Ұстаз

    Ол әліппемен таныстырған жоқ. Бірақ, журналистиканың қыр-сырына қанықтырды. Сондықтан болар, жезқазғандық журналистердің біразы Көбейсін ЕҢСЕБАЕВТЫ ұстаз деп біледі.

Бұрын есігін ашқан жерім еді ғой. Өгейсітпес. Жезқазған телерадио комитетіне, әйтеуір, жұмысқа кірдім-ау. Оның алдында әскерге дейін теледидардың жаңалықтар бөлімінде сегіз ай  түрлі шаралардан сюжеттер әзірлеп, микрофон ұстауды тәп-тәуір-ақ меңгерген баланың үйренгенін екі жыл плацтағы ақ тер, көк тер жаттығулар ұмыттырыңқырап тастағаны рас. Әскер де өмірдің бір мектебі дегенімізбен, онда сен «тордағы арыстансың». Кіші командирлер әскер тәртібінен бейхабар бозөкпелерді уставқа мойынсұнтумен әлекпіз. Одан кейін қайдағы сюжет, қайдағы микрофон?! Жаңа жылдың қарсаңында «екі жыл екі күндей болмайды» деп қарулас достарымен қоштасып келген баласын сарғая күткен қайран анасы екі-үш ай демалып ал, жұмыс қайда қашар дейсің, деп өбектейді. Жарайды деп уәде бере анамның сағыныш көңілін демдеп қойып, теледидардың бас редакторы ағама барып кеңесем ғой, баяғы. «Екі-үш апта әр жердегі үлкендерге сәлем беріп, кішілік міндетіңді атқарып қайт, оған дейін мен комитет төрағасымен сөйлесе берейін. Өзің еңбек еткен жер ғой, бетімізді қайтара қоймас» дейді ағам. Ол бір қалпақтай дипломы бар журналистердің өзінің сыймай жатқан кезі болатын. Бар қайранымыз, бір ағаларымыздың зейнетке шыққанын немесе бір жеңгелеріміздің жүкті болғанын күту ғана. Босаса орнына барасың. Оның өзінде басқа біреу туралы Обкомнан мына балаға орын қарастыр деген пәрмен түспесе… Сонымен қойшы, не керек, анамның айтқаны келді де қойды, ия бәсе, дегеннің өзінде сәуірге иек артқан тұста облыстық радиодан экономика және транспорт редакциясын бөліп, негізгі қам-қарекетінің бірі аграрлық болып отырған облыста дербес ауыл шаруашылығы редакциясын ашу қарастырылып менің жолым болды да кетті. Мұны облыстық радионың Бас редакторы Шамхан Рахметов қуанышпен хабарлады. Ал, бұл ата-бабасы малмен күнелткен мен үшін таптырмайтын тақырып  еді.

Мұны тәптіштеп отырғаным, өзім дегенге (өзгеге де) «өзегін суырып беруге» дайын тұратын Көбейсін Еңсебаевтың бұл мәселеге тікелей қатысты екенін, әлгі төрағаның табалдырығын тоздырған кісінің сол адам екенін айту. Біз де жақсылық жаса, кімнің жолын ашпадық, бірақ дәл сол Көбейсіндей болғанымыз жоқ. Отызға толғанымда арнаған бір өлеңінде: «Ізетті інім ізімді басқан жаны ізгі, Қиналған сәтте жадыратасың жанымды. Таңдадың менің мамандығымды армандап, Жалғадың алға журналист атты жолымды. Үйде де түзде, эфирде жүрміз жүздесіп, Алдымнан өтіп көрген жоқсың ғой із кесіп. Қуанышымды, мереке, тоймен басқаны, Өзімменен бөлісіп жүрсің бірлесіп. Кейінгі толқын – өзіңді көріп қуанам, Намысың үшін қолыма жасыл ту алам. Мен үшін сенің қайысса егер қабырғаң, Сен үшін менің сырқырап ауырар бұғанам…..» дейтін де сол ағам. Өлең деп қалдық, Көбекең  ақындық жолды арнайы қумаса да, оқта-текте көкейге келіп қалған сөз лықсуды өлең қылып өретіні бар. Менің білетінім, ақ қағазды өлең жазып қаралауға уақыты да, мұршасы да бола қойған жоқ. Десек те, көңілдің кейбір толқыныстарын сыр қылып ақтаруда белгілі ақындармен сатының бір басқышында қатар тұра алады. «Қызығы қайда қаланың, Думаны қайда даланың, Әдебі қайда әйелдің, Базары қайда баланың? Дәуірі қайда дананың, Сәулесі қайда сананың? Келбеті қайда келіннің, Ақ сүті қайда ананың? Саумалы қайда сабаның, Тоқашы қайда табаның? Тот басып тозды бүгінде, Талантың менен талабың. Жүрегімдегі жараның, Шипасын қайдан табамын? Есіктен есік жағалап, Тозды ғой көнбіс табаным. Қағазға жүрмей қаламым, Таусылып төзім амалым, Қасіретін айтып халқымның, Қапалы өлең жазамын. Ақырдың көрген азабын, Төніп тұр басқа ажалың, Оянсаң етті Отаным- Қалғыған қайран қазағым! Алдаған адал адамын, Запыран мына заманың, Қай жаққа кетіп барады? Мен соған қайран қаламын». Бұл ақынның жұдырықтай жүрегін сыздатқан сезімнен туған өлеңінің бірі. Оның жырларының бәрін жіпке тізгендей ғып тізілтіп берудің мүмкіндігі жоқ, қазір. Әйтпесе, алуан тақырыпты арқау қылған жырлары жеткілікті. Бірақ, ол ақындықты кәсіп еткен жоқ. Оның жан қалауы – журналистика болды.

Журналист – кез келген кезбе көз жұмып бара беретін соқыр мамандықтар сортына жатпайды. «Оған белгілі бір машық қажет. Ол – қарт журналист, марқұм Әзілхан Нұршайықов айтпақшы, әрі ақын, әрі ғалым, әрі ғарышкер, әрі тарихшы бас біріктірген төрт моторлы әуе кемесі сияқты. Немесе, Көбекеңнің бейнелей айтқанда деп бастайтын өз сөзін қылын қисайтпай қолдансақ, «ол  – кенші, металлург, малшы, дәрігер, инженер, ұстаз… болуы керек. Тұғыры биік өзге мамандықтардан айырмашылығы да, артықшылығы да осы» дер еді. Осы жерде мына бір жәйттің ойыма оралып отырғаны, 1977 жылы мектеп бітірген түбітмұрт бозбаланы әкеме айтқан уәдесімен маусымның басында Алматыға ала жөнелді. КазГУ-дің журналистика факультетіне бақ сынатуға. Әлдекімдермен сөйлесіп жүріп, студенттер жатақханасынан талапкерлерге арналған орыннан бір бұрыш алып беріп, өзім тағдырластармен бірге жатқызып та қойды.  Бұрын Алматыны кім көрген? Ауызымызды ашып, көзімізді жұмамыз. Кейде аңсарымыз көркем қаланы аралауға көбірек ауып тұратынын несіне жасырайық. Сынақ уақыты да келді. Екінші пәннен сүріндім. Ағамның сондағы айтқаны мына сөз: «Заңгер болып та жаза беруге болады. Қайта  бір саланы толық меңгергенің өзіңе жақсы. Құжаттарды алып  юрфакқа тапсырайық, – деді  менің көңілімнің құлазып тұрғанын байқап. Мен келістім. Оқуға түскім де келеді, Алматыда жүре тұруға да бейілмін. Алғаш талпынысымда екеуінен де жолым болмай, студент атанудың сәті келесі жылы ғана  түсті. Одан кейінгі тағдырымдағы тәлімгерлерім КазГУ-дің мүйізі қарағайдай әрісі академик, берісі доценттер болса, өмірде де, кәсіпте де ұстазым – осы Көбейсін Еңсебаев екенін ауыз толтырып айта аламын. Ұстаз дегеннен шығады, тек қуып айтар болсақ, тоқсан баулы қарақыпшақтың Дәуітбай деген тармағының өзінен республика оқырманына белгілісі бар, белгісізі бар бүгінде тоғыз қаламгер шығып отыр екен. Соның бірі інісі мен болсам, енді бірі – Көбекеңнің өз перзенті, Төтенше жағдайлар оқу орталығы бастығының орынбасары, запастағы полковник Бейбіт. Кейінгі буыннан да заманның алдыңғы қатарлы кәсіптерінің бірі – мерейі мен мехнатын шекпенді қаламгер Шерхан Мұртаза «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп меңзеген мамандыққа талпынып жатқандар бар шығар, бәлкім. Мұндайда «е, бәсе, бәрекелді!» деуден басқа не дей қоямыз. Айтқымыз келгені осы тоғыздың сегізіне ұстаз Көбейсін ағам. Оны бүгінде Алты Алашты ауызына қаратқан немере інісі Жүрсін Ерман да айтып жүреді. Біреуміздің қолымызға қалам ұстатып, мақала жаздырып «емтихан» алса, енді бірімізді қолымыздан жетектеп қарашаңырақ КазГУ-дің есігінен кіргізіп жіберді. Тағы бірімізге тілеулес болып дем берді.  Қаламұшын алғаш рет аудандық «Октябрь туы» газеті редакциясында сиясауытқа малған ол Қарағанды облысындағы БАҚ-тың әр саласында түрлі дәрежеде жемісті еңбек етіп, абыройға бөленіп отырды. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының ортасында дербес Ұлытау ауданы құрылды. Ол кездің дәстүр-салты бойынша, партиялық талап-шартымен де жаңа әкімшілік-аумақтың үгіт-насихат құралы-баспасөзі болуы тиіс. Сөйтіп, көп ұзамай дүниеге келген «Ұлытау өңірі» газетінің басшысы таңдалды. Ұлытау аудандық партия комитетінің ұсынысы Жезқазған облыстық партия комитетінің құптауымен редакторлыққа Көбейсін Еңсебаев лайық деп танылды.  Сол кезде жаңа орынға дәмелі үміткерлердің бұл шешімге қатысты өкпесі де болмай қалған жоқ. Не қайран қылмақ, партия ұйғарды, бітті. Сол кездегі «алтын бастардың» уәжі  – Көбейсін Еңсебаев ақыл тоқтатқан, білімді, журналистиканың қазанында қайнаған, жастығына қарамастан тәжірибелі, өңірдің тұрмыс-тіршілігімен жақсы таныс, бастысы жастық жалын бар. Мен корректордан облыстық газет редакторының бірінші орынбасарлығына, «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік корпорациясының медиа орталығы директорлығына дейін барып, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға зор үлес қосқан ақын-журналистің творчествосына әдейі тоқталып отырған жоқпын. Оның бәрі Көбекең оқырмандарының көз алдында. Шығармашылығының арқасында абыройға бөленді. Ұлытау ауданы, Жезқазған қаласының құрметті азаматы. Біреуге ол күлше нан бергендей қолға ұстата салатын оңай дүниедей болуы мүмкін. Асылында, оның артында көпжылғы еселі еңбек пен халқының ыстық ықыласы жатыр. Көбекең бүгінде жетпістің желкесіндегі, сексеннің сеңгіріне көз тіккен ақсақал. Бір кездері Құйғанның қиыр тасына табанын бірге тілдірген «соғыс жетімдерін», солармен бірге өткізген кермегі басымдау  балалық дәуренді еске алып отырады. Ондай кезде жадына әр нәрсе келіп кететін болуы керек, алысқа мұңая көз тігеді. «Мынау Қарадыр ғой! Аманкелді, Сәбет, Сапар бәріміз асыр салатын едік-ау»,– деп құрдас-ағайындарын алғаусыз балалық көңілмен көз алдына әкеледі. Адам қартайғанда бір бала деген. «Бір атым насыбайға көңілі қала ма, қалай?» Әйтпесе, қабырғалары қайысып, белдері майысып, соғыс қасіретін бірге тартқан, бірінің жүрегі сазса қара құртты бөліп берген, күні кешеге дейін арасынан қыл өтпеген екі немеренің ортасынан қара мысыққа жол беріп қойғанын қай қисынға саламыз. Кейінгі балаларға салқыны тимесе жөн!

Тәуелсіз Қазақстан тарихында Аңырақайдан кейін жаудың беті қайтқан «Бұланты шайқасы» соңғы кездердегі тарих картасына белгісі мықтап қойылған алапат майдан орны. Оны Мемлекет басшысының өзі бірнеше рет ауызға да алған. Онда төгілген қан мен шашылған сүйекте есеп болмады. Беріде әруақтарды түгендеуге қызыл өкімет мұрсат берген жоқ. Тәуелсіздік таңы атқаннан соң ғана ұрпақтар есін жиып, батыр да дана  бабаларын іздей бастады. Соның куәсіндей, осы жазда сол қанқұйлы шайқаста мыңбасы, жүзбасы, онбасылық қылған сардар бабаларға арнап ас беріліп, Бұланты өзенінің бойына мәрмәр тастардан ескерткіш белгілер орнатылды. Соңғы жылдардағы ұлттық киноөнеріміздің сүбелі туындысының бірі – «Жаужүрек мыңбаланың» көзге түсетін жері де осы Бұланты өзенінің бойы деп естиміз. Оның нақтылығын  тарихшылар айта жатар. Сол жаужүрек батырлардың басында Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Тама Есет, Шақшақұлы Жәнібектермен үзеңгілес Ұзынқыпшақ Тілеулінің болғаны шежіреден белгілі. Сондықтан да найзасы көкке шаншылған батырлар стелласының жібек лентасын қию құрметі Ұлытау ауданы әкімінің орынбасарымен бірге Тілеулі батыр ұрпағы Көбейсін Еңсебаевқа тиген. Шенеуніктікі түсінікті. Әкімнің құттықтауын оқыды. Ақын болса жүрекжарды қошеметін жыр тілімен жеткізді. Бұл осы шайқаста ерлік көрсеткен 10 баһадұр ұрпақтарының шоң қолбасшыға, оның мәртебесіне деген құрметі болатын. «Жол Көбейсіндікі» – деп шешкен сонда ел қорғаған ерлердің есті ұрпақтары. Бүгінге дейін үлкенді-кішілі бес кітап шығарған журналист-ақынның алтыншы кітапқа да білек сыбанатын түрі бар. Ол қасиетті Бұланты өзені бойында батыр бабалардың ерлігін паш ететін шығармаға кірісетінін айтып та қалды. Бұланты қарасирақ Көбейсіннің өзен қуалай  жүгірген жері. Темірсауытты ата-бабасының ақнайзасын атажауға білеген даласы. Енді ол шығармасына арқау болып жатса, несі айып?! Интернет-сайт деген рахат болды. Астанада отырып республикалық, облыстық, жергілікті газеттерді ақтарып қоямын. Жалпы оқырман мұндайда алдымен тақырыбына қараса, менің көзім  мақала астындағы авторға түседі. К.Еңсебаев деген фамилияны көрсем ағамның кемесінің әлі айдында жүргеніне қуанам. Тәубә! Жетпістің желкесінде тұрса да қолынан қаламы түспеген  ақмылтық журналиске қуат тілейміз біз.

Айтқадыр ТІЛЕУОВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.