Басты тақырыпЖаңалықтар

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы – жолда

    Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арнайы шығарылған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызын қарағандылықтар шашумен қарсы алды.

Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 25 жылдығы әрбір қазақстандық үшін мерейлі мереке. Уақыттың жаңа есебін бастаған осы жылдар ішінде үлкен жоспарларға, іс-шараларға, толағай табыстар мен жемісті жетістіктерге жол ашылды, ширек ғасыр аралығында алға үлкен серпіліс жасалды. Қазақстан әлемдік саясатта өзіндік орны бар Еуразиядағы басты мемлекеттердің бірі. Бірлігі жарасқан тәуелсіз еліміздің ауызбіршілігі арқасында мемлекеттік құрылымының сапалы да, жаңа кезеңіне шыққан заманауи, мықты мемлекетке айналдық, – деді, Арқа жеріне ат басын тіреген делегация құрамын қарсы алып, құттықтау сөз сөйлеген Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров.

Бүгінгі таңда елдің мерейін өсіріп, халықтың бірлігін нығайту жолындағы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған әр түрлі шаралар өткізілуде. Осындай іс-шараларға белсене ат салысып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Астана қаласынан шыққан пойыз өзінің бағытын Қарағанды жерінен бастап, 43 күн бойы еліміздің барлық өңірлеріндегі 35 елді мекенде аялдама жасайды және өз жұмысын 14 желтоқсанда Алматы қаласында аяқтайды. Айта кету керек, республикалық шараның негізгі мақсаты – Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстарды халыққа таныстыру, «Мәңгілік ел» идеясы төңірегінде жұмылдыру, жастардың елін, жерін сүюге деген сезімін нығайту, мемлекет дамуының басты қағидаттары аясында қоғамды біріктіру, әлеуметтік және мәдени іс-шаралар өткізу, сонымен қатар, ең бастысы – тұрғындарға дәрігерлік, әлеуметтік, құқықтық қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салалар бойынша кеңес беру.

Осындай ізгі ниетпен жолға шыққан 7 министрліктің, 3 ұлттық компанияның өкілдерін қарсы алуға Ұлы Отан соғысының ардагері, 94 жастағы ақсақал Бүркіт Есжанов та келді.

25 жыл тарих үшін қас қағым ғана сәт. Сол сәттің өзінде еліміз алға үлкен қадам басты. Бұл – ерен еңбегіміздің арқасы. Біз кеудемізді кернеген қуанышпен Қазақстанның ұлы жетістіктері туралы мақтанышпен айта аламыз, – дейді ардагер.

Делегация құрамында 271 адам бар, олардың арасында 70-тен астам жоғары біліктілікті медицина саласының мамандары тұрғындарға кеңес берді. Бұл, әсіресе, жердің шалғайлығынан, білікті маманның жоқтығынан ауруларына шипа таппай отырған шалғайдағы ауылдықтар үшін таптырмас көмек болатыны рас. Қарағандыда пойыз екі тәулікке аялдады. Бағдарламасында жеке қабылдаулар, білім, медицина салалары, әлеуметтік қамтамасыз ету, құқықтану салалары бойынша кеңестер беру бар. Акция барлық әлеуметтік топтарды қамтып, тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне, ҰОС ардагерлеріне, шалғай елді мекен тұрғындарына ерекше назар аударылды.

2 қараша күні Қарағанды қаласы әкімшілігінің ғимаратында делегация мүшелері, Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері және тұрғындарды жұмыспен қамту орталығының мамандары Мемлекеттік бағдарламалар жұмысын түсіндіріп, әлеуметтік және жұмысқа орналастыру бойынша кеңестер берді. Жылжымайтын мүлік, жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы айтылып, түсіндірілді.

Оралмандардың көкейлерінде жүрген өзекті мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Олар азаматтық алу, уақытша тұрғылықты жерлері бойынша тіркелу, балаларының білім алуы және мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үй алу мәселесі бойынша толғандырған сұрақтарға жауапты осы жерден алды.

2-3 қараша күндері аралығында жетекші медицина мамандары №3 емханада және облыстық балалардың клиникалық ауруханасында қабылдау өткізді.

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызының құрамында биылғы жылы үшінші елімізді аралап келемін. Бұл шалғай өңірдің тұрғындары үшін аса қажетті, тиімді акция. Біз дифференциалды диагностика өткіздік, бірқатар нұсқаулар бердік – дейді медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты пульмонолог, алматылық дәрігер Мира Ахметжанова. Пойыз құрамында невропатолог, кардиолог, окулист және аллерголог сияқты тар шеңбердегі медицина мамандары да бар.

Тұрғындар «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында болуға мүмкіндік алды. Толғандырған сұраққа жауап алуға келгендерге прокурорлар, министрлік өкілдері және ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков жеке қабылдау жүргізді. Қабылдауға болғандардың көтерген мәселелері де әр түрлі. Сот орындаушыларының әрекеттеріне, облыстық ІІД тергеу органының жұмысына шағым, азаматтық істер бойынша сот шешімдерімен келіспеушілік, мемлекеттік қордан тұрғын үй алу мәселелері, кезектің баяу жылжуы, яғни, бүгінде жиі кездесіп отырған мәселелер басты назарда болды.

Сонымен қатар, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының делегациясы Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетінде және Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінде болып, оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті. Достық үйінде жұртшылықпен кездесіп, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тарихы – Ұлт рухының өлшемі» тақырыбында дәріс оқыды.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button