Ресми

Түйткілді мәселелер талқыланды

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың жұмыс орындарындағы кездесуі жалғасуда. Аймақ басшысы бұл жолы басқарма, ведомство басшыларымен бірге «Қазақстан» шахтасына ат басын тіреді.

Кездесуге кәсіподақ өкілдері, «Qarmet» компаниясының басшылығы қатысты.

– Жыл бойы тұрғындармен кездесулер өткіземін. Бірақ қатысушылар арасында кәсіпорындардың қызметкерлері аз екенін байқадым. Еңбек ұжымдарына келіп, мәселенің бәрін ашық диалог барысында талқылау керек деп шештік. Сіздердің мамандықтарыңыздың тәуекелге толы екенін түсінемін және біздің һәм басшыларыңыздың міндеті – тәуекелдерді барынша азайту. Сондықтан, біз әлеуметтік қорғау, қауіпсіздік және еңбек жағдайын жақсарту шараларын дамытуды жалғастырамыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Медеу Ахметов атқарылған жұмыс туралы баяндады. Ал, жұмысшы мамандықтарын қолдау және дамыту шаралары туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар айтып берді.

«Қазақстан» шахтасында көбінесе Шахтинск өңірінің тұрғындары жұмыс істейді. Сол себепті, әңгіме негізінен осы аймақты дамыту туралы өрбіді.

Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинскіні жылумен жабдықтауды жақсарту үшін жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Дерекке сүйенсек, былтыр ЖЭО-ын жөндеуге арналған қаржыландыру бірнеше есеге артқан. Бүгінде станция тұрақты жұмыс істеп тұр. Үйлердің жылы болуы үшін төрт шақырым жылу желісін ауыстырып, жылу оқшаулағыштар қалпына келтіріле бастады. Бұдан бөлек, Шахтинск қаласын газдандыруға да дайындық жүргізілуде. Су құбыры желілерін қайта жаңарту жалғасып жатыр. Көлік инфрақұрылымы да жақсарып келеді. Атап айтсақ, соңғы екі жылда қала мен іргелес ауылдардың 30 шақырым жолы жөнделген.

Облыс әкімдігі «Отбасы банкімен» бірлесіп іске қосқан жеңілдікті ипотека бағдарламасы бойынша 116 шахтер мен 113 металлург Қарағанды, Саран, Теміртау, Шахтинск, Абай қалаларынан пәтер сатып алғанын атап өту керек. Облыстық бюджеттен бұл бағдарламаға 2 млрд теңге бөлінген.

Ермағанбет Бөлекпаев компания басшылығын осы бағдарламаға қаржылай қатысуға шақырды.

Ал, «Отбасы банкі» филиалының директоры Бауыржан Жуасбаев жұмысшы мамандарға арналған «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы туралы кеңінен айтып берді. Бағдарлама 2025 жылдың 17 наурызында басталмақ. Оның артықшылықтары да бар. Мәселен, бастапқы жарна – 10%-дан (әрленген бастапқы нарықтағы тұрғын үй), 20%-дан (жартылай әрленген және қайталама нарықтағы тұрғын үй), мөлшерлеме – әлеуметтік осал санаттар үшін – 7%, қалғандарына – 9%.

Кездесуде Шахтинскідегі абаттандыру, қоқыс жинау, жарықтандыру, балалар алаңдарын абаттандыру мәселесіне қатысты қойылған сұрақтарға қала әкімі Мұрат Қыдырғанбеков жауап берді. Таңертеңгі уақытта Шахтинскіден Қарағандыға дейін баратын автобустардың жетіспеушілігіне шағымдар айтылды. Ермағанбет Бөлекпаев шешуді қажет ететін мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берді.

Шахтерлер Шахтинск ауруханасында медициналық қызмет көрсету мәселесін де ортаға салды. Сол себепті, облыс әкімі кездесуден кейін ауруханаға барып, медицина нысанын аралап көрді.

Қазір төртінші және бесінші қабат дайын болса, үшіншісі жартылай дайын. Оны аяқтау биылғы жылдың еншісінде. Аурухана директоры Талғат Жүкен жабдықтардың жаңартылуымен таныстырды. Мұнда реанимация, операциялық бөлме және жүрек ауруларын диагностикалау үшін жаңа техника алынған.

Ермағанбет Бөлекпаев медицина мамандарының жетіспеушілігі мәселесін шешуді мұқият тапсырды.

Өз тілшімізден
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button