Софының сом туындыларын тарту етті
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Қаракесек кәрсөн» қоғамдық қорының өкілдерімен тағылымды кездесу өтті. Қор өкілдері қазақ әдебиетінің айтулы өкілі, сөз зергері, көзі тірі классик жазушы, ақын, драматург Софы Сматаевтың 25 томдық шығармалар жинағын университет кітапханасына тарту етті.
Кездесу барысында университет ректоры Нұрлан Дулатбеков тарихи тақырыптарға қалам тербеген жазушы Софы Сматаев шығармаларының жас ұрпақ үшін маңызын айтты. Сондай-ақ, қаламгердің көптомдық шығармалар жинағын тарту еткені үшін «Қаракесек кәрсөн» қоғамдық қорының өкілдеріне алғыс білдірді.
«Қаракесек кәрсөн» қоғамдық қорының құрылғанына жарты жыл ғана болыпты. Қор қоғамдағы игі істердің бастамашысы болуда.
– Қарағандыдағы білімнің қарашаңырағы Бөкетов университетіне қазақтың көрнекті жазушысы Софы Сматаевтың 25 томдық шығармалар жинағын әкеліп, табыстадық. Келешек ұрпақ, жастар Софының қаламынан туған проза, лирика, драматургия, романдарын оқып, білім көкжиегін кеңейтсін деген ниетпен оқу ордасына тарту еттік. Бұған дейін Софы Қалыбекұлының кітаптары өзі туып-өскен елді мекендерге таратылды. Кітап жетерлік. Қарағанды облысына толық таратпақпыз, – деді «Қаракесек кәрсөн» қорының төрағасы Қазгелді Жұмашұлы.
Ол өз сөзінде Қарағанды облысының мектептеріне, кітапханаларына, соның ішінде, Шет ауданының Жұмыскер ауылына, Қайрақты, Ақадыр, Босаға, Киікті, Мойынты, Сарышаған ауылдарына жазушының кітаптар топтамасы сыйға тартылғанын айтты. Одан бөлек, Қарқаралы, Ақтоғай аудандарында, Балқаш қаласындағы оқырмандардан тапсырыс түсіп жатқанын жеткізді.
Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар жазушы Софы Сматаевтың қаламынан туған шығармалары еш уақытта оқырман назарынан тыс қалмайды. Қоғамдық қор өкілдерінің бастамасымен әкелінген қаламгердің 25 томдық шығармалар жинағы университеттің кітапхана қорын толықтырды.
Жиын соңында қадірлі қонақтар университет аумағындағы «Күй аллеясына» арнайы ат басын бұрып, сиқырлы орындықтарды тамашалап, күй тыңдап қайтты.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»