Бас тақырып

Төрлет, Төртінші билік!

Өркениеттен бас тартқыңыз келе ме?! Газет пен журнал оқымаңыз. Теледидар көрмеңіз. Радио тыңдамаңыз. Нақты ақпаратқа сүйенбеңіз. Қазіргі күннің су жаңа қарғысы не десеңіз. «Жаңалықтан жұрдай болыңыз!» дер едік. Журналист. Жоғалғанның жоғын іздейтін, әлемнен әділет күтетін, қоғамның қордаланған дүниесіне дегбірсізденіп, бірінші болып дабыл қағатын, ең керегінен айырылып қалса да, еліне жерұйық іздеп жүретін, идея үшін жанын беруге даяр парасат майданының марғасқасы, ақпарат абаданы.

 

«Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үрдістер туралы өз көзқарасы болуы тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған байланысты. Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік құруға ерекше назар аударады. Сұранысқа ие және мықты медиа билік пен халық арасындағы тиімді коммуникация арналарын ұсына отырып, БАҚ көкейкесті мәселелерді көтере алады және көтеруі керек. Бірақ мұны үлкен азаматтық жауапкершілікпен жасау қажет. БАҚ-ты Төртінші билік деп бекер атамайды, сол себепті сіздерге адамдардың санасы мен жүрегіне әсер еткенде сақ болған жөн», – деді Қазақстан Президенті.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен патша да, пақыр да «аяғын тартыңқырап» тұратыны аян. Осындайда Наполеонның «Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден, төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор» дейтінін еске түсірсеңіз, жеткілікті болғандай. Адамға да, қоғамға да ықпал ете алу үшін қандай болмақ керек?! Кез келген ұлттың көшін алға сүйреп, танымын арттыратын ағартушылары болады. Солардың бірі Алаш арысы ер Міржақып «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді, яки қай жұрт өнерлі болса, сөзсіз оның баспасөзі күшті болатыны айдай анық» деп журналистиканың маңызын атап айтқан еді. Арыстан артық айтпаймыз.

Қазір ақпарат – айдан жарық, күн сәулесінен жылдам. Адамды ақпарат басқаратын ғасыр. Мезет сайын қолыңыздағы ұялы телефоныңыздың ернеуіне меймілдеп толған түрлі ақпардан көзіңіз қарығып, құлағыңыз жаңғырады. Қым-қуыт қоғамның қым-қиғаш оқиғаларының аражігін ажыратып, қайнаған өмірдің өзегін суырып беретін журналист бейнетінен артық не бар?! Задында журналист болу тағдыр шығар. Талай жанға тілек етпес таңғажайып талайлы жазмыш. Сергелдеңі сегіз сағатпен шектелмейтін, ерен еңбегінің құны өтелмейтін таңдаулы жандар бұлар. Қаламына қанат біткен қаһармандар! Демократия халықтың мойнындағы тұмар болған болса, баспасөз тұмардың ішіндегі дұғасы іспеттес. Ең мықты журналист – нағыз демократ. Ең мықты демократ – нағыз журналист. Төртінші билік өкілінің халықтан өзге құбыласы жоқ. Ашпайтын есігі, баспайтын баспалдағы жоқ. Әлеуметтің жоқ-жітігін түгендеп жүрген жанкешті тілшілеріміздің әлеуметтік мәртебесі айқындалсын деген тілек қосамыз! Төрлет, Төртінші билік!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button