Бас тақырыпРуханият

Тәуелсіздік құрдастары: “Біз бағындырмайтын белес жоқ”

Бүгінде Тәуелсіздікпен түйдей құрдас, 28 жасқа келген жастар – әр саланың тізгінін ұстаған егемен елдің айбынды ұландары. Елдің дамуына өзіндік үлес қосып, көпке үлгі болып жүрген азаматтар. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қарағандылық жастардың тыныс-тіршілігіне үңіліп, алға қойған жоспарымен танысқан едік. Жастар айтады…

Арман ТОСҚАНБАЕВ, «Отан» компаниясының директоры:

– Тәуелсіз елдің ұланы ретінде елімнің өркендеуіне қалай үлес қоссам деп көп ойландым. Осы орайда, Қазақстанды әлемге әйгілеп, экономикасын дамыту үшін бизнесті дамыту қажет деген тоқтамға келдім. Өмірлік мақсатым – отандық бизнесті дамытуға өз үлесімді қосу. Әрине, тау қопарамын деп уәде ете алмаймын. Дегенмен, қазақстандық бизнестің дамуына өзімнің үлесімді қоссам деген мақсатымды жүзеге асыруға тырысамын. Ал, бизнесте шет ел нарығына шығуды, қазақстандық тауарды насихаттауды мақсат етіп отырмын.

Cаят ТӘЛІПОВ, «Айтбай» шаруа қожалығының басшысы:

Осыдан 28 жыл бұрын елімізде азаттықтың таңы арайлап атқанда дүние есігін ашқандардың бірімін. Бұл сәйкестікті жақсылыққа балап, үнемі мақтан етіп жүремін. Тәуелсіздіктің құрдасы екенім ерекше жауапкершілік жүктейді. Ол алдымен – өз Отаныңның патриоты болудан, еліңе қалтқысыз қызмет етуден басталады. Осы жолда «Айтбай» шаруа қожалығын ашып, 10 жылға жуық уақыт Ұлытау ауданының халқын қазақтың ұлттық өнімдерімен қамтамасыз етіп келемін. Ауыл адамдарын жұмыспен қамтып, ел экономикасын көтеруге ат салысқым келеді. Әрине, атқарылуы тиіс істерді бір адамның жүзеге асыра алмайтыны рас. Жастарды ауылды көркейтуге, бірге жұмылып, нақты істермен айналысуға шақырамын. Алға қойған жоспарымыз жетерлік. Қалғанын уақыт көрсетеді.

Ислам БОЗБАЕВ, дзюдодан спорт шебері:

– Тәуелсіз еліміздің тарихында қарағандылық спортшылар байрақты бәсекелерден құр қайтып көрмепті. Азия ойындарында қарағандылық спортшылар 11 медаль тақты. Конфедерация кубогін қарағандылық дзюдошылардың ұтуы да бекер емес. Бұл – талант пен еңбекқорлық ұштасқан кездегі биік көрсеткішке ие болудың көрінісі.

 Бүгінде облысымызда дзюдоның даму қарқыны төмендеген жоқ. Біздерді үлгі тұтып, жеңіске жетеміз деп құлшынып тұрған ізбасарларымыз да аз емес. Сондықтан, тәуелсіздікке тартуымыз – туған елдің байрағын биікке көтерумен шектелмейді. Біз үшін бағындырар белестер мен алар асулар әлі алда.

Әзірлеген Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button