Басты тақырыпРуханият

Түркінің Наурызы – көктемнің Ән-уызы

Бектер мен бекзадалар елі – Еуропаға сапарлаудың сәті түсе кеткені. ЮНЕСКО-ның 70 жылдығы шеңберінде ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен өткен түгел түркінің ұлық мейрамы Наурыз мерекесіне қатысуға. Халықаралық деңгейдегі Наурыз мейрамы ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінен бас­тау алды.
…Сонау ХІХ ғасырда бабаларымыз ат суарған Сена өзені ерекше толқып, Эйфель мұнарасы теңселіп тұрғандай көрінді маған. Дүбір енген ежелгі шаһар – Парижге. Ат дүбірі… Иә, кешегі өр рухты түркінің жауынгер ұлдары ұрандап кіргендей… Жоқ, сазды әуеннің ырғағы. Ол да – дүбір. Әміренің әні! Иә, иә! Көне құрлықтың күңгірт аспанына асқақтай көтерілген рухты әуен! Әйтеуір, ескі жұрт – Еуропаның есі шыққан.
…Сенаны серпілтіп, мұнараны теңселдірген – өр рухтың мұратты мұрагерлері. Олар – ТҮРКСОЙ ұйымына мүше Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан республикаларының және Монғолия, Молдова, сондай-ақ, Ресей Федерациясы құрамындағы Алтай, Татарстан, Башқұртстан,  Тува, Саха-Якутия, Хакасия, Дағыстан елдерінің өнер шеберлері. Ұзын-ырғасы – 140-тан астам өнерпаз. Қазақстан делегациясы құрамындағы жалғыз журналист – менмін. Қадамымның да, қаламымның да жүгі – ауыр, сондықтан.
Жорға қаламның жолжазбасын газетіміздің ілгерідегі сандарында талғамдарыңызға таралғы етерміз, әзірше, түркі Наурызының Еуропаны елең еткізген ән-уызы хақында әңгімелеп көрелік.
Ерсін МҰСАБЕКОВ,
«Орталық Қазақстан»
Эйфельдің мұнарасын теңселдіріп…
Жылына 80 миллион турист келіп, көне Еуропа мәдениетінің жауһарына жанарын суаратын Париж жұртшылығына таңдай қақтыру оңай деп кім айтты, Сізге?! Алайда, осы жолы тамсанып таңдай қағып, таңданып бас шайқады көне Париж. Түбі бір түркі әлемінің өрелі өнеріне!
…Естеріңізге сала кетейік, Наурыз мейрамы тұңғыш рет ЮНЕСКО сахнасында 2010 жылы тойланған. Халықаралық  ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүй­сен Қасейіновтің бастамасымен. Міне, салтанатты көш араға бес жыл салып, бектер елінің белдеуіне ат байлады. Бұл жолы да думанды көшті жерлесіміз Дүйсен Қорабайұлы бастап барған.
…ЮНЕСКО штаб-пәтерінің атшаптырым залы. Ине шаншар жер жоқ. Теңіздей толқыған көрерменнің көбіне орын бұйырмай, аяғынан тік тұрып тамашалады.
Салтанат шымылдығын ЮНЕСКО жанындағы Бүкіләлемдік мұралар орта­лы­ғының директоры Кишор Рао мырза құттықтау сөзімен ашты.
– Наурыз – бейбітшілік пен келісімнің мерекесі. Түркі әлемі үшін жыл басы болғанымен, бұл мейрамды барша адамзат жаңару мерекесі деп қабылдайды. Сондықтан да біз Наурыз мерекесін адамзат тарихындағы рухани құндылықтардың негізгісі ретінде бағалаймыз. ТҮРКСОЙ ұйымының басшылығына ЮНЕСКО-ның 70 жылдық мерейтойына тарту ре­тінде алып келген бүгінгі мерекелік бағдарламасы үшін Франция жұртшы­лығы атынан алғыс айтамын және бар­лықтарыңызды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Кишор Рао.
Өз кезегінде ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Наурыз мейрамының тарихи маңызына тоқталып, оның жер бетіндегі рухани келісімнің кемелденуіне тигізіп отырған оң ықпалын тілге тиек етті.
– Наурыз – діни мейрам емес, рухани бірліктің салтанаты. Бүгінгі таңда осынау ұлық мейрамды жұмыр жерді мекен еткен 2 миллиардтан астам халық мерекелейді. Біздің де бүгінгі мақсатымыз – рухани ымыраның ырыс пен бейбітшілікке кепіл болар маңызын насихаттау, – деді ол.
…Кәрі құрлыққа күнде барып жүрген жоқпыз ғой. Табиғаты да, шариғаты да – тылсым біз үшін. Әйтеуір, таңнан бері күн көзін көрмегенбіз. Күңгірт әлем. Анығы – бұлт көмкеріп алған күннің көзін. Наурыз думаны басталған сәтте көктің көбесі сөгіліп, Алланың нұры төгіліп сала берді. Далада – жауын, залда – нөсер. Ән мен күйдің нөсері!
Рух! Көкбөрінің рухы! Сақаның (Якутия) аруы Юлана Кривошапкина қасқыр болып ұлыды да, бұлбұл болып сайрады да. Бір өзі – бір театр. Классикалық музыканың мұрагері – Еуропа үшін дала әуенінің әсері ерен болғаны халықтың шексіз ықыласынан аңғарылды. Хакас­тар мен қырғыз бауырлардың ұжымдаса орындаған «Шаман» әуені де ежелгі жұрт­тың еркін алған. Одан кейін Шараның биі. Қазақтың Шарасы! Қазақстаннан барған «Асылым» би ансамблінің мың бұралған биіне Еуропа елтіп тұрды. «Сазген сазы» фольклорлық ансамблінің шағын құрамы (Ақерке Тәжібаева, Дилара Окманова, Салтанат Халықова) орындаған күй құді­реті Сенаның толқынына толқын қосып, Эйфельді тербей жөнелді.
Қазақтың Жанары, Халықаралық «Turkvizyon-2014» байқауының Гран-При иегері Жанар Дұғалова «Ізін көрем» әнін орындады.  «Бабалардың ізін көрем, Да­налардың ізін көрем!» Ән мәтіні осылай асқақтаған сәтте Жанар да, біз де екіленген Еуропаның еңсесін басқан бағзы бабалардың ізін көрдік!
Қырғыздың Тоқтобегі (Асанәлиев) мен Азаматы (Сарыбаев) Тоқтағұл жырын төгіп, Башқұртстанның «Арғымақ» би ансамблі делебені қоздырған, өзбектің Рав­шаны дабыл қағып, Түркияның Элнорасы (Амза) мен Гулері (Аксой) ән әуелеткен мерекелік концертті қазақтың Розасы (Рымбаева) «Наурыз» әнімен түйіндеді. Екі жарым сағатқа созылған концерт соңында жұртшылыққа ТҮРКСОЙ ұйымы әзірлеген  Наурыз дәмі ұсынылды.
Әсер құшағындамыз. Француздар да, біз де. Түркі әлемі Еуропа түндігін әнмен түріп, бимен желпіді. Тек қана Эйфельдің мұнарасын теңселдірген кешегі Әміренің ізбасарлары көрінбеді. Дәстүрлі әншілерді айтамын. Өкініштісі – осы. Әрине, бұл – ТҮРКСОЙ-дың емес, қазақстандық делегацияны жасақтаған министрліктің ағат­тығы. Әйтпесе, Әміре ән апарған Парижде қазақтың қасиетті қара домбырасы күмбірлеп, Арқаның әні асқақтап жатса, айып па еді?!
Нұрлан ДӘНЕНОВ, Қазақстанның Фран­циядағы төтенше және өкілетті ел­шісі:
– Елді аңсап жүрміз ғой, Париж төріне ауыл көшіп келгендей әсерге бөлендік. Оның үстіне, Наурыз – ЮНЕСКО-ның ма­териалдық емес рухани құндылықтар тізіміне енген мейрам. «Бұл қалай?», «Бұл не мереке?» деген пікірлер де жоқ емес еді. Міне, Еуропаның күмәнін сейілтетін тамаша кештің куәсі болдық. ТҮРКСОЙ ұйымына, оның басшысы Дүйсен Қора­байұлына алғысымыз шексіз. Елге дұғай-дұғай сәлем айтыңыздар!
Мұрат ДИНЧ, кәсіпкер, Париж қала­сының тұрғыны:
– Түркияда туған қазақпын. Ата-бабамыз қазақ жерінен сонау зұлмат жылдарында көшкен екен. Отыз екі жылдан бері Парижде тұрамын. Қазақстанда бол­ғанмын. Үнемі аңсап, сағынып жүреміз. Бүгін бір мауқымызды басып қалдық. Нау­рыз мейрамын ұйымдастырушыларға рах­мет!

Алмания аспанында –
асқақ рух
ТҮРКСОЙ-дың салтанатты керуені 26 наурыз күні Алманияның Кельн қаласына ат басын тіреді. Мұндағы Наурыз мере­кесін ұйымдастыруға Юнус Эмре атын­дағы түрік тілі, мәдениеті және тарихын зерттеу институтының басшылығы ұйытқы болыпты.
Бауырластар ыстық ықыласпен табысып, құшақтар сағынышпен қауышқан. «Ұлыс оң болсын!», «Невруз кутлы булсун!» десіп жатыр. Түбі – бір, тілі – ұқсас, тағдыры – тамырлас ұлыстардың еңселі ұрпағы Еуропа төрінде, Алмания аспаны астында қауышып жатыр. Сағыныш. Аңсар. Рух. Ынтымақ. Бәрі – осы ортада. Рухани тұтастық тұғырланып алған. Асқақтап барады…
Мерекелік концерт кербез шаһар Кельннің «STADHOLL» сарайында өтті. Ежелгі Еуропадан тұрмыс еншілеген түгел түркінің ұрпағы – осында. Көзайым сәттің көл-көсір шаттығын көрудің өзі – бақыт. Рухани шөлейтке шалдыққандары аңсар көңілдерінен-ақ сезіліп тұр. Шөлін һәм мауқын басуға жиналған. Басты да. Қанағат қанат бітірді жандарына.
…Мерекелік салтанатты Юнус Эмре атындағы институттың вице-президенті Эбубакир Сейлан құттықтау сөзбен ашып, «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке естелік сыйлық табыс етті.
Наурыз думаны еңселі залды рух құшағына бөледі. Орындаушылары ауыс­пағанымен, бағдарлама түрленген. Әр ұлттың төлқұжатындай болған ұлттық киімдер көздің жауын алады. Көне құр­лықтың тар бесігіндегі «STADHOLL» сарайы бір сәтте ән бесігіне айналып сала берді. Әуелеген ән мен мың бұралған би жиналғандардың мойнындағы тұр­мыстың қыл бұрауын ұмыттырған. Түркі әуенімен түрленген кәрі құрлыққа жыл­дың басы келгенін сезінді жұрт. Кеш соңында аяқтарынан тік тұрып, ұзақ уақыт қол соққан алманиялықтардың риясыз ықыласынан осыны аңғардық.
Зафер ӨЗҚАЛЫП, Кельн қаласының тұрғыны:
– Ұлтым – қазақ, Түркияның қазағы­мын. Кельнде 16 жыл тұрамын. Осы ша­һарда 120 қазақ отбасы бар. Тілімізді, салт-дәстүрімізді ұмытпағанбыз. Наурыз мейрамын өзіміз де атап өткен едік. Алайда, ТҮРКСОЙ ұсынған мына мейрам ғажап болды. Алған әсеріміз – керемет! Кішкентай қызым Айбике ән салады. Қазақ әншілерін тыңдаймын деп келген. Риза болып қайтып барамыз. Дүйсен ағамызға мың алғыс!
Илхан Тосын, Германиядағы қазақ диас­порасының өкілі:
– Менің әкем Арыстан – Қазақстанға «Қара жорға» биін әкелген қазақ. Қазір атажұртта тұрып жатыр. Әулетімізбен өнерге құштармыз. Сырт елде тұрып жатқан соң, өнерге шөліркеп жүретініміз де рас. Бүгін бір жасап қалдық. Осынау шараны ұйымдастырып, бауырлас халықтардың рухани бірлігін насихаттап жүрген ТҮРКСОЙ ұйымы мен оның басшыларына деген алғысымызда шек жоқ.

Түркі әуені түлетіп
Моцарт елін…
28 наурыз. Еуропа әуенінің атасы са­на­латын Моцарттың еліндеміз. Иә, Моцарттың әуенімен тербелген елді таң қалдыру оңай деймісіз?!  Аустрияның ауласы да, жан басы да, тал-құрағы да әуезді әуенмен тербеліп тұр. Бірақ, ескі әуен мұңды естіледі жарғақ құлаққа. Осы сәтте түлеп сала берді. Түркінің әуе­німен, Наурыздың думанымен!
Қанқұмар Гитлер «7 қарашада Мәс­­кеуде шеру өткіземін» деген сан­дырақ мәлімдемесін жасаған әйгілі «HOFBURG» сарайына мың қаралы адам жиналып, ТҮРКСОЙ тәбәрік еткен Нау­рыз мейрамын тамашалады. Әлгі мұңды әуен шаттық күйіне ауысқан. Ве­налықтардың ықыласында шек болмады.
Айтпақшы, Наурыз салтанатын тама­шалауға он сегіз елдің Аустриядағы елшілері келіпті. Әр көңілдің талғамы та­разыға айналған. Әр ұлттың ұланы өз әуендерін түркі сарынымен салыстырып отырғаны айқын аңғарылады. Бәрібір, таразы басын өр түркінің сарыны еңсеріп тұр. Мұздай жасанған қарумен жаулау мүмкін болмаған әлемді төл әуеніміз төңкеріп тастағысы бар.
…Қазақстан елшілігі еліміздің ты­ныс-тіршілігінен сыр шертер көрме ұйым­дастырған екен. Көздің жауын алады. Елге оралғандай күй кештік. Көз тартып, көңілді арбайтын көрмеге Венада білім алып жатқан қазақ жастары еге болып жүр. Елдіктің нышаны! Сырт жүріп, сырттандық танытқандары шығар… Қан­дастарымыздың ұйым-бірлігіне, береке-тірлігіне риза болыстық. Елшіміз де осы жерден кездесе кеткен.
Қайрат САРЫБАЙ, Қазақстанның Аустриядағы төтенше және өкілетті елшісі:
– Вена – Еуропадағы өнер астана­ларының бірі. Музыка астанасы. Мо­царттың әуенімен толқып тұрған елге тұтас түркінің, оның ішінде, өзіміздің қазақтың өнерін, мәдениетін әкелу – нағыз тәуекел. Вена жақсы қабылдады. Алған әсерімізді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. ТҮРКСОЙ-дың бұл бас­тамасы – түркі әлеміндегі рухани бір­лікті насихаттаудың бірден-бір амалы. Сондықтан, іс басында жүрген аза­маттарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Елге сәлем айтыңыз.
Азат АЛПЫСОВ, студент, Қараған­дының тумасы:
– Вена университетінде оқып жатырмын. Аустрияға Наурыз думаны келеді дегенді естіген сәттен бері шаттанып жүрміз. Елде жүргендей әсердеміз. Тіпті, түркі әлемінің өнері мен мәдениеті осынша бай мұраға ие деп ойламаппыз.
****
Мерекелік шара аясында ТҮРКСОЙ-дың «Наурыз бояулары» атты фото­көрмесі ұйымдастырылды. Не керек, ежелгі Еуропа апта бойы рух құшағында тербелді. Наурыздағы Ән-уызға бір жарып… Жауқазыны түркі сазымен бүр жарып… Әміренің әні, Шараның биі жаңғырды. Кәрі құрлықтан аттанып барамыз. Құлағымызда – рухты саз. Ұлы Даланың әуезді әні!
 ҚАРАҒАНДЫ – Астана – КИЕВ – ПАРИЖ – КЕЛЬН – ВЕНА – Санкт-Петербург – АСТАНА– ҚАРАҒАНДЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button