Білім ошақтарында

Тәуелсіздікпен төл құрдас – Мағжан мектебі

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 4 желтоқсан күні Қарағанды қаласы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияда педагогикалық озат іс-тәжірибені, педагогтердің инновациялық, шығармашылық тәжірибесі мен жетістіктерін бөлісу мақсатында «Тәуелсіздікпен төл құрдас Мағжан мектебі: Ізденіс пен шығармашылыққа толы 30 жыл» атты қалалық іс-шара өтті. Бұл жиын қалалық білім бөлімі мен Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның бірлесе ұйымдастыруымен өткізілді.

Бүгінде аталған гимназия 30 жыл бойы үлкен сенімді арқалап келе жатқан тағылымы мол, тарихи маңызы зор білім ордасы. Мектеп тарихынан сыр шертсек, ең алғаш 1991 жылы іргетасы қаланып, 1296 оқушыға арналған орыс мектебі болып ашылған еді. Кейін 1996 жылы 9 сәуірде мектепке қазақ халқының арыс азаматы, ардақты ақын Мағжан Жұмабаевтың есімі берілді. Мектеп тарихында қалған ұлы жаңалық – 1998-1999 оқу жылынан бастап бұл оқу орны қазақ мектебіне айналды. Ал 2000 жылдардың басында біздің гимназия республика бойынша үздік 100 мектептің қатарына енді. 2010 жылы білім ордасына «гимназия» мәртебесі берілді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген гимназияның мерейтойына орай ұйымдастырылған шараға білім бөлімінің әдіскерлері, мектеп директорлары және арнайы шақырылған қонақтар қатысып, қала мектептерінің ұстаздары онлайн режимде тамашалады.

Жиын барысында Бiлiм және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Сапура Төлекова, Қарағанды қаласы оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Әбдікерова, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың доценті, «Тұлғатану» зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова, Білім беру саласының үздігі, М.Жұмабаев гимназиясының алғашқы директоры Гүлшара Мабиева, гимназиямызда 10 жыл басшылық қызмет еткен Жанкелді Базыл, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Берік Рақымов, «Орталық Қазақстан» газетінің шолушысы, тарихшы Ерғазы Төлеу сөз сөйлеп, Тәуелсіздіктің құндылығы және Мағжан Жұмабаев туралы ой қозғап, сөз соңында мектепке деген құттықтау тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, гимназияның 30 жылдық мерейтойына орай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтің және қалалық білім бөлімі басшысының құттықтау хатын облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Химальдинқызы мектеп ұжымына табыстады.

Сонымен қатар, гимназияда 25 жылдан аса қызмет еткен ұстаздар қалалық Білім бөлімі басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Одан кейінгі кезекте тарих пәнінің мұғалімі Жаннұр Әлиқызы қатысушыларды мұражаймен таныстырды. Аталған шара аясында мектепте «Ұлттық орталық» және Сoworking орталығы ашылды. Мектепке еңбегі сіңген бұрынғы басшылар Жанкелді Базыл мен Гүлшара Мабиева оның тұсаукесер лентасын қиды.

Арнайы шақырылған ақын, облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының лауреаты, «Құсни хат» жыр жинағының авторы Бағдат Мүбәрак құттықтау өлеңін оқып, Сoworking тақтасына өз қолтаңбасын қалдырды. Ал, белгілі кәсіпкер Ерлан Әшім жаңадан ашылған орталыққа 1000 кітап сыйға тартты.

Сондай-ақ, қонақтарды «Әкелер мектебі» жобасының мүшесі Айтуған Рсалдин «ONEGE» орталығымен таныстырды. Сонымен қатар, танымал әнші Жақсыкелді Кемалов қатысып, әнмен шашу шашты. «Аналар мектебі», қамқоршылық кеңес мүшесі Светлана Қабашева мектеп пен ата-аналардың тығыз байланыста болуына ықпал етіп отырған гимназия ұжымына алғыс айтып, ақжарма тілегін білдірді.

Одан әрі гимназияның екінші қабатында мектепішілік, қалалық, облыстық жобалар көрмесі, «S=S» оқушылардың білім мен ғылымды байланыстырған Stem жоба қорғаулары, start-up идеялары clil методикасымен үш тілде қорғалды. Сонымен қатар, «Педагогикалық идеялар алаңы» әдістемелік көрмесі және «Ата-ана жұмысындағы 10 күн» , «Ауылдағы екі апта» атты әлеуметтік жобалар, «Медицинаға қадам», «Экоlive», «Мен педагогпін!», «Жас блогер-журналист», «Геоэкология», «Қазақстандық минералдық шунгит» инновациялық жобалары көрсетілді. Қатысушыларға мектептен шығатын «Мағжан» әдебитанымдық журналының шығарылымдары таныстырылды.

Іс-шара соңы әдеби кешке ұласып, «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты сахналық қойылым қойылды. Ұстаздар қауымы оқушылардан құралған «Мағжан ұрпақтары» хорымен сахна төрінде ән шырқады және жыр-өлеңдер оқылды.

Абылай ЖӘЛЕЛОВ,

Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия директоры.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button