Рухани жаңғыру

Ұстанымы – берік, идеясы – ерек

Азаматтық бастамалар күні қарағандылықтардың өздерін толғандырған қоғамдық мәселелерді шешуде ойлары мен идеяларын ұсынудың таптырмас мүмкіндігі. Оның өткізілуіне мұрындық болып жүрген былтыр құрылған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша аймақтық жобалық кеңсесі.
Жақында жобалық кеңсе кезекті бастамалар күнін өткізді. Бұл биылдыққа – бесіншісі. Жобалық кеңсенің бас әкімшісі Карина Хасянованың айтуынша, осы уақытқа дейін жүзге жуық жоба ұсынылған екен. Олардың жиырмасы жүзеге асыпты.
– Мәселен, – дейді Карина Хасянова,– биыл наурыз айында екі жоба ұйымдастырды. «Қазақтың би-шешендерінің мұрасы» атты танымдық кеш пен «Үздік дизайнер» қалалық ашық байқауы әуелде осындай жоба ретінде ұсынылған болатын. Облыстық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен іске асты. Бірі, ұлттық шешендік өнерін насихаттауға бағытталса, екіншісі, қазақтың тоқыма өнерін, ұлттық қолөнерін жандандыруды, осы бағытта жұмыс жасап жүрген дизайнерлерді қолдауды көздейді.
Оның айтуынша, азаматтарды тікелей қабылдау арқылы олардың ой-пікірлерін білу, идеяларын тыңдау бойынша аймақтық жобалық кеңсесі республика бойынша біздің өңірде ғана екен. Бұл билік пен қарапайым адамдардың арасындағы байланысты нығайтады, жастардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға септігін тигізеді және халықтың жауапкершілігін арттырудың бірден-бір құралы болып табылады.
Мұнда айтылатын ойлар әртүрлі, ұсынылатын жобалар сан қырлы. Оқушылардан бастап, қарттарға дейін өз идеяларымен бөліседі. Осы жолы Федоров су қоймасын тазалау, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған кітапша, оқулықтар шығару, волентерлық, яғни, еріктілердің жұмысын жандандыру, тіпті, криматорий салу қажетті туралы да идея көтеріліпті. Белгілі бір салаға қатысты идеямен келгендерді кеңседе отырған тоғыз басқарманың мамандары қарсы алады. Олардың ішінде, азаматтардың және қоғамдық өмірде айрықша маңызға ие, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, инновация, көлік қатынастары, кәсіпкерлік, мәдениет, тілдерді дамыту сияқты басқармалардың өкілдері бар. Білім басқармасындағы бөлім басшысы міндетін атқарушы Гүлмира Қабдиева, бұл жобаға алғаш рет қатысып тұрғандығын, азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілігі қуантатынын жеткізді.
– Бүгін Пришахтинскідегі құрылыс колледжің студенттері келіп, сондағы саябақты тазалау, көркейту бойынша пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, жас журналистер арасында журналистік байқау ұйымдастыру туралы идея айтылды. Оны айтып отырған – оқушылар. Байқау барысында шеберлік сыныптарын өткізу, баспахана мен бұқаралық ақпарат құралдарына экскурсия жасап, жұмысымен танысуды жоспарлапты. Бұл жерде оқушыларды кәсіби бағдарлау, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері жатыр. Гуманитарлық колледждің студенттері ұсынған жоба да жақсы. Дамуында кемістігі бар балаларға арналған дидактикалық материалдарды әзірлеу және сабақ беру арқылы олар тәжірибе жинақтайды, балалар да дамуға мүмкіндік алады. Айта кетерлігі, бұл жобалар қосымша қаражатты талап етпейді,– дейді ол.
Шараның соңына қарай келген екі оқушы қайырымдылық жасау жобасын жасап әкеліпті. №102 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушылары Ақжол Ертісбаев пе Абай Әлімов өздері жасаған «Үміт» жобасы бойынша балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көмек қолын созбақ ниетте екен.
– Қазір барлығы бизнесті қалай бастау керектігін айтады. Біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайырымдылық, адамдардың бір-біріне деген мейірімін оятуды мақсат етеміз,– дейді Ақжол.
Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көмек көрсетілмейді емес, көрсетіледі. Бірақ, оның барлығы тек бір күндік қана қуаныш сыйлаумен шектеледі. Әдетте, бір күн бойы қыдыртады, тамаққа тойдырады, соныменен болды. Ал, бұл балалардың ұсынып отырған жобасында бір балалар үйіндегі барлық балаға жеке-жеке қарау мәселесі жатыр. Олардың туған күндері болса – өткізу, қажеттіліктері болса – алып беру, жалпы алғанда, қарамағына алған балаға жан-жақты тәлім беру. Әлбетте, бұл екі баланың қолынан келетін шаруа емесі түсінікті, бұл жерде мектептің бұл жобаға қолдау жасауында. Мұның алдында Ақжол мен Абай жобаларын мектеп ішінде көрсетіп, басқа оқушылар мен сынып жетекшілері, мектеп әкімшілігі тарапынан келісім алған екен. Сөйтіп, қайырымдылықтың жүгін жұмыла көтермекші.
Гүлмира Қабирахманқызының айтуынша, бұл жобаның жүзеге асып кету мүмкіндігі мол. Себебі, басты мәселе – балалардың ниетінде әрі қосымша қаражат салу қажеттілігі жоқ.
Жас та болса, өздерінің ойларын білдіру арқылы қоғамдық мәселелерді шешуге үн қосып жатқан оқушылардың талабына нұр жаусын дейміз.
Бұл қарағандылықтардың өздерінің қаласы мен аймағының тағдыры мен болашағына бей-жай қарамайтындығын көрсетеді. Қуантатыны да осы.

Жансая Омарбекова

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button