Бас тақырыпЭкономика

Сыртқы қарыз: қауіпті құбылыс па?

«Мемлекет пен инвесторлар арасындағы уағдаластықтарды бекіту үшін стратегиялық инвестициялық келісім жасалады. Бұл жаңа тәсіл… Үкімет стратегиялық келісімдерге енетін жобалардың топтамасын 2021 жылдың сәуір айына дейін әзірлейді».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауынан.

Қарыз «күліп келіп, жылап қайтатын» көрінеді. «Досыңның болмысын білгің келсе, не қарыз ал, немесе бер» деген сөздің астарында да шымырлаған шындық жатыр. Ал, сол қарыз халықаралық актімен реттелетін мемлекеттер арасында болса ше?

Кейінгі кезде: «Аттан! Қазақстан Қытайға қарызға белшеден батты», «Қазір әр қазақстандық шетелге 10 000 доллардай қарыз» деп жиі жазылып жүр. Денеңді дір еткізетін-ақ дерек! Бәлкім, бұқараны бір бөрліктіру үшін біреуге мұндай мәнсіз мәлімет керек те шығар?!

Мәселенің мәнісі мынада: өткен жылдың соңында Қазақстанның сыртқы қарызының салыстырмалы параметрлерін тілге тиек еткен Ұлттық банктегі төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаев 2020 жылғы 1-қазандағы дерек бойынша біздің берешек 160,9 млрд. АҚШ долларына (немесе ішкі жалпы өнімге шаққанда — 90,7%) жеткенін мәлімдеді. «Он мың доллардың» түп-төркіні – осы! Бірақ, Қазақстанның басқа елге берешегінің басқа болмысына бас ауыртқан ешкім болмады.

Қытайдан алған қарыздан келетін қатер де көрінбейді.

Қысқасы, сыртқы қарызға қатысты айтылған алуан түрлі пікірді салмақтап, өзімізше таным-түсінікті таразы басына тартқанды қош көрдік. Патша көңілді оқырманның кәдесіне жарап жатса, мақсаттың орындалғаны.

ІШКІ ҚАРЫЗ ИІРІМІ

Әңгіменің әлқисасын осыдан бастағым келіп отыр. Алдымен «мемлекеттік қарыз» деген түсініктің табиғатына тоқталсақ: ол шығарылған, алайда, белгіленген уақытында немесе мерзімінде белгілі бір өсімін қоса алғанда әлі өтелмеген мемлекеттік займдардың құнынан құралады.

Қаржы министрлігінің статистикасында мемлекеттік қарызбен қатар, мемлекет кепілдік берген және кепілгерлік (поручительство) жасаған қарыз да қоса көрсетіледі. Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы 1-қазанда Қазақстанның мемлекеттік қарызы 19,6 трлн. теңгеге жеткен. Осы қомақты қаржының оннан сегіз бөлігіне жуығы – Үкіметтің, 16 %-ы – Ұлттық банк займдарының, 7 %-дан сәл астамы әкімдіктер міндеттемесінің үлесіне тиеді.

Мемлекеттік қарыз «ішкі» және «сыртқы» болып бөлінеді. Ішкі қарыз бюджет шығынын қаржыландыру мақсатында ішкі нарыққа шығарылған Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің облигацияларынан құралады. Әдетте Ұлттық банк қысқа мерзімдік (бір жылға дейін) ноталар, ал Қаржы министрлігі ұзақ мерзімдік (бес жылдан жоғары), орта мерзімдік (1-5 жылға) және қысқа мерзімдік (бір жылға дейін) мемлекеттік құнды қағаздар шығарады.

Ашық дерек көзінің дәйегіне қарағанда, еліміздің мемлекеттік қарызы кейінгі бес жылда екі есе ұлғайған, ал, ішкі қарызы сыртқысына қарағанда екі еседей жылдамдықпен өскен. Нарық инвесторларының назарын аудару үшін Үкімет былтыр қысқа мерзімдік мемлекеттік құнды қағаз шығаруды қайта қолға алды.

Ұлттық банк мемлекеттік сектордың ішкі қарызы туралы ақпарат таратып тұрады. Ол – мемлекеттік органдар мен Ұлттық банктің ішкі займдары, сондай-ақ акциясының жартысынан астамын тікелей немесе жанама түрде мемлекет иеленіп отырған банктер мен мекемелердің қарызы. Сонымен қатар, бұл санатқа мемлекеттің кепілдігімен немесе кепілгерлігімен қамтамасыз етілген ішкі қарыз да кіреді.

Елдің бас банкі қазақстандық облигация иеленген нерезидентке қатысты статистика да жариялайды. Одан шетелдіктерді мемлекеттікке қарағанда корпоративтік займдар қатты қызықтыратыны айқын аңғарылады. Айталық, былтыр 1-шілдеде нерезиденттердің қолында $5,9 млрд. мемлекеттік бағалы қағаз, $10,6 млрд. корпоративтік бонд болды.

СЫРТҚЫ ҚАРЫЗ СИПАТЫ

Бұл қарыздың қарасы қандай екенін мақаланың басында айттық. Бірақ, басын ашып алатыны – осы қыруар қаражат бюджеттің немесе халықтың қаржысы есебінен қайтарылмайды. Себебі, сыртқы қарыздың оннан сегіз бөлігінен сәл астамы не мемлекет, не ел азаматы жауап бермейтін жекеменшік мекеменің міндеттемесіне жатады.

«Сыртқы қарыздағы мемлекеттің үлесі – 8,2% немесе 13,2 млрд. АҚШ доллары. Ал, квазимемлекеттік секторға тиесілісі – 12,5%. Екеуін қосқанда, жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігіне жетпейді. Бұл – халықаралық тәжірибеге сәйкес қауіпсіз деңгейге жатады. 2020 жылғы 1-қазандағы мәлімет бойынша Қазақстанның тікелей және шартты міндеттемесі мерзімінен бұрын өтеу, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының сыртқы қарызын қайта құрылымдау есебінен соңғы үш жылда 15,7% (6,2 млрд. АҚШ доллары) кеміді, – дейді Ұлттық банк өкілі Азат Өскенбаев.

Сыртқы қарыздың басым бөлігі (62,9% немесе 101,3 млрд. АҚШ доллары) әдеттегідей жекеменшік сектордың фирмааралық алыс-берісіне жатады. Мұның ішінде шетелдіктер қатысатын Қашаған, Теңізшевройл және Қарашығанақ сияқты аса ауқымды үш жобаны айрықша атап айтқан артық емес. Ондай жобаны жүзеге асыру үшін шетелдік инвестор өз тобының Қазақстанда тіркелген компаниясын қаржыландырудан аянып қалмайды. Халықаралық әдістеме бойынша мұндай инвестиция да елдің сыртқы қарызы болып есептеледі.

Үкімет пен Ұлттық банк Қазақстанның сыртқы қарызына ұдайы мониторинг жүргізіп, бақылап отырады. Жаңа бюджеттік тұжырымдама мен Ұлттық қордың қаржысын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына сәйкес елдің қарыздық тұрақтылығын айқындайтын көрсеткіштер белгіленген: 1) мемлекеттік және квазимемлекеттік қарыздың (сыртқы және ішкі) жалпы ішкі өніммен ара қатынасы 60%- дан аспауға тиіс (2020 жылғы 1-қазанда – 46,5%); 2) елдің сыртқы қарызы жалпы ішкі өнімнен аспауы керек (90,7%); Үкімет пен квазимемлекеттік сектор субъектілері сыртқы қарызының көлемі Ұлттық қордағы валюталық активтерінің жалпы мөлшерінен аспауға тиіс (59,1%).

Сыртқы қарыздың ширегінен сәл артығы (26%) «басқа секторға» тиесілі. Оннан бір бөлігіне жуығы (8%) – мемлекеттің (Үкімет пен ҚҰБ) берешегі. Қалғаны – Қазақстан банк секторының (ЕДБ пен «Қазақстан даму банкі» АҚ) сыртқы міндеттемесі. Бірақ, бұл – біржақты сипаттау. Қазақстан қанша мемлекет пен халықаралық ұйымға қарыз екенін неге айтпасқа? Айтайық – 173! «Денең дірілдегені» былай тұрсын, үрейің ұшырады! Алайда, асықпа: әлемдегі 201 елдің сондай берешегін безбендесек, сонша мемлекетке қыруар қарыз Қазақстанның алатын орны – 35!

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, елдің сыртқы қарызы кейінгі бес жылда 3% өсіп, 4,6 млрд. АҚШ долларына ұлғайды. Сонда Қазақстанды қарызға «қарық» қылғанның көшбасшысы қайсы? Нық тұрғаны Нидерланды – 44,8! Бермуд аралдары да бет қаратар емес – 9,5! БАӘ (2,1) мен немістерден (1,9) де едәуір алыппыз. Әр санның соңында мықшиып «миллиард» деген сөз тұр. Қалған мемлекеттікі – «меліш!». Ал, «Қарыздың астында қалдырды» деп, қиқулатып жүрген Қытайға берешектің төрттен бір бөлігін кейінгі бес жылда керсінше кемітіппіз.

Банктен алған несие негізінен халықаралық (Ислам даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі) және ұлттық (Сауд Арабиясы, БАӘ, Германия, Жапония, тағы басқа елдердің даму банктері) қаржы институттарына тиесілі. Шетелдік коммерциялық банктердің үлесі шамалы. Қазақстанның ең ірі несие берушісі – Халықаралық қайта құру және даму банкі: оған былтырғы 1-қазандағы қарыз – 1.5 трлн. теңге. Одан кейінгі орында – Азия даму банкі: оған бұдан бес ай бұрынғы берешек – 488 млрд. теңге. Айтпақшы, Қазақстан былтыр желтоқсанда онымен займ жөнінде жаңа келісімге қол қойды: қысқасы індеттің зардабымен күресу үшін бізге 908 млн. еуро беретін болды.

ӨҢІР ӨНДІРІСІНІҢ ТЫҢ ТЫНЫСЫ

– Сыртқы қарызға тек елдің экономикасы мен халқына түсетін салмақ деп қарамау керек. Егер оны ойдағыдай өтеудің мүмкіндігі (тұрақты табыс деңгейі, өтімді активтер) табылып жатса, қарыздың өзі инвестицияның қосымша көзі ретінде қызмет етеді, – дейді Ұлттық банк өкілі Азат Өскенбаев. Расында, сыртқы қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру заманауи технология тартуды, жаңа жұмыс орнын ашуды, тікелей салық түсімін қамтамасыз етеді, әлемнің өндірістік өзегімен ұйысуға және тауар өткізу нарығын нығайтуға ықпал жасайды.

Оның мәйекті мысалын облыстан да табуға болады. Айталық, былтыр өңір өндірісіне тың тыныс берген «Алтыналмас» фабрикасы, техникалық газ өндіру зауыты, Ақадыр кентінде күн сәулесінен қуат алатын электр стансасы, Steel Manufacturing жез зауыты, ферросилиций шығаратын YDD Corporation зауыты, Global City көтерме-логистика орталығы, алып техникаға қызмет көрсететін Hitachi Construction Machinery сервистік орталығы, резеңке-техникалық бұйым жасайтын Polymet Solutions Corporation зауыты, «КазКарбон» құю және байыту өндірісі, Yutong автобус зауыты, «Шанс» құрама жем зауыты қатарға қосылды. Осы 11 жобаны жүзеге асыру арқасында жаңадан 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Облысқа инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс жолға қойылған. Мақсат – ішкі жалпы өнімдегі инвестиция үлесін 30%-ға дейін жеткізу. Өткен жылы облыс экономикасына 678,2 млрд. теңге инвестиция құйылды, оның 81,6%-ы жекеменшікке жатады. Негізі 12,5 мың адамды жұмыспен қамтитын, құны 2 трлн. теңгеге жуықтайтын 50 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру қолға алынған. Ал, металлургия, баламалы энергетика, машина жасау және химия саласындағы 25 жобаға 1,4 трлн. теңге шетелдік капитал тартылған. Биыл 282,2 млрд. теңгелік 14 жаңа өндіріс қатарға қосылып, жаңадан 2,6 мың жұмыс орны ашылады.

Облыс басшысы Жеңіс Қасымбек өткен жұмада халыққа есеп берген кездесу кезінде биыл инвестиция көлемінің өсімін кемі 715 млрд. теңгеге жеткізуді, жаңа және экспортқа бейімделген кәсіпорындар құру үшін трансұлттық компаниялар мен шетелдік инвестиция тартуды алға міндет етіп қойды. Көздеген межеден көрінуге мүмкіндік бар. Инвестиция тартуда мемлекеттік қолдау құралдарының бірі – өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруда барлық қажетті инфрақұрылымы бар «Сарыарқа» арнаулы экономикалық аймағы екені анық. Қазірдің өзінде оған мүшелік мәртебесін алған 21 компанияның 9-ы жұмыс істеп тұр, 12-сі таяуда қатарға қосылады.

ТҮЙІН

Мемлекеттің бір-бірінен қарыз алуы — әлемдік қауымдастықта қалыпты жағдай. Оның қатарына қуатты компанияны, қаптаған халықаралық ұйымды, «бас-басына би болған» банкті, тағы басқа толып жатқан қаржы мекемесін қос. Демек, мәселе қарыздың көлемінде емес, кімге тиесілі екенінде: мемлекетке немесе жекеге.

Сосын сыртқы қарыз елдің бай-кедейлігіне өлшем болмайды. Айталық, сыртқы қарыз жан басына шаққанда АҚШ-та – 53 851, Францияда – 81 061, Англияда 119 000 доллардан келеді, ал, Өзбекстанда – 130, Қырғызстанда 600 доллардан айналады. Соған қарап Қазақстан экономикасы анау үшеуінен қуатты, кейінгі екеуінен кем деп кім айтады? Ешкім!

Сарапшы біткеннің сөзіне сенсек, сыртқы қарыздың көлемі емес, сол алған қыруар қаржының қайда, қалай жұмсалғаны маңызды. Қайтарымы болмаса, қатердің «көкесі» – сол! Әлеуметтік-экономикалық дамудың барысын болжаған сол сарапшылар 2022 жылға дейін Қазақстанның сыртқы қарызы кемитінін (23,7%) айтады. Айтқаны келсін!

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button