Тәңірдің сыбағасы

   Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым-этнограф, жазушы жерлесіміз Ақселеу СЕЙДІМБЕКТІҢ 75 жылдық мерейтойына орай Б.Амалбеков атындағы орта мектептің кітапханасында бірнеше  іс-шара өтті.

Орта буын сыныптарда А.Сейдімбектің «Әйел-Ана» ертегісі бойынша әдеби сағат әдіптелді. Ертегіде бақ қонған Күншуақ елінің жігіттері – ержүрек, қыздарының ақылына көркі сай, қарттары ақыл-парасатымен қадірлі болып бейбіт өмір кешкен. Осы елдің бақытын қызғанып, байлығына қызыққан жау бір күні  шабуылдап, Күншуақ елін тұтқынға алады. Жаудың тұтқынынан ақ шашты Әйел-Ананың ақылы аман-есен құтқарады. Осы тақырып бойынша талдау жүргізіп, Әйел-Ананың қадірі, құрметі қазақ елі үшін әрқашанда маңызды екені жайында оқушылар өз ойларымен бөлісіп, ана туралы мақал-мәтелдер айтты. Әдеби сағат барысында Назарбаев Зияткерлік мектебінің алдыңғы тәжірибесінен алынған әдіс-тәсілдермен жұмыс жүргізілді.

Жоғарғы сыныптар үшін қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы Ақселеу Сейдімбектің тағылымға толы өмірі мен шығармашылығына арналған «Алаштың Ақселеуі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда «Күңгір-күңгір күмбездер», «Аққыз», «Сонар», «Алаштың Ақселеуі», рухани серігі Жомарт Әбдіхалықтың жазған хаттары топтастырылған «Ақселеуге жаздым хат», ұлт өміріндегі орны ерекше «Қазақтың күй өнері», хиқаяттар, повестер, әңгімелер, күнделіктер топтастырылған томдық кітаптарға библиографиялық шолу жасалды.

А.Сейдімбектің өмірі мен шығармашылығы кеңінен қамтылған, жазушының әр кездегі суреттерімен көркейтілген арнайы жобаны 4 «Б» сынып оқушылары – Мұхтар Абай мен Доскен Раушан дайындап, қорғады.

А.Сейдімбектің киелі қазақ жерінің азаматы ретіндегі болмысын айғақтайтын айқын қасиеттерінің ең бастысы – халқының қадір-қасиетін терең танып-түсінуден туындаған жалтақсыз, құрбаншыл ұлтжандылығы.

«Өзіндік қасиеттен айырылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін – оның төлтума мәдениеті ғана. Бұл жолда еткен еңбек пен төккен терді Тәңірдің сыбағасына балай жүріп, өткеннің асылдары болашақ ұрпақтың жан-жүрегін жылытуы үшін қол жалғап жіберуіміз қажет» деген Ақселеу Сейдімбектің сөзі оның өмірі мен шығармашылығының бағдарламасы іспеттес.

 Р.РЫСМАҒАНБЕТОВА,

 мектеп кітапханашысы.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.