Тұлға

Тәлімгер

      Талайдың тағдырына тұтқа болған жаны жайсаң жақсылардың өміріңізде өшпес із қалдыратыны рас екен. Ғұмырдың алуан бел-белесінде темірқазықтай тура жолды нұсқайтын тұлғалардың кездескені бір ғанибет. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Шет ауданының ішкі істер бөлімінде басшылық қызмет атқарған, көптеген жастың қанатын қомдап, сағын сындырмай, саналы да салиқалы жол сілтеген Жұмал Балықұлы сондай тұлғалардың ішінде тұғыры биік жан еді. Бүгінде аудан аумағында ғана емес, аймағымызда есімі ерекеше аталатын Жұмал Балықұлы ортамызда жүргенде биыл 90 жасқа шығар еді. Аудандық ішкі істер саласында аттай 38 жыл қалтқысыз қызмет еткен Жұмекең дәуірінде қылмыс әлеміне сес еді. Жас буынға ес еді…

70 жылдардың бас кезінде аудан көлемінде аудандық ішкі істер бөліміне қарасты Ақадыр және Ақшатау поселкелік ішкі істер бөлімшелері құрамы болды. Сол кезде аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, милиция полковнигі Досжан Бекенұлы Бекенов, ішкі істер бөлімі бастығының оперативтік жұмыстар жөніндегі орынбасары, милиция подполковнигі Жұмал Балықов, тәрбие жөніндегі орынбасары, милиция майоры Әшім Әміров болды. Аудан көлемінің үлкендігіне, қылмыстың көптігіне қарамастан ішкі істер бөлімінде қызметкерлер саны аз. Тиісті көлікпен қамтамасыз етілмеген, жоғарғы білімді мамандар жоқтың қасы.

Осы қиын жағдайларда ішкі істер бөлімінің бастықтары қарбалас жұмыспен қатар жас милиция қызметкерлерін милиция жұмысына тәрбиелеп, шыңдалуына үлкен ұстаздық еңбек жасады. Солардың ішінде бізді милиция қызметіне қалыптастырып, милиция жұмыстарының қыр-сырына үйретуде зор еңбек сіңірген милиция подполковнигі Жұмал Балықұлы бар еді.

Жетпісінші жылдардың басында милиция қызметіне комсомолдық жолдамамен келген оннан аса жас қызметкерлерді тәрбиелеп, олардың арасынан үміт артуға болатындарын жазбай таныған Жұмекең біраз жігіттермен бірге мені де жұмыстың ең киын учаскелеріне жұмсап отырды. Болған қылмыстарға өзі бастап шыққанда да мені үнемі алып жүретін. Сондай қылмыстардың бірі бұрыннан ашылмай тұрған Нұраталды елді мекеніндегі тоналған қойма болатын. Қоймадан малшыларға арнайы алдырған тұлыптар, тондар, азық-түлік ұрланыпты. Міне, осы қылмыс Жұмекеңнің тиянақтылығы мен ізденімпаздығының арқасында ашылып, бір үйдің еденінің астына тығылған ұрланған заттар табылып, совхоз қоймасына қайтарылды.

Жұмекеңнің басшылығымен көптеген қылмыстардың ашылуына қатыстым. Жұмекең қай елді мекенге барса да, көпшілік сыймен қарсы алатын, қабылдауында болатын. Халық арасындағы беделі өте жоғары-тын. Ақжарқын күлкісімен, аңқылдаған пейілімен маңайын жайнатып жүруші еді. Жұмекең ағамыздан тәлім-тәрбие алған мен де ұзақ жылдар бойы милиция саласында еңбек еттім. Түрлі қызметтер атқардым, сонда осы кісінің тәжірибесін, тапқырлығын, беттілігін үнемі еске алатынмын. Мұның бәрі қиын кездерде сабырлық сақтап, дұрыс шешім қабылдауыма көп әсерін тигізді. Жұмекең тәрбиелеп өсірген милиция қатарындағы азаматтар көп. Басым бөлігі басшы қызметтер атқарды, еңбектеріне адалдық көрсетті.

Мен аудандық ішкі істер бөлімінде жұмыс бастағанда Жұмекең сол кезде қырықтың үстіне жаңа шыққан. Орта бойлы, денелі, ақ сары, өткір жүзді, сырттай қарағанда түсі суық, қатал көрінгенімен, жүрегі жұмсақ, қайырымдылығы мол екендігіне көзіміз жетті. Жұмекең бүкпесіз тура сөйлеп, ащы шындықты ашып айтатын. Ұстамды, жұмысына берілген кісі еді.

Еңбек ардагері, милиция подполковнигі Жұмал Балықұлы 1927 жылы ауданымыздың №7 ауылында, Еңбекшіл колхозында шаруа отбасында дүниеге келген. Ж.Балықұлы еңбек жолын 1940 жылы 13 жасында Сталин атындағы колхозда колхозшылықтан бастап, 1944-1945 жылдары аудандық партия комитетінде техникалық хатшы болып еңбек етеді.

Аудандық партия комитетінің жолдамасымен 1945 жылдың мамыр айында Жұмекең Шет аудандық ішкі істер бөлімінің Ақшатау поселкелік милиция бөлімшесінің учаскелік оперативті өкілі қызметіне жіберіледі. Мұнда Жұмекең бөлімшенің қылмыстық істерді іздестіру бөлімінің аға инспекторы қызметіне дейін көтеріліп, сегіз жыл бойы қызмет істейді.

1953 жылы Жұмекең көршілес Ақтоғайға аудандық ішкі істер бөліміне қызметке жіберіледі. Онда қылмыстық істерді іздестіру бөлімінің аға инспекторы, әрі аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары міндетін қоса атқарады. Содан 1962 жылы туған жеріне қайтып оралып, Шет аудандық ішкі істер бөлімінде аталған қызметін жалғастырады.

1965 жылы аудандық ішкі істер бөлімі бастығының оперативтік жұмыстар жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметті 1983 жылға дейін атқарды. 1983 жылдың қазан айының 17-і күні милиция подполковнигі Жұмекең денсаулығына байланысты отставкаға шықты. Аса жауапты қызметте ішкі істер милиция саласында үзбей 38 жылдан астам қызмет атқарған Жұмекең өзіне тапсырған қызметтік міндеттерді абыроймен атқарды, адал еңбек етті. Әсіресе, сонау 1945 жылдары кейбір қиын да күрделі уақыттардан сүрінбей өтіп, халықтың тыныштығын, меншіктің сақталуын қамтамасыз етуде білімі мен тәжірибесін жұмсай білген азамат.

Ж.Балықұлының халық пен қоғам алдындағы сіңірген еңбегі лайықты бағаланды. Қоғамдык, тәртіпті сақтау қызметі жылдарында сіңірген еңбегі үшін 1945 жылы “Ерлік еңбегі үшін”, 1958, 1960, 1965 жылдары ІІІ, II, І дәрежелі “Мінсіз қызметі үшін”, 1968 жылы “Совет милициясына — 50 жыл”, “Еңбек ардагері” медальдарымен, бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ал, 1968 жылы “Милиция үздігі” төсбелгісін алған.

Десек те, жазмышқа не шара? Өмірден ерте озды. 1993 жылы 66 жасында мәңгілікке аттанды. Жоғадыра атап өттік, бүгін ортамызда жүргенде торқалы 90 жасын жасындай жарқыратып тойлаған болар едік. Асыл ағаның орны ойсырап қалды. Алайда, қазақтың «Орнында бар оңалар» деген даналығы осындайда айтылғанына көз жеткіздік.

Бұл күнде Жұмекең тәрбиелеп өсірген 8 баласы шаңырағының отын өшірген жоқ. Жақсы әкенің атына кір келтірген емес. Елге сыйлы, қадірлі азаматтар. Жұмекең бәріне тәлімді тәрбие беріп, жоғары білім берді. Жұмекеңнің жолдасы, қадірлі жеңгеміз Қамен 87 жаста, Қарағанды қаласында балаларының, немере-шөберелерінің ортасында. Жұмекеңнің құрдастары, жолдастары көп болды. Олар: Қарашолақов Сатан, зейнеткер, Қарағанды облысының ІІБ бастығының орынбасары болған. Дағаров Бораш, зейнеткер, аудандық, облыстық ІІБ-де басшылық қызметте істеген. Тиыштықбаев Тәуіртай, зейнеткер. Бүгінде марқұм Кәдірбек Халилин, Құлсары Ахметжанов, Төлеубай Жексенбин, Біләл Өтегенов, Төлеген Иманов, Көшкінбай Әбілдин, Жұмабек Күлейменов және тағы басқалары.

Жұмекең тәжірибесі мол, әділетті, ары таза, әрі үлкен-кішіге бірдей қамқоршы болған азамат. Тәжірибесін көріп, өсиетін тыңдаған жалғыз мен емес, басқа да көптеген шәкірттері Жұмекеңді әркез есте сақтап, мақтан тұтамыз.

Б.ІЛИЯСОВ,

бұрынғы Шет аудандық

ішкі істер бөлімінің бастығы,

полиция подполковнигі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button