Жаңалықтар

Түркістан төрінде

Балқаш қалалық Ардагерлер кеңесінің демеушілігімен бір топ зейнеткер ер түріктің бесігі, киелі Түркістанға сапарлады. Көптің табаны тие бермейтін қасиетті жерден делегация ерекше серпіліп қайтты.

Танымға толы экспедиция сахаба Үкаша ата құдығынан бастау алды. Аға буын алдымен дұға бағыштау рәсіміне қатысып, кие тұнған, аңыз-әфсанаға толы құдықтан су алды.

Жобамен 25 метр тереңдіктегі құдыққа қауға тастап су алу екінің бірінің еншісіне жазылмаған екен. Үлкендерден естіген аңызға сенсек, біреулер құдыққа келiп, шелектi толтыра су алып қуанып қайтады. Енді бірі шелектi қайта-қайта тастап суға толтыра алмаған күйi таңданып немесе қанша ықтияттап тастағанымен даңғырап бос шыққан шелекке қапа болып ренжiп қайтады деседі.

Әйтеуір он сегіз мың ғаламды жаратқан Жаратушының құдіретінде шек бар ма?! Бұл жерде де бір тылсым күштің, құпияның жасырылғаны сөзсіз.

Құдықтан су алуға ниеттенген елдің қарасы қалың болады екен. Сондықтан балқаштық ардагерлерді күтіп алған гид мамандар сапарды осы жерден бастауға кеңес берді.

Іштей ырымдап, денге саулық сұраған үлкендер мөлдір судан дәм татқан соң тау бөктерінде тұрып тарихтан білгені, оқығаны жайлы әңгіме өрбітті.

Бір әттеген-айы, туристер жыл бойы ағылып жататын құдықтың маңайы жұпыны көрінді. Және осы тұста садақаға жиналған қаражаттың есебін кім жүргізеді екен деген сауал туындасын кеп…

Еліміз туризм саласын дамытуға мүдделі. Үкаша ата құдығы да – түрлі облыстардан, тіпті шетелден көптеген туристер келетін орын ғой. Сондықтан, құдықтың маңайын әдемілеп безендірсе, келген меймандарға қолайлы жағдай жасалса, жарасып-ақ кетер еді. Бұл, әрине, менің жеке пікірім, – дейді балқаштық ардагер Дәкен Шайкенқызы.

Балқаштық топ құрамы Үкаша атаның кесенесіне де ат басын бұрып, әйгілі сахаба рухына құран бағыштады.

Бұдан кейін киелі Түркістанға сапар Қожа Ахмет Яссауи мемориалдық кешенінде жалғасты. Кешен аумағы үлкен және ерекше абаттандырылған екен.

Тарих беттеріне үңілсеңіз, сопылық дінін уағыздаушы Қожа Яссауидің хикметтері бүкіл түркі әлеміне белгілі. Ол жақсылыққа, азды қанағат қылуға шақырып, жалған ақпар мен екі жүзділікті сынға алған.

XIV ғасырда салынған осынау бірігей сәулет ғимараты саналатын кесене Әмір Темірдің бұйрығы бойынша тұрғызылған. Әлемнің 27 мемлекетін жаулап алып, өз империясын құрған тұлғаның Қожа Ахмет Яссауиді ерекше пір тұтуының себебі – ол әулие хикметтерін оқыған және билеуші олардың көмегімен жеңіске жеткен деседі. 

Ардагерлер осы мазмұндағы ақпаратпен таныса жүріп, ұлы тұлғалардың рух-шәрібіне құран бағыштады. Кешен аумағында естелік суретке түсті.

Кесене ішінде мешіт, кітапхана, екі сарай залы, сағана, тұрғын бөлмелер, асхана, орталық зал — қазандық, құдықхана бар. Үймереттің оңтүстік жағындағы кіреберісінде – арка ойығы орналасқан. Оның екі жағына минареттер тұрғызылған. 

Тарихқа тағы бір шегініс жасалық. 600 жыл бойы кесенедегі кіші сарайдың ғимаратында ең құрметті кісілер жерленген, ал үлкен сарайда жиын өткізіліп тұрған, онда хан тағы және «асаймұса» бар. 

Ғимараттың алдыңғы жағында геометриялық және өсімдік сипатындағы ою-өрнектер салынған. Кесененің іші және сырты жазулармен әсемделген. Яғни, қасиетті Құран-кәрімнің 59, 60, 61, 62 және 63 сүрелері жазылған. Солтүстік порталдың алдыңғы жағында жұлдыздарға ұқсас 5 сегіз бұрышты өрнек бейнеленген. Сондай-ақ, кесенеде ту сақтаулы тұр. Ұзындығы – 96, 7 см., салмағы 5 келі екен. Ту бетінде «Ең даңқты сұлтан, патша, данышпан, билеуші, Әмір Темір» деп жазылған. 

Кесене алдында Есім ханның мазары орналасқан.

Ардагерлер қауымы көне шаһар, тарихы терең Отырар қаласының орнын көріп, Арыстан баб кесенесіне де бас сұқты. Ұлы тұлғаның рухына құран бағыштады. Кесенеде мешіт, құран оқитын жеке бөлмелер бар екен.

Арыстан баб Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ұстазы саналады.

Ал, Арыс өзенінің Сырдарияға құяр тұсында орналасқан Отырар қаласы – тарихта Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб атауларымен белгілі.

Қаланың орнында қазба жұмыстары көптеп жүргізілгені көрініп тұр. Отырарда аса бай кітапхана болған деген сөз бар. Оны оқып тауысқан ғұлама әл-Фараби керуенге ілесіп, Шаш, Самарқан, Бұхара, Бағдад сияқты мұсылман әлеміндегі ірі шаһарларға білім іздеп жол тартқан.

Бұл жерде кәдімгі өндіріс алаңы – қаланың бестен төртіндей бөлігін алып жатқан қарапайым халық пен қолөнершілер тұрағы, су құбырлары, кәріз желілер болғаны аңғарылады. Әттегені, ақын Мұхтар Шахановтың сөзімен айтсақ, «Ақыл-ойын жалындатқан, өнер, ғылым шамын жаққан,
ұлы қала Азияның маңдайына сыймады».

Ардагерлер қауымы Түркістан іргесінде орналасқан Гауhар ана кесенесіне де (ХІІ-ХІV ғғ.) зиярат қылды.

Гауһар ана – шайыр, ойшыл Қожа Ахмет Яссауидің қызы. Ол жайлы аңыз-әңгімелерге сүйенсек, әулие анамыздың емшілік қасиеті ерекше жан болған. Әлі күнге дейін ана кесенесінің маңында емдік қасиеттері бар артезиан суы шығатын құдықтар көптеп кездеседі. Сапар барысында бір құдықтың суынан дәм тату бізге де бұйырды.

«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан алынған деректерге көз жүгіртсек, Гауһар ананың ақылы көркіне сай ерекше жан болған-дүр. О кісінің қашан қайтыс болғаны жөнінде нақты мәлімет жоқ, тек 1122-1124 жылдары туып, шамамен 1187-1197 жылдары дүниеден озған деген жорамал бар.

«Әзірет Сұлтан» кесенесінде ұзақ жылдар мұражай директоры болған О.Дастанов ақсақалдың ел аузынан естіген аңызы бойынша, Гауһар ана қайтыс боларында «Мені інім Ибраһим шайхтың қаны төгілген жерге қойыңдар» деп өсиет етіпті. Аңызға сенсек, Ибраһимді Сүйір деген халық өздері қазған арықтан рұқсатсыз су алғаны үшін кетпенмен шауып өлтірген, яғни бұл Сүйір арығының жағасы болуы керек. Нақақтан-нақақ жаны қиылған бауырының қаны төгілген жерде Гауһар ананың да мазары жатыр.

Қожа Ахмет Яссауи мен Гауһар ана кесенесі арасында жерасты жолы бар деген әфсаналар да бар. Гауһар анамыз әкесі жерасты қылуетіне түскен кезде өмірден өтеді. Яссауи бабамыз қызының мазарына қылуеттен күн шуағына шықпай барып тұру үшін жерасты жолын салған дейді. Бірақ тарихи деректерде жерасты жолы туралы мағлұмат көп кездеспейді. Осы кесенеде қарауыл болып істеген қарияның басынан өткен оқиғасы Гауһар ананың емшілік қасиетінің мол екенін дәлелдей түседі. Келушілерді қабылдап, ана рухына құран бағыштап отырған ақсақал зиярат етушілерге өз басынан өткен оқиғаны былай әңгімелеп берді. Ертеректе еңбекпен түзету колониясындағы мектепте директор болып жұмыс істеген ақсақал кейін қатты ауруға шалдығады. Бауыр ісігінен зардап шеккен оның науқасы жанына әбден батыпты. Әрине, бұл кеселдің емі болмай талай адам өмірден өткені рас. Алайда, көрер жарығы бар екен, пенденің пешенесіне жазылмаған бұл науқастан айығу осы кісіге бұйырған. Науқасы жанына батып жүрген бір күндері түнде ұйықтап жатқанда түсінде аян беріледі. Оянғаннан кейін «Салу керек» деген сөз есінен шықпай қояды. Нені салу керек?! Өзі де білмейді. Сөйтіп жүргенде Гауһар ана зиратының басын мал таптап жатқандығын көреді. Маған берілген аян осы шығар деп баласының үйін сатып, сол қаржымен зираттың айналасын қоршап, басына шағын мазар тұрғызыпты. Бұл әрекетін Алла қабыл қылса керек, ақсақал ауруынан құлан-таза айығып кетеді. Содан бастап Нұрғали есімді қария осы кесене басына келушілерді қабылдап, шама-шарқынша оларға қолғабысын тигізеді, қарауылдық қызмет жасайды.

Аңыз-әңгімелерде Гауһар ананың баласы болмағаны баяндалады. Әкесі «Еміңнен жазылған адамдардың бәрі – сенің балаларың» деп қызын жұбатқан деседі.

Әсілі, Түркістан көне шаһар ғой. Қалада жатаған жер үйлер көп екен. Бір қуантарлығы, көше-көшенің бойындағы бизнес нысандарының атаулары қазақы мазмұнға бай. Және қала халқының сыпайылығына, еңбекқорлығына сүйсіндік. Облыс орталығының мәртебесін иеленген көне шаһардың кемелдене, ажарлана түсеріне сенім арттық.

Халқымыздың «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген сөзінің жаны бар. Көпшілік көзбен көргенін әр жерде айта жүреді. Балқаштық ардагерлер де сапарды ұйымдастырған қалалық Ардагерлер кеңесіне, төрағасы Тайтөлеу Жұмановқа алғаусыз алғыс білдірді. Түркістан жерінен рухтанып, көңілдері марқайып оралды. Қайтар жолда есімізге Мағжанның мына өлеңі орала берді, орала берді…

Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой.

Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен…

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,

Балқаш-Түркістан-Балқаш

Басқа материалдар

Back to top button