездердегі Әлиханның көңіл күйі ерекше көтеріңкі еді. Аңсаған арманына бірте-бірте қол жетіп келе жатқандығы оның қиялын бұрынғыдан да шарықтата түсті.

Съезде халық милициясын құру, ұлттық әскер жасақтау, болыстық земство ашу, оның (земствоның) басқару жүйесін қазақтың тұрмысына лайықтап ұйымдастыру, бұрынғы сотты жойып, оның орнына қазақ тұрмысына лайық айырықша сот ұйымдастыру мәселелері күн тәртібіне қойылды. Сонымен қоса оқу-ағарту ісі, әйел теңдігі және дін мәселелері жөнінде қабылдаған шешімдері сол замандағы қоғамда озық ойдың үлгісі болғандығы сөзсіз. Онда көтерілген бастауыш білімнің жалпыға міндетті болуы, алғашқы екі жылда тек ана тілінде оқуын қамтамасыз ету, оқулықтардың сауатты болуы сияқты жайлар әлі күнге дейін өзінің маңызын жойған жоқ.

Дегенмен де делегаттар жер мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Онда он төрт тармақтан тұратын шешім қабылдаған болса, оның ішінде «Қазақ халқы өзіне қарасты жерге орналасып болғанша жері ешкімге берілмесін» деген жолдар болды. Ал бұрын Ресейден қоныс аударған қарашекпендерге беріліп қойылған жерлерді қайтаруды талап етіп, «жер туралы қазақ өз алдына заң жобасын жасасын» деген ұсынысты Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының болашақ депутаттарына тапсырды. Бұдан соң олар Құрылтай жиналысына қатысатын 81 кандидаттың тізімін бекітті.

Осы съезден соң Әлихан кадет партиясымен хош айтысты. Олардың негізгі көзқарасы арасында алшақтық пайда болған еді. Бұл мәселе өткен тарауда әңгіме етілген. Дегенмен де кадеттердің жерге қатысты меншік құқығын сақтауға, қазақ халқына автономия беруге қарсы болғандығын және басқа да принципті мәселелерде қайшылық туындағанын қайталап айта кеткен артық емес.

«Алаш» партиясы – қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы (1917-1920) болды. «Алаш» партиясы халықты қорғау мақсатында әскер құру, кедей табын қолдау, халыққа білім беруді дамыту, аграрлық мәселені шешу сияқты міндеттер қойып отырған болса, осылардың барлығын демократиялық негізде, адамгершілікке сай жасауды ұсынды. Тең құқылық, жеке адамның құқығына қол сұқпаушылық, баспасөз бостандығы, діннің мемлекеттен бөлек болатындығы, тұрғын халықтың сот алдындағы жауаптылығы тең болатындығы, әр халықтың соты оның салт-дәстүрлеріне сәйкес болатындығы жария етілді. Партияның баспа органы Орынборда шығып тұратын «Қазақ» газеті, ал 1918 жылдың ақпанынан бастап «Сарыарқа» гезеті болды, «Абай» журналы шығарылды. Партия мүшелері А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, С.Торайғыров, Х.Ғаббасов, Ж. және Х.Досмұхамедовтер, тағы басқалары болды.

Қазан айынан бастап Қазақ даласында «Алаш» партиясының облыстық бөлімшелері құрыла бастады. Оларға партияның атын «Алаш» деп атау туралы жеделхаттар жіберілді. Бөкейхановтың басшылығымен партияның облыстық ұйымдары әуелі Семейде құрылып, партия комитетінің төрағасы болып Халел Ғаббасов, одан соң Омбыда құрылған обкомның төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, Торғайда құрылған облыстық комитетінің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды.

Бұл туралы газетте: «Алаш» партиясының толық шартнамасы Орынборда жасалатын болады, дайын болғанда жұртқа жария қылынады. Қазіргі шарты – кіндік комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дәл орындайтын, «Алаш» партиясының программасын жақтырып, жөн көрген, программадағы мәселелерді іске аайналдыруға тырысатын кісі кіреді. «Алаш» программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тілін берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, «Алаш» жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, ауырлық келсе бұлт беретін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі «Алаш» партиясына кірмейді. «Алаш» партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн», – деп жазды. («Қазақ» газеті, 1917 жыл, №250).

«Алаш» партиясының бағдарламасы Ресей мемлекетінің демократиялық федеративтік республика болғандығын қолдады. Өйтені, олардың мақсаты шашыранды қазақ облыстарын Ресейдің құрамындағы тұтас бір мемлекетке айналдырмақ еді. Бұл жерде әлі тап мәселесі, федолдық аристократия көтерілген жоқ. Олар тек жалпы ұлттық мүддені, ұлттық тұтастықты, қайткен күнде қазақтардың басын қосып, бір мемлекет етуді ғана мұрат тұтты.

«…Осынау тарихи кезеңде бүкіл Орталық Азияда алға қойған мақсаттары жөнінен, саяси мәні мен қамтыған мәселелер ауқымының кеңдігі жөнінен «Алаш» партиясымен иық тірестіріп қатар тұра алатын бір де бір қозғалыс болған жоқ. Партияның 1917 жылғы 21 қарашада жарияланған бағдарламасы жобасының бірінші тарауында:

«Ресей деомкратиялық федеративтік республика болуы керек. Федерация құрамындағы әрбір федеративтік республикаға автономия беріліп, өзін-өзі басқарсын. Үкіметті Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Дума сайлаған президент білгілі жылдар бойынша басқарады. Президент Министрлер Кеңесі арқылы әрекет етеді, Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Дума алдында жауап береді. Заң шығару билігі үкімет қызметін бақылау құқығы бар Мемлекеттік Думаның ғана қол астына топтастырылады. Шыққан тегіне, яғни нанымы мен жынысына қарамай дауыс беруге барлық адамдар құқылы. Депутаттарды сайлау тек және құпия дауыс беру жолымен жүргізіледі» деп көрсетілді:

қырғыз-қайсақ автономиясы облыстардан құрастырылады және басқа халықтармен бірге Ресей Федерациясына кіреді;

Ресей Федерациясында жеке адамның тең құқықтығы, дербестігі және сөз, баспасөз бен одақтар бостандығы сақталады;

дін мемлекеттен бөлінуге тиісті. Бәрі де еркін әрі тең болуы қажет;

барлық халықтар сот алдында тең құқықты және егер іс құрамында қырғыз тұрғындары басым мекендерде қаралса, онда қырғыз тілінде жүргізілуі керек;

салық дәулеті мен жалпы мүліктік жағдайына қарай салынады: бай – көбірек, кедей – азырақ төлейді;

жұмысшылар заңы жұмысшыны қорғауы керек;

халық ағарту ісі жалпыға ортақ. Барлық оқу орындары тегін оқытылады. Бастауыш сыныптарда оқу ана тілінде жүргізілуі қажет. Қырғыз-қайсақтардың «университеттерге дейін» өз орта және жоғары оқу орындары болуы керек;

Құрылтай жиналысында Жер туралы заңды дайындаған кезде жерді ең алдымен жергілікті тұрғындарға бөлу негізге алынуы қажет. …Жерді сатуға үзілді-кесілді тыйым салынады. Барлық жер байлықтары: көлемді ормандар, өзендер мемлекет қарамағына алынып, оларды земство басқарады.

60 жыл бойы жұртшылықтың «Алаш» бағдарламасымен танысуына тыйым салатындай осы тұжырымдарда қандай «ұлтшылдық пен өрескелдік» бар? Керісінше, ХХ ғасыр басында алашордашылар жариялаған осынау талаптарды ХХІ ғасырда көп жағдайда, біздер әлі көтере алмай жүрген сияқтымыз». («Көркемсуретті Қазақстан тарихы», 3-ші том, Алматы, 2007, 94-95 б.).

Сол 1917 жылдың аяғына қарай «Алаш» партиясы ұйымдық тұрғыдан бірталай нығайып, жергілікті комитеттері мен уездік Қазақ комитеттері оның тірегіне айналып, жап-жақсы жұмыстар жүргізіліп жатқан. Дегенмен де… сол кездегі саяси жағдай мүлде қиындап кетіп, ақыры тізе бүгуге тура келген.

…Талайдан бері көңілі онсыз да қаяу, қабағы ашылмай жүрген Әлихан сол күні мүлде көңілсіз еді. Жағдай дәл осылай қиындай береді деп ойламаған ол күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды. Өйткені, сол кездегі қоғамда болып жатқан оқиғалар, саяси күрестің пәрменділігі, қым-қиғаш азамат соғысы, большевиктік төңкеріс, халықтың сауатының әлі де төмен болуы сияқты жайлардың барлығы қосылып, «Алаш» партиясының қанатын кеңге жаюына, ірі саяси күшке айналуына мүмкіндік бермей жатқан еді. Соған қарамастан алашшылар өздерінің алған бетінен қайтпай, жұмысты жалғастыра берді.

Біздің тізе бүгуімізге тура келіп тұр, – деді Әлихан жиналған партия мүшелерінің алдында. – Бірақ, бұл Алаш идеясының жеңілісін білдірмейді. Біздің ісіміз – ақ. Біз не жасасақ та қазақ халқы үшін жасадық. Сондықтан да ешқашан мойымауымыз керек…

Осыны басын төмен салып, ешкімнің бетіне қарамай айтқанымен, оның үнінен ерекше бір сенімді, өз ісіне деген берілгендікті аңғару қиын емес еді. Отырғандар арасында Әлиханды басым көпшілік жақтаған. Әйткенмен де кейбіреулер үнсіздік танытып, сол арқылы өзінің күмәнді екендіктерін аңғартқандай болды.

Алашорда үкіметі жеңіліс тапқан соң «Алаш» партиясы да таратылды. Оған мүше болғандар Кеңес үкіметі тарапынан қудалауға ұшырай бастады. Кейіннен Кеңес үкіметі Алаш қозғалысына қатысқандарға кешірім жариялаған соң да Әлихан өз принципіне сенімді күйде қалды. Қаншама қысым көрсе де ол өзінің туған елі үшін қызмет ету идеясынан айныған жоқ.

Алашорда үкіметі

Томда өткен жиналысқа қатысып келген Әлихан үлкен ширығу үстінде еді. Ойынан да, санасынан да автономия құру жайы кетпейтін болды. Ол мұндай үкіметтің қалай болатындығы жөнінде өзінің ой-толғамдарын, жоспарын қағаз бетіне түсіріп те қойған еді. Әлихан бастаған «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің күш салуымен сол, 1917 жылғы желтоқсан айының 5-13 күндері Орынборда Екінші жалпықазақ съезі өткізілді. «Алаш съезі» деп аталған бұл жиында қазаққа автономия беру мәселесі тағы да көтерілді.

Бірақ, Әлихан:

Қазір автономия жариялауға әлі ерте. Мен Томскіде өткен жиналысқа барып келдім. Ол жақта Сібір автономиясын құру мәселесі қолға алынып жатыр. Біз Сібір автономиясына қосылайық. «Қосыламыз» деп, ұлы империяның құрсауынан босанып алайық. Содан арғысын өзіміз тағы көре жатамыз, – деген ұсыныс жасады. Бұл үлкен көрегендік болатын.

Бірақ, Әлихан бұл жолы да күтпеген жерден қарсылыққа тап болды. Оған Халел мен Жанша Досмұхамедовтер, Бақтыгерей Құлманов және басқалары қарсы болды. «Автономияны көп соза бермей, осы съезде жариялау қажет» деген ұсыныс айтылды. Мәселе дауға айналып бара жатқан соң дауысқа салынған кезде көпшілік Әлиханды жақтап шықты. Ал, қарсы шыққан топ:

Біз онда біз жеке автономия құрамыз, – деп қисайды.

Мұндайды Әлихан күтпеген еді. Шын мәнінде олардың қарсы болатынын іштей сезген. Дегенмен де мынадай қарсылық жасайды деп ойламаған. Әлихан не дерін білмей отырып қалды. Түрі күреңітіп, ойланып отыр. Онсыз да қазақ даласы үшке бөлінейін деп тұр еді. Тереңнен толғайтын, еліміздің тұтастығын ойлаған Әлиханның еріксіз қарсы ұсынысты қолдауына тура келді. Сөйтіп, желтоқсан айында «Алашорда» автономиясы жарияланды. Орталығы Семей қаласында болады деп таңдалып алынды. Жаңа үкіметтің төрағасы болып Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов сайланды. Ұлт Кеңесінің құрамы 25 адамнан сайланатын болып, оның 15-і қазақтарға беріліп, қалғандары қазақтардың арасында тұратын басқа ұлт өкілдеріне тиесілі болды.

Осы съездің жұмысына байланысты Әлімхан Ермековтің «Жасасын, Алаш, жасасын!» атты мақаласы «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 22 қаңтар күнгі санында жарық көрді. Онда: «Желтоқсанның 12-күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды», – деп жазып, сүйінші сұраған еді.

Әлихан осы күндері ерекше бір толқу үстінде жүріп, үмітінен күдігі басым уақыттың артта қалғанына шүкіршілік етіп, бұрынғыдан да ерекше бір жігермен жұмысын жалғастыра берді.

Әлиханды қазақтан шыққан тұңғыш либерал-демократ деуге толық негіз бар. Осы Екінші Жалпықазақ съезінде «Алашорда» басшысын үш адамның ішінен таңдап сайлау ұсынылды. Сөйтіп, демократиялық дәстүрдің осыдан жүз жыл бұрын Әлиханның бастамасымен қалыптаса бастағанын көреміз. Ол кезде тек мемлекет басшысы ғана емес, жергілікті жерлердегі басқарушылар да демократиялық жолмен сайланған. Мәселен, 1917 жылы қазан айында Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттар сайлауға үш партия қатысты. Олар – «Үш жүз» партиясы, социал-демократтар партиясы және «Алаш» партиясы еді. Солардың ішінен Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» партиясынан 43 депутат сайланған болса, басқа екі партия бірде-бір депутат өткізе алмады.

Осы 1918 жыл бойы Алашорда үкіметі көптеген қаулылар шығарып, басқа да автономиялармен қарым-қатынаста болды. Сол кезде жүріп жатқан азаматтық соғысқа да қызу араласып, большевиктерге қарсы жауынгерлік операцияларға қатысты. Алашорда өкіметі кеңес билігіне қарсы күресіп, патша генералдарының жағында болды. Большевиктер партиясы ұсынған бағдарламаны қазақ қоғамын үлкен апатқа ұрындыруы мүмкін эксперимент ретінде бағалап, қазақ коммунистерін орталық биліктің қолшоқпары ретінде айыптады.

Жеке ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын талап етуін заңды құбылыс деп түсінген «Алаш» қайраткерлері Кеңес өкіметімен келіссөздер жүргізіп, ұлттық автономия мәселесін шешуге кірісті. Алашорда үкіметінің тапсыруымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Оралдан барып, Халық Комиссары Кеңесінің төрағасы В.И.Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездесіп, Екінші қазақ-қырғыз съезінің қаулысын жеткізді. Қаулымен танысқан И.В.Сталин 19-20 наурызда Семейдегі Ә.Бөкейхановпен және Х.Ғаббасовпен телефон арқылы Алашорда автономиясының мәртебесі туралы сөйлескен еді. Сондағы айтқан И.В.Сталиннің: «Ресейдегі халықтардың құқықтары туралы халық комиссарлары шығарған белгілі ережесі бұл күнге ұлт мәселесі тақырыбын кеңес өкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Үшінші советтер съезі осы ережені жалғастыруға қаулы қылды. Өзінің бізге тапсырып отырған жалпықазақ съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жобаға сай келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съездің қаулысы өкілдеріңіздің совет үкіметін тануға қарсы болмаса болғаны. Үшінші советтер съезі советтік федерация жобасын жасап, бұл жоба Советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни тұрмысы бір, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерациялау, тегінде басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп, әлгідей комиссия құрар. Сізден өтінетініміз, біздің осы жобамызды Алашорданың Кеңесіне салып жауап қайтарсаңыздар екен», – деген мазмұнда болды. Кейіннен Советтер Одағының «күн көсеміне» айналған И.В.Сталиннің бұл сөздері қазақшаға аударылып, сол кездегі «Сарыарқа» газетінің бетінде жарық көрді.

Бұдан соң Әлихан да қарап отыра алмады. Ол қашанғыдай өзінің орнықты қалпымен жиналғандар алдында сөз бастады:

Сталин жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы мен Ресей халықтарының құқығы туралы декларацияның өзара сәйкес екендігін түсінген. Осы сәйкестік біздің Алашорданы мойындауға негіз болатындығын білдіре келе жалғыз ғана шарт қойып отыр. Ол шарт –Алашорданың қайткен күнде де Кеңес өкіметін мойындауы. Бұған қоса ол автономия алу мәселесінің орталықта шешілетіндігін де ескертіп өтті. Біз осы мәселені түбегейлі талқылауымыз қажет…

Бұл ұсынысты отырғандардың барлығы да қолдады. Енді әркім өз ойын айтуға кірісті. Талқылау ұзаққа созылған еді. Соңында Әлихан айтып, Ахмет және басқалары қостап, бір түйінге келді.

Ақыры Алашорда мүшелері өз шешімдерін жариялады. Ол қаулыда «Орынборда желтоқсанның 5-нен 13-іне дейін болған жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алашорда автономиясын жариялайтындықтарын, оның құрамына Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу облыстарының, Бөкей ордасының, Закаспий облысының, Маңғыстау уезінің, Самарқанд облысының, Жизақ уезінің, Амудария әнделінің (бөлімінің), Алтай губерниясының Бийск, Барнауыл, Змеиногор уездерінің қазақтар мекендеген аудандары енуге тиістігін, Алаш автономиясында заң шығаратын, ел билейтін үкімет Алашорда болатындығын, Қазақ-қырғыз істері туралы елші ретінде совет өкіметінің қасында болуға Алашорда мүшелері Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер жіберілетіндігін ескертіп, жергілікті Советтердің бұйрығы бойынша ұсталып, абақтыда жатқан Алашорда мүшелерін тоқтаусыз босатып, мұнан былай оларды өтірік шағым, жаламен қуғын-сүргінге ұшыратуды тоқтатуды» талап етті.

Бірақ Ұлт істері жөніндегі халық комиссары бұл талап-шарттарға ешқандай жауап берген жоқ. Өйткені, автономия құру ұлт мәселесін пролетарлық диктатураның құрамдас бөлігі ретінде қарайтын кеңес өкіметінің саясатына қайшы болғандығы анық еді. Сол жылғы наурыз айының аяғында Мәскеуден Семейге Сталин және мұсылмандар істері жөніндегі комиссар Вахитов қол қойған жеделхат келді. Онда Қырғыз істері жөніндегі комиссариат құру үшін тез арада өкілдер жіберуі қажеттігі айтылды. Бұл дегеніңіз өлкедегі барлық істі Кеңес өкіметінің өз қолына алғандығын көрсеткен еді. Қанша тырысқанымен, автономияны ұстап тұруға Алашорда серкелерінің шамасы жетпеді. Большевиктік әскер барлық жерде күшпен басып алып жатты.

Бұған қоса «Алаш» партиясының мүшелерінің кейбірі, соның ішінде А.Байтұрсынов бастаған бір тобы большевиктермен келіссөзді одан әрі жалғастырған дұрыс деп тапты. Ақыры Байтұрсынов сияқты көрнекті басшының Кеңес өкіметі жағына шығуы қозғалыстың басқа да ұйымдастырушылары арасында өзгеріс туғызды. Бұдан соң Батыс бөлімінің басшысы Халел Досмұхамедов те Ленинмен кездесуге барды.

Осы жерде Халел Ғаббасовтың 1929 жылғы 10 қарашада ОГПУ-дің тергеушісіне берген жауабын келтіре кетуге болады. Онда ол былай деген: «Келіссөздерде мен Совет өкіметінің декларациясының идеяларына сәйкес қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығының кедергісіз жүзеге асырылуын талап еттім. Барлығы есімде жоқ, дегенмен де мен он төрт тармақтан тұратын талаптар қойдым. Олардың жадымда қалған негізгілері: таратылған қазақ мекемелерін қалпына келтіру, Совет өкіметі жағдайындағы ұлттық автономияны құру, қазақ халқының тұтқынға алынған қайраткерлерін босату. Сталиннің жауабының мазмұны Алашорда Совет өкіметін мойындағанда ғана Қазақстанның Құрылтай съезін шақыруға әрекеттер жасалады дегенге сайды… Біз Сталинге телеграф арқылы Совет өкіметін мойындайтынымызды мәлімдеп, сол кезде Мәскеуде жүрген Досмұхамедовтерге Орталық үкімет алдында біздің мүдделерімізді қорғауды тапсырдық… Осылайша Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтердің Мәскеуге Кеңес үкіметі басшыларымен кездесулері мен телеграф арқылы Сталинмен жүргізген келіссөздерінде кеңес үкіметінің ұлттық тұтастық негіздегі қазақ мемлекеттігін мойындамайтындығын, тек кеңестік негіздегі автономия беруге даяр екендігін көрсетіп берді. Қысқасы Кеңес үкіметінің бұл мәселе жөніндегі ұстанымы: «Өзін-өзі билеу принципі социализм үшін күрес құралы болуы керек және социализм мүдделеріне бағындырылуы тиіс»…

Кеңес үкіметі Алашорданың өзін де, талаптарын да мойындағысы келмеді. Сондықтан, Х.Ғаббасов тағы да жеделхат жолдап, қазақ халқының ұлттық тұтастығын көздейтін өкіметті тез арада тануды ресми түрде талап еткен еді. Бірақ, ол жеделхат жауапсыз қалды. «Алаш» партиясының әрекетін большевиктер ұлттық бұржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін қорғайтын, пролетарлық революцияның қарсыласы ретінде қарады.

Ақыры 1919 жылдың күзіне қарай Алашорданың қызметі құлдырауға ұшырады. Дала өлкесінде большевиктік күштердің қысымымен жақтастарынан айырылып қалған Алашорда өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Сондықтан, олардың Кеңес үкіметін еріксіз мойындауларына тура келді. Бірақ, Әлихан бастаған кейбір Алашордашылар өз пікірлерінде, өз идеяларының дұрыстығына сеніммен қалды. Кеңес үкіметі олардың рухани ой-санасын жасыта алған жоқ.

Сайып келгенде Алашорда қозғалысының Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Өйткені, өткен ғасырдың басында, осыдан тура жүз жыл бұрын олар Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы сөз қозғаған еді. Біз ол Тәуелсіздікке осыдан ширек ғасыр бұрын ғана ие болдық. Олардың алған бетінің дұрыстығына, Қазақстанның жеке Егемен ел бола алатындығына біздің көзіміз жетпіс бес жыл өткен соң ғана жетті. Оған дейін коммунистік идея Алашорданың барлық ісін жасырын ұстап, олардың барлық бағдарламасын теріс, ұлтшылдық бағытта болды деген жаңсақ пікірді санамызға сіңіріп келді. Алаш қайраткерлерінің атына қара күйе жағылып, олар туралы тарихты ашуға тыйым салынды.

Қаланған ірге тасы әлсіз болғандықтан, халқымыздың оларды қолдайтын тап өкілдерінің әлі де сауатының аздығынан бұл өкімет небәрі екі жылға жетер-жетпес уақыт қана өмір сүрді. Біз болсақ қазіргі кезде сол Алашорда негізін қалап, шекарасын сызып берген мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды біле де бермейміз.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде Алашорда үкіметіне байланысты «Қазақ халқы өзінің басты мақсаты – ұлттық мемлекеттілікті қайта қалпына келтіруге нақты мүмкіндік алды» деп жазған болатын. 

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button