Төрт мықты тартысады
Әлем чемпионаты қателікті кешірмейді. Келген мүмкіндікті пайдаланбасаң, қайта қайтып келуі екіталай. Дегенмен, футболшылардың жағдайын футболсүйер қауым жақсы түсінеді. Бұл жер күнделікті ойнап жүрген ойын алаңы емес. Оларға артылған жүк ауыр. Қысым да қатты. Ширек финалда Марокко мен Португалия арасындағы матчта күтпеген нәтиже тіркелді. Ал, Хорватия құрамасы осымен төрт кездесуді тең аяқтап, үшінші мәрте жартылай финалға жолдама алған команда болып тарихта қалды. Алда – жартылай финал.
Хорватия – Аргентина
Хорватия мен Бразилия құрамасы 2014 жылғы әлем чемпионатында бір топта өнер көрсеткен. Сол жылы 3:1 есебімен бразилиялықтар қарсыласын қапы қалдырған. Бұл жолы да дәл сондай ойын өрнегін күтіп еді жанкүйерлер. Алғашқы таймда хорватиялықтар қорғаныста ойнады. Ал, бразилиялықтар алаңына жан жуытпады. Әдетінше допқа иелік етіп, қарсыластарын қыспаққа алды.
Қазір хорватиялықтардың шашасына шаң жұқпай тұр. Ал, осы команданы жеңетін бір құрама бар десек, бұл – Бразилия. Бразилиялықтар бұған дейін Оңтүстік Корея құрамасын тас-талқан етіп, үйіне қайтарған-тын. Дегенмен, Бразилия жанкүйерлеріне ұнамайтын басқа бір статистика бар еді. Олар 1998 жылдан бері бес мәрте плей-офф кезеңінде жеңіліп қалған. Бесеуінде де оларды еуропалық команда тоқтатқан. Соңында күдік – теріс шықты.
Қос команда негізгі уақытта тең ойнап, соңы қосымша уақытқа ұласты. Экстра-таймның алғашқы минутында Бразилия құрамасы сапынан шабуылшы Неймар өзі шабуыл ұйымдастырып, өзі гол салды. Алайда, олар тоқмейілсіп қалды ма, қайдам. Босаңсып кетті. Ал, хорватиялықтар құдды осы сәтті күткендей. «Гол соқтырып алып, артынан өздері салатын» әдісіне басып, қарсылас қақпасын торуылдады. Тіпті, бас бапкер Златко Далич қорғаушыны шабуылшыға ауыстырып, тәуекелге бел буды. Ойынның бітуіне санаулы минут қалғанда шақпақ жейделілер есепті теңестірді. Пенальти сериясында Хорватия бразилиялықтарды 4:2 есебімен жеңіп, еліне қайтарды.
Нидерланд пен Аргентина арасындағы ойын – тартысты өтті. 2014 жылғы әлем чемпионаты қайта қайталанғандай. Қос команда сол жылы жартылай финалда кездесіп, ойын пенальти сериясына дейін созылған. Нәтижесінде пенальтиден аргентиналықтар қарсыласын қапы қалдырып еді. Бұл жолы қос команда ширек финалда ойнап, аргентиналықтар сол жеңісін қайталады.
Содан бері сегіз жыл өтті. Сегіз жыл есе қайтарсам деген ой. Нидерландтықтар алғашқы таймда допқа иелік еткенімен, қорғанысын бұзып өте алмады. Аргентиналықтар 35-ші және 73-ші минутта гол салып, есепті еселеп еді. Нидерландтықтар 83-ші минутта есеп алшақтығын қысқартып, қосымша уақытта таразы басын теңестірді. Жеңіліп жатқан жерінен есепті теңестірген нидерландтықтарда үміт пайда болды. Бірақ, ойынның тағдырын пенальти сериясы шешіп кетті.
Сауд Арабиясы құрамасымен ойнаған кез аргентиналықтарға сабақ болса керек, қайта түлеп шыға келді. Екінші голдан кейін бұлар да босаңсып кеткен сыңайлы. Соңғы 20 минутта өткізіп алған екі гол аргентиналықтардың сағын сындырмады. Керісінше, жігер берді. Пенальти сериясын 3:4 есебімен тәмамдап, келесі кезеңге жолдама алды.
Франция – Марокко
Ағылшындар мен француздардың ақтық кезеңде емес, ширек финалда кездескені жанкүйерлерге қиынға соқты. Екеуі де чемпион болуға лайық. Ширек финал демесеңіз, екеуінің ойыны финалдық ойынмен пара-пар. Бұған дейін екеуі әлем чемпионаттарында бастары түйіспесе де, Еуро-2016 чемпионатында, халықаралық жолдастық кездесулерде ойнаған. Статистикаға сүйенсек, қос команда арасындағы кездесу француздардың пайдасына шешіліп келген.
Ағылшындар топтық кезеңде АҚШ құрамасымен тең ойнады демесеңіз, басқа қарсыластарына кемі үш голдан салған. Бұл жолы шабуылы сойқан француздарға қарсы тұра алмады.
Ал, Марокко құрамасынан ешкім мұндай нәтиже күтпеді. Топтық кезеңде 2018 жылғы әлем чемпионатының финалистері Хорватиямен тең ойнап, испаниялықтарды 1/8 финалда жолда қалдырды. Ойынның тағдырын бірінші таймның соңында салған Юссефер Эн-Неиридің голы шешіп кетті.
Португалиялықтар бар күшін салды. Барлық статистика жағынан басым болды. Тіпті, екінші айналымда қарсыластардың аяғына доп та берген жоқ, соққы да жасады, шабуылды да ұйымдастырды. Бірақ, Марокко құрамасының қорғанысын бұзып өте алмады. Есепті тең ұстап, ойынды созуға болушы еді. Алайда, соңғы минутқа дейін тырысқанымен, ештеңе шықпады.
Марокко құрамасы азулы қарсыластарын жеңіп, рухтанды. Енді, оларды оңайлықпен ешкім де тоқтата алмасы анық. Олардың жартылай финалдағы қарсыласы – Франция.
Ербол ЕРБОЛАТ.