Тәуелсіздік: болашақты басқару

Бұрындары болашақты болжау бос әурешілік деген ой басым болған. Ертеңіне сенімін арттыру үшін көбіне кешегісін үңіле зерттеген. Ал, бүгінде адамзат өзі басқара алатын болашағын алдын ала айқындап, бәрін бағындыра алмаса да, барынша тырысып бағуда. Ғылым мен технологияның дамуы адамзат алдындағы біршама күрделі проблемаларды шешіп, тарих ағынын жеделдете түсті. Әйтсе де әр төбенің өз ойпаңы бар, заманына қарай талабы да күрделене түспек. Тәуелсіздіктің арқасында біз жаһанның жаңалықтарымен беттесуге мүмкіндік алдық. Тәуелсіздік бізге өз болашағымызды өзіміз басқаруға жол ашты.

ТАЯУДАҒЫ ТАРИХ

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде қалыптасқан жағдай көптеген елдердің қарқынды дамуына жол ашты. Қоғам және мемлекет істерін реттеуде батыстың бастамасы арқылы қалыптасқан жаңа жүйелер адамның тұрмысын жақсартып, өмір сапасын анағұрлым арттыруға мүмкіндік туғызды, сөйтіп, адами өлшемдердің жаңа белестері бой көтерді. Белгілі бір жалпыәлемдік жаңа стандарттар пайда болды. Ол стандарттардың енуі мен орындалуын бақылайтын халықаралық ұйымдар құрылды. Халықаралық саясиэкономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған ережелер бекітіліп, тиісті құрылымдар іске қосылды. Гуманитарлық салада жаңа ұғымдар мен түсініктер орнықты. Осының барлығы адам өмірінің жаңа мәдениеті қалыптасуына себеп болды. Орнаған экономикалық ахуал адам мүмкіндіктерін барынша ашуға қолайлы жағдайлар туғызды. Адам (тұлға) мен қоғамның құқықтарын қорғау күшейіп, мемлекеттің жауапкершілігі артты. Жаһанданудың лебі жақындап, орныққан жабық жүйелер дағдарысқа ұшырады. Бірқатар елдер өз тәуелсіздіктерін жариялады. Олардың қатарында, сан ғасырлар бойы азаттыққа ұмтылған Қазақстан да бар еді…

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ДҮМПУ МЕН ДАҒДАРЫС

Соңғы бірнеше онжылдықта адамзат баласы бұрын болмаған өсімді бастан өтке ріп жатыр. Адамның өмір жасы ұзарып, жаңа әлеуметтік заңдылықтар қалыптасуда. Бүгінгінің бұл ерекшелігі адам тіршілігінің барлық саласына өз әсерін тигізуде. Деректерге сүйенсек, өткен ғасырда жер бетіндегі адам саны төрт есе өсіп, ал орташа өмір жасының ұзақтығы екі есе артқан. Білімге, денсаулық сақтау жүйесіне, жалпы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік еселенген. Бүгінде кеңінен етек алған ғаламдық үрдіс – адамның өмір жасының ұзарып, ал туу көрсеткіштерінің төмендей түсуі салдарынан бірқатар ұлттардың қартая бастауы. Ол өз кезегінде әлеуметтік жүйеге қосымша салмақ салып, адамның экономика дамуына қатысуының жаңа жолдарын іздестіруге итермелеуде. Қазір көптеген елдер зейнет жасын ұлғайтып, сырттан арзан жұмыс күшін тарту мәселесін егжей-тегжейлі қарастыруда. Ал, кедей елдерде, керісінше, орта жас мөлшері төмендеп, тұрғындар саны артып, жұмыссыздық пен әлеуметтік тұрақсыздық адамдарды қоныс аударуға мәжбүрлеуде.

Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамынша, 2100 жылы жер шарында орташа есеппен 11,2 миллиардқа жуық адам өмір сүреді екен. Осы болжамдарға сүйенсек, 2100 жылы Германия тұрғындарының саны жобамен 25%-ға азайса, Пәкістан халқы екі есе көбеймек. Сарапшылардың пікірінше, Еуропа елдері халқының саны алдағы жылдарда кеми түспек. Ал, көршіміз Ресейде адам саны бұл кезде 18,7%-ға азайып, 60 жастан асқан азаматтар саны бүгінгі 20%-дан 27,5%-ға дейін ұлғаймақ. 2050 жылы халықтың саны жағынан Үндістан елі Қытайдан асып түспек. «Жалпы, Азия аймағы адамдар санының өсуімен ерекшеленеді» дейді ғалымдар. Дей тұрғанмен, нағыз демографиялық дүмпу Африка елдерінде болмақ. Ғасырдың аяғына қарай бұл континенттегі тұрғындар саны 3-4 есе көбейіп, 5,6 миллиардқа дейін жетуі мүмкін.

Тақырыпты тарқатыңқырай түссек, мамандардың есебінше, бүгінгі күні әлем тұрғындарының 46%-ы халық санының өсуін қамтамасыз ете алмайтын, туу көрсеткіші төмен елдерде тұрады. Бұл жалпы жер тұрғындарының қартаюына алып келеді.

Сонымен қатар, кейіннен шыққан зерттеулер жер шарының санын күрт азаю күтуде дейді. Мәселен, британдық «Ланцет» журналында жарық көрген бірқатар америкалық сарапшылардың болжамында 2064 жылы адамзат саны 9,7 миллиардқа жетіп, ары қарай қысқара бастайды делінген. Ғасыр соңына қарай Жер бетіндегі адамдар саны 8,8 миллиардты құрайды дейді ғалымдар.

Қазақстанға келсек, тәуелсіздік жылдары адамның орташа өмір жасы ұзарып, 70-тен асып жығылды. Жоғарырақ келтірілген БҰҰ-ның сарапшыларына сенсек, 2100 жылы бұл көрсеткіш 80 жасқа жетпек, ал Қазақстан халқының саны 24,7 миллион болады.

Әрине, бұл болжамдардың іске асуы немесе асып түсуі жүйелі жұмысқа байланысты екенін естен шығармаған жөн. Шиеленістер мен түрлі әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты ауқымды көші-қон орын алған жағдайда қабылдаушы елдердің ішкі демографиялық, діни әрі мәдени картасы қаншалықты алашұбарлануы мүмкін екенін елестету қиын емес. Бұндай үрдіс өзімен бірге көптеген әлеуметтік, құқықтық және тағы да басқа қауіп-қатерлер алып келетінін тарихтан білеміз. Еуропаның бүгінгі көрінісі – осының айшықты дәлелі. Осы орайда кейбір ғалымдардың адамзат тарихындағы кезекті «ұлы көш басталды» деуі қисынды. Бұл бағыттағы болашақ үрдістер құрлықтың кіндігінде орналасқан Қазақстан үшін аса маңызды.

ЗЫМЫРАҒАН ЗАМАН

Ғылым мен техника дамуының жаңа кезеңі адамзат алдынан бұрын-соңды болмаған, тіпті армандап көрмеген дүниелерге жол ашты. Науқастарды емдеудің, дерттің алдын алудың сан алуан жаңа түрлері ойлап табылуда, тіпті, биороботты техника саласы көз алдымызда өрістеп, даму үстінде. Көлік-қатынас, байланыс пен коммуникация, бейне-фототүсірілім жүйелерінің революциялық шешімдері экономика, тәртіп сақтау, қорғаныс сияқты салалардың мүмкіндіктері аясын барынша кеңейте түсті. Азық-түлік мәселесін ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа шешімдер арқылы реттеу кеңінен қанат жаюда. Ғарыштық технологиялардың әлеуетін пайдалану, міне, Қазақстанда да қолданысқа ене бастады, бұл – ел дамуының мүлде басқа сапалы деңгейі. Ал, смартфон, интернет және мобильді қосымшалардың бірігуі қоғамдық қатынастардың жаңа қырларын аша түсуде. Осындай құрылғысы бар адам қазір бір өзі бір теледидардың міндетін атқара алады. Бұл мүмкіндіктердің азаматтық қоғамның дамуына да тигізер әсері мол. Адам, қоғам және мемлекет арасындағы қалыптасқан ұғымдар мен қатынастардың осы арнада жаңа дүниелермен толығуы күн тәртібіне шығып отыр. Білім беру, түрлі қызмет көрсету, ақпарат жеткізу, тіпті уағыздау мен насихаттаудың өзі жаңашылдыққа толы.

Ғалымдардың пайымдауынша, осынау ауқымды өзгерістер бұдан да жедел қарқынмен жалғаса бермек. Қазір бүкіл жаһан желіге қосылуда.

Алдағы уақытта тоңазытқыштар, жолдар, киім-кешек, т.б. сияқты елу миллиардтай зат интернетке қосылады. Ақпараттардың жылдамдығы мен саны барынша артқан заманда «ауқымды әрі күрделі мәліметтерді» тиісті сұрыптау мен сараптау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін жүйелер ойластырылып, іске қосылуда.

Осылайша, жаңа дәуірде жасанды интеллект технологиялары шешуші рөл атқармақ.

Айта берсең, адамзат дамуының шексіздік қақпасы ашылғандай. Осы өзгерістердің ерекшелігі – уақыттың жеделдеуі және адамның қатысуының азаюы. Мәселен, сандық технологиялардың дамуы мен интернеттің кең етек жаюы қала мен ауыл арасындағы ақпараттық алшақтықты айтарлықтай кеміткені біздің елде анық байқалады. Сонымен қатар, хат-хабар алмасудың дәстүрлі жүйелері қазір дағдарысқа түсіп, адамның атқарып келген көптеген қол жұмыстары қажетсіз болып қалуда, яғни, ол жұмыссыздық туғызуда. Бірақ, жаңа кәсіптер мен мамандықтар да пайда болып жатқанын айтқан жөн. Мәселен, ақпарат саласында әлеужеліні аузына қаратқан блогер деген жаңа кәсіп. Сонымен қатар, ғалымдардың пайымдауынша, жаңа заманда шығармашылық кәсіптер мен ой қозғау саласы ерекше қажеттілікке ие болады. Жаңа зымыраған заман әкелген осындай өзгерістердің оң-теріс салдарына біз де дайын болуымыз керек.

СЕНІМ МЕН САНАНЫҢ СЫН САҒАТЫ 

Әлем бойынша дін саласында күрделі құбылыстар орын алып жатқаны мәлім. Мәселен, ғалымдардың айтуынша, қазір атеизм күш алуда. Халықаралық «Гэллап» зерттеу орталығы жүргізген сауалнама нәтижесі көрсетіп отырғандай, 2005 пен 2011 жылдар аралығында өздерін қандайда бір дінге сенетіндердің қатарындамын деп атаған адамдар саны 77%-дан 68%-ға азайған. Осылайша, сарапшылар әлемдегі нағыз атеисттер үлесі 13% деп пайымдайды. Ал, «Pew Research» талдау орталығының 2015 жылы жүргізген сауалнамасы бойынша әлемдегі атеисттер үлесі 16% көлемінде.

Ғылыми тұрғыдан алғанда, діннің тартымдылығының маңызды себебі – адамның бойына қауіпсіздік, тұрақтылық, әділеттілік сенімдерін ұялатуы. Сәйкесінше, кейбір сарапшылар осы құндылықтарды барынша қамтамасыз ете алған әлеуметтік-экономикалық әрі саяси-құқықтық тұрғыдан тұрақты елдерде діндар адамдар саны төмен деңгейде болады деп санайды. Бұл жалғыз себеп болмаса керек, ал, келтірілген тұжырыммен келісу-келіспеу – әркімнің өз құқы.

Дей тұрғанмен, бүгінгі күннің осы саладағы өткір мәселесі дін жолын ұстану-ұстанбауда емес. Оның келеңсіз жағы сол, әлдебіреулер дінді жамылып, халықтың үрейін туғызып, өзіндей жандардың, оның ішінде қаны бірдің қанын төгуде. Діни, жалпы қандай да болсын көзқарастардың радикалдануы сырт дүниеге объективті көзқараспен қарауға кедергі келтіреді. Бұл дерт бір ғана ұлтқа немесе дінге қатысты емес, бұл – жалпыға ортақ проблема.

Әрине, жер бетін жайлаған жаһандану мен ақпараттық ашықтықтың бұл жағдайға қосқан үлесінің жоқ емес екені анық. Коммуникация саласындағы бүгінгі технологиялар бұл тұрғыда мемлекеттік шекара ұғымдарын жоққа шығармаса да, көмескілеуде. Ал, бірақ, кейбір елдер сияқты сыртпен қарым-қатынасты үзу – біз үшін құрдымға апарар жол.

Жаңа нәрсені жат немесе жақсылық деп қабылдаудың сыры неде? Ілгері басудың ине ілерлік тұтқасын табу «қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегеннің кебі іспеттес. Бүгінгі сан алуан ағындардың арасында адастырмайтын анық амал – ұлтыңның, еліңнің тарихына терең бойлау. «Атадан балаға аманат» қазақ үшін қашанда қастерлі болған. Осынау ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан құндылықтардың бүгінде құны қаша бастағаны көңілді алаңдатады. Яғни, біз болашағымыздың баяндылығын терең тарихымыздан алынған өз түпкі құндылықтарымызды кең дәріптеу арқылы қамтамасыз ете аламыз. Жүректі жаралап, сананы улайтын өгей дүниелерге қарсы ұлттық иммунитеттің күшеюі, түбегейлі қабылдамаушылықтың жетілуі маңызды болмақ. Тәуелсіздіктің арқасында «Мәдени мұра» бағдарламасы сияқты бірталай бастамалар көтеріліп, ұлттық жадымыз жаңғыра түсті. «Мәңгілік ел», «Ұлы дала» идея-ұғымдары ұрпақтың санасына сіңірілуде. Биыл Ұлытау өңірінде қазақ хандарының арғы атасы, мемлекеттілігіміздің іргесінде жатқан Ұлық Ұлыстың негізін қалаушы Жошы ханға арналып тұрғызылған тарихи-мәдени кешен осының тағы бір нақты айғағы. Сөз жоқ, бізге ауызбіршілігімізді нығайтуға күш салу керек. Алда атқарылар шаруа шаш-етектен.

ЖЕТІСТІК ЖОЛЫ

Жыл басында жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады» деп баса айтты.

Шын мәнісінде, мемлекеттік маңызы бар істе сәттілікке ғана иек артып, тоқмейілсуге орын жоқ. Жоспарлы жұмыста жетістікке жету сыры – тағылымы мол тәжірибе мен келешекті ойға қонымды кейіпте кескіндеу қабілеті. Осы ретте біздің алдағы келешекке бұлайша көз жүгіртуіміз – Қазақстанда әлдеқашан қабылданған құжаттардың сығымдалған көрінісі ғана. Қазақстан өз тәуелсіздігінің болашағын алғашқы жылдарынан бастап-ақ баяндауға кіріскені баршаға мәлім. «Қазақстан – 2030» және «Қазақстан – 2050» стратегиялары халықаралық, аймақтық және де ұлттық ерекшеліктерді, олардың болашақ бет-бейнесін байыптап, терең зерделеу арқылы ел дамуының бағдарлы бағыттарын айшықтады.

Әлемдік үздік үлгі бойынша университеттер, дарынды балаларға арналған арнаулы мектептер ашу, жалпы мектептердің бүгінгі жабдықталуының жоғары деңгейі, озық технологияларды игерген емханалар мен ауруханаларды іске қосу, жастарымызды арнаулы бағдарлама арқылы шет елдердің ең үздік оқу орындарына жолдау сияқты көптеген ауқымды істердің негізінде ұлтымыздың өз болашағын өзі басқара алатын қабілетін арттыру ниеті жатқаны анық.

Әрине, кей мәселе жөнінде кешегі келеңсіздік пен еңселі ертеңгінің арасындағы тартыстың бүгін жүріп жатқанын естен шығармаған абзал. Алайда, барып орнығар орныңды алдын ала ойластырмай, атқарған істің бәрі бекер. Олай болса, бүгінгіңді келелі келешектің келбетін елестете отырып кескіндеу, оның жарасты түрде жалғасуын ойлау жоғары жауапкершілікке негізделген биік бағдар болып қала бермек.

Абзал НҮКЕНОВ, саяси ғылымдарының кандидаты, облыс әкімінің орынбасары.