Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап

Биыл – Алаш баласын шексіз қуанышқа бөлеген, арманымызды ақиқат еткен, іргелі ел, дербес мемлекет екенімізді əлемге жария қылған Тəуелсіздігіміздің ордалы 30 жылдық мерейтойы.

Еліміз осы ширек ғасырдан сəл асатын қысқа мерзімде Ұлы даланың зеңгір көгіндей көк Туымызды көкке көтеріп, елдіктің көшін түзеп, жүзжылдықтардың еншісіндегі тарихи үдерістерді абыроймен өткерді. Тəуелсіздіктің əрбір таңын қуана қарсы алып, əр күнін қажырлы еңбекпен, еңселі ерлікпен өрнектеген Қазақстан жаһан жұртшылығына алуан ұлысты бір шаңырақта ұйытқан жерұйық мекен ретінде танылды.

Қазақстанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, жалпыхалықтық оқуға «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы ұсынылды. Акцияның көздегені халық әдебиетін қолдау, мирас боп қалған тарихи және мәдени мұраны сақтау, XXI ғасырдың жастарына осы кітаптар арқылы тіліне деген, жеріне деген патриоттық сезімдерін оятып, өткенін саралап болашаққа деген көзқарастарын дұрыс бағытқа бұру болды. «Сыры кетсе де сыны кетпеген» осы ұсынылып отырған кітаптардан келер ұрпақ үйренетін де, үйрететін де мағлұматтар көп екендігіне кәміл сенемін. Көненің көзі бола тұра, болашаққа жол ашқан танымал жазушылардың кітаптары, жас ұрпақтың рухани дамуына үлес қосары сөзсіз. Қазақстанның кітапханаларында «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» акциясына қатысты көптеген іс-шаралар өткізіліп, Қазақстан жазушыларының және шетел жазушыларының шығармалары оқырмандар назарына ұсынылуда.

2021 жылы республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы 30 үздік шығармасы жалпыхалықтық оқуға іріктелді.

Поэзия бойынша: Мұқағали Мақатаев «Өмірдастан», Жұмекен Нәжімеденов «Менің Қазақстаным», Ұлықбек Есдәулет «Киіз кітап», Серік Ақсұңқарұлы «Көкейімде Күлтегіннің жазуы», Тоқтарәлі Таңжарық «Түн парақтары», Бақытжан Қанапиянов «Достояние души». Проза: Тынымбай Нұрмағамбетов «Періштелердің өлімі», Тобық Жармағамбетов «Отамалы», Сәуле Досжан «Қасірет пен тағдыр», Юрий Серебрянский «Дәмді де пайдалы қазақстандық әдебиет», Даурен Қуат «Бөрісоқпақ», Тұрысбек Сәукетай «Желқайық».

Сонымен қатар, орыс жазушылары мен шетел жазушыларының шығармалары ұсынылды.

Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы, ғылымның қайнар бұлағы, білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбиелік құрал. Әлішер Науаи: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Денри Дидроның: «Адамдар кітап оқуын қойса, ойлауын да қояды» деген сөзі бар. Толстой өз кезегінде: «Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей» деп пікір білдірсе, Абай атамыз: «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп тұжырымдайды. Әрине, мұндай керемет теңеулерді келтіре беруге болар, бірақ соңғы уақыттары адамдар осындай жан азығынан, рухани байлықтан қол үзіп бара жатқанын мойындауымыз керек.

Бүгінгі заманда кітапсіз, кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Сонымен қатар, мемлекет басшысы «Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды» деді.

Құрметті оқырмандар, Сіздерді кітапхана қорындағы акция аясындағы және «Президент ұсынған 30 кітап»: әлем және қазақ әдебиеті, публицистика, ғылыми-танымдық жанрлардағы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы әдебиеттермен танысуға шақырамыз!

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА.

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button