Ұстаз ісімен өнеге

    Жас ұрпақты жан-жақты тәрбиелеу жолында жемісті жұмыс істеп келе жатқан Қарағандыдағы байырғы мектептердің бірі – №65 орта мектеп. Бұл мектепте даңқты жерлесіміз Геннадий ГОЛОВКИН тәлім алған. Бүгінде білім ордасында мың жарымнан астам оқушы білім алуда.

     Ұрпақты тәрбиелеу ісімен жүзден аса ұстаз тер төгуде. Жетістіктері де аз емес. Бұл істе, әрине, мектеп директоры Бекбай Әзибекұлы Смағұловтың еңбегі бір төбе.

     Бекең – 32 жыл еңбек өтілі бар ұстаз. Жоғарғы санатты мұғалім. Бұған дейін қаладағы №40 мектептің директоры болған Бекең саналы ғұмырын өңірдегі білім саласының дамуына, шәкірт тәрбиесіне арнаған жан.

     «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. 2013 жылдан мектеп ұжымын басқарып келе жатқан Бекбай ағайдың атқарып жатқан жұмысы қыруар. Білім ордасының жаңаруына орасан еңбегі сіңді. Білікті ұйымдастырушы ретінде мектептегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына қаржылай немесе заттай көмек берілуіне көп көңіл бөлуде. Бекеңнің қадағалауымен мектеп маңы мұнтаздай тазартылып, айнала отырғызылған жасыл желек ауланың сәнін кіргізуде. Қалалық білім бөлімінің қолдауымен физика, мультимедия, биология кабинеттері уақыт талабына сай жабдықталды. Оқушылардың білім деңгейінің өсуіне ықпал етті.

    Әсілінде, Бекеңнің ата-анасы да өмірлерін ұстаздыққа арнаған жандар. Әкесі Әзибек бірнеше жыл Ақтоғай ауданының білім бөлімін басқарған. Партия органдарында жұмыс атқарған. Өкініштісі сол, өмірден ерте озды. Анасы Мәкилә балаларына әкелерінің жоғын сездірмей өсірді. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында айшықты еңбегімен дараланған ана жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Өз ісіне берілген, шәкіртінің бойына нұр құя білген ана балаларына үлкен өнеге болды. Бүгінде ана құрметті демалыста. «Білім беру ісінің үздігі».

    Жастайынан білімге құштар Бекең ата-анасының сеніміне селкеу түсірген емес. Ұстаздық қызметті абыроймен жалғастыруда. 1987 жылы жұбайы Жаңагүл Машенқызымен шаңырақ көтерді. Қазір немерелері – Айлан мен Әбілмәнсүрдің сүйікті ата-әжесі. Жаңагүл апай Қарағандыдағы №54 орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді.

    Бекбай Әзибекұлының қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы – оны өзгелерден ерекшелендіреді. Жайдары мінезі, қазақы ақжарқындығы мен қызметіне деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі боларлық. Үлгі алар, өнеге көрсетер жандар көп болғай.

Ж.ҮСЕНҒАЗИЕВ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.