Теміртау

Тұрағымыз – татулық, Тұмарымыз – Тәуелсіздік

   Тұңғыш Президенттің талабын ұштап, топшысын бекіткен Теміртау қаласында мереке-думан. Тұғырлы Тәуелсіздік тойының 25 жылдығы аясында, Тұңғыш Президент күні қарсаңында мұнда қалалық әкімдіктің қолдауымен, Халықтар достығы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Болашағымыз – бірлікте» атты фестиваль өтті. Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайында өткен фестиваль біртұтас мемлекетіміздің бірегей болмысын әйгіледі десек, артық айтқандық емес.

Елбасы мен егемендік егіз десек, еңбек жолын алғаш осында бастаған бұл қаланың басқа шаһарлардан бәсі биік. Жасампаздық жолында жаңа Қазақстанның біртұтас бейнесін қалыптастырған Ұлт Көшбасшысының жұлдызын жаққан қала әлемге асқақ қарайды қазір. Аты затына, заты атына сай Теміртау «Қазақстан магниткасы» аталған ірі индустрияның ошағы ғана емес, мәдени бірлестіктердің мәртебелі мекеніне айналған. Жергілікті жеті бірдей этномәдени орталық қатысқан фестиваль соның айғағы болса керек. Қасиетті топырақтың кие-құты өз алдына, Тұңғыш Президенттің табаны тиіп, тері сіңген қазыналы өлке құтаймай қайтсін?!

Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайының кең залында шеру тартып, сап түзеген Халықтар достығы қоғамдық бірлестігі өкілдерінің ішінде «Магнитка» атты қазақ ансамблінен бастап, орыс ұлтының «Берегиня», корейлердің «Корияна», татарлардың «Дослук», поляктардың «Полония», немістердің «Фолькшимме» этномәдени орталықтары мен «Туған өлке казактары» одағы бар. Фестиваль барысында әрқайсы топ-топ болып, өз ұлттарының өнерлерін ортаға салып қана қоймай, татулықтың туын көтеріп, жарастықтың жарқын үлгісін көрсетті. Бастысы, бірімен бірі бәсекелесіп, бәйгі алу емес, біртұтас ел бірлігінің бірегей болмысын дәріптеуде және салтанатты шараға қатысушылар сол үдеден шыға білді. Бірігіп ән салды, би билеп, жарастықтың жалауын жоғары көтерді. Олардың өнерін бағалап, қазылық етушілер қатарында Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Динара Жүнісова, Халықтар достығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ілияс Баймырзаев және Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Наталья Скорикова бар. «Тура биде туған жоқ» деген атам қазақтың жолымен әділ бағасын беріп, тура төрелігін айтты.

Фестивальді атам қазақтың жолымен «Магнитка» ата-әжелер ансамблі бастады. Мемлекетті құраушы қазақ ұлтының салты бойынша ақ түйенің қарны жарылған атаулы сәтте шашу шашып, дәстүр жаңғыртты апалар. Іле-шала Елбасы Н.Назарбаевтың сөзіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың «Үшқоңыр» әнін шырқады. «Үшқоңыр» – кіндік кескен киелі туған жер, атамекен, сонда кіндігінен байланған елге деген махаббаттан туған ән. Ендеше, әннің өзі елдікті насихаттап тұр десе болғандай. Осы жерде тұрып жатқан елдің бәрін бауырына басқан қазақ елінің кеңқолтық қасиетінің айғағындай ансамбль «Үшқоңырдан» соң, Украин жұртының ұлттық әнін шырқап, елді тәнтті етті. Көрермендер ыстық ықыласын ұштап жатқанда, ортаға орыс ұлтының «Берегиня» этномәдени орталығының өкілдері шықты. Олар да өздерінің ұлттық әндерін шырқап сала берді. Үлкендері бір бөлек, жеткіншек жастары бір бөлек ән салып, көрермендер көзайымына айналды. Ұлттық киім киген бұлардың сән-салтанаты тіптен керемет. Осылай әр орталықтың өкілдері өнерлерін ортаға салып, бірінен-бірі асып түсіп, халықтың қошеметіне бөленді. Ұлттық киім, ұлттық ән-бимен қабысып, татулықтың қазанында қайнап жатты. Біздің елдің көксегені де осы. Фестиваль соңында әрбір ұлт өкілдері әзірлеп әкелген ұлттық тағамдарымен таныстырып, бәрі бір дастарқан басында тоқайласып, жарастықтың жайдары нұрымен шалқыды. Тиісінше, қазылар алқасы да ешбір орталықты ренжітпеді. «Анау озып, мынау қалды» деп алалап бөлмей, бәріне бірдей орын бөліп, марапаттады.

Ілияс Баймырзаев, Халықтар достығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Осы Теміртауда онға тарта этномәдени орталық бар. Соның сегізі жұмыс істеп жатыр бүгінгі таңда. Қандай мереке болса да біз атаусыз қалдырмаймыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Тұңғыш Президент күні – мемлекетіміздегі басты мерекелер болғандықтан, бүгін осындай фестиваль ұйымдастырып жатқан жайымыз бар. Осының бәрі әуелі Алланың, одан кейін Елбасы мен елдігіміздің, бірлігіміздің арқасы. Бірлік пен татулықтың белгісі – осы жарастық емей немене?!

Жәнібек ӘЛИМАН

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button