Жаңалықтар

Соғыс сызы жүректе

Әкеміз Базылкәрім САДЫҚБЕКОВ Ұлы Жеңістің 52 жылдығына 4 күн қалғанда өмірден өтті. Өзінің айтуынша, 1925 жылы 15 қазанында Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталғанда ол небары 16 жаста ғана болған екен.

Қару алып ел қорғауға бекінген әкеміз өзіне 2 жас қосқызып, 1942 жылы 10 маусымында Қарағанды қаласының Сталин аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылады. Ұлы Отан соғысына 105 гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамындағы 349 гвардиялық атқыштар полкінде жас курсант болып қатысады, ал қыркүйек айынан бастап атқыштар бөлімшесінің командирі болған екен. Днепрді алу кезіндегі ауыр шайқастардың бірінде бөлімше командирі ауыр жарақаттанғанда, Базылкәрім Садықбеков еш саспастан солдаттарды шайқасқа алып шығады.
Базылкәрім әуе десанты әскері құрамында Балатон көлі аумағында жасақталған. Бөлімше шабуылы кезінде Папа (Венгрия) қаласының аумағында 1945 жылдың 25 наурызында ардагер оң иығы мен оң тізесінің буынына тиген оқтан ауыр жарақат алады. Бұл 3-Украин майданы 105 гвардиялық екпінді әскери атқыштар дивизиясының, 349 гвардия¬лық атқыштар полкіндегі атқыштар бөлімшесінің командирі лауазымындағы гвардия сержантының неміс басқыншыларына қарсы Ұлы Отан соғысындағы соңғы шабуылы еді.
Ұрыс даласынан жергілікті венгр шаруалары алып шығып, біраз уақыт жасырып, мүмкіндік туған кезде эвакуациялық госпитальге тапсырады. Ардақты ардагер 9-мамыр Жеңіс күнін Мәскеу қаласында қарсы алады. Ол жеңіс туы желбірегенде Мәскеу қаласының Фрунзе ауданындағы Орталық жарақат институтында емделіп жатқан еді. Сол уақытта жарақат нәтижесінде оң жақ тізе буынының тақылжырын алып тастау бойынша отаға түскен екен. Отан соғысының ІІ топтағы мүгедегі болып соғыстан оралған әкемізді үкімет бірнеше мәрте марапаттады. Атап айтқанда, «І дәрежелі Отан соғысы» ордені, «ІІІ дәрежелі Даңқ» ордені және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі, «ІІІ дәрежелі Шахтер даңқы» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, мерекелік медальдарды кеудесіне тақты.
Соғыс ардагерінің ғұмыры «Қарағанды көмір» өндірістік бірлестігімен тығыз байланысты. Базылкәрім әкем 1946 жылы №2 шахтаға жұмысқа алынады. Әртүрлі қызмет сатысынан өтті. 1950 жылдың тамызында шахта комитетінің төрағасы болып сайланды. 1952 жылдың тамызында №36 шахта комитетінің төрағасы болды. 1954 жылдың ақпанынан бастап Костенко атындағы шахтада жұмыс істеп, тамыз айында тау-кен шеберлерінің 2 жылдық мектебіне жіберіледі. Тау-кен мектебін бітірген соң 1956 жылдың тамызында №35 шахтаға тау-кен шебері болып жұмысқа қабылданады.
1974 жылдың наурызында жерасты техникалық бақылау бөлімінің 1-санатты тау-кен жұмыскері қызметін атқарды. Бұдан кейін «Қарағандыкөмір» Өндірістік бірлестігінің көмір сапасын техникалық бақылау және стандарт басқармасына ауыстырылады. (№35 шахта). 1988 жылдың мамыр айында құрметті еңбек демалысына шықты. «Қарағандыкөмір» ӨБ-гі 40 жылдан аса ғұмырын арнап, тер төкті.
Мен өз әкемді әрдайым мақтан етемін, ең бір есте қалғаны – бүкілодақтық «Советский шахтер» журналының Шахтерлер күніне арналған (1961 жылдың тамызы) шығарылымында әкемнің шахтер каскасын киіп тұрған суреті мен оған арналған бірбеттік мақала жарияланған күн еді осы жылы мен №61 орта мектептің 1-сыныбына қабылдандым.
Әкем Тау-кен шеберлері мектебінен басқа, Алматы халық шаруашылығы институтын (жоспарлау-экономика факультеті) халық шаруашылығын жоспарлау мамандығы бойынша 1968 жылы бітіріп шықты.
Бұл уақытта ол үлкен отбасының басшысы еді: бес баласы, соғыс жылдарында ұлы шахтада қаза тапқан қартаң апасы Жайлаубаева Зейнеш және төрт баласы бар ағасы Жәлелдің отбасы әкемнің қамқорлығында болды. Біз бірлігі жарасқан үлкен отбасы (14 адам) болып бір шаңырақ астында өсіп-жетілдік.
Анамыз Разия Садықбекова үлкен отбасым болса екен деп армандаған, өте қонақжай адам еді. Анамыз Разия естеліктерінде барлық туғанынан айрылып, жалғыз қалған өмірінің қандай ауыр болғанын айтып отырушы еді, тіпті, немере інісі Мұхтарданда хабарсыз қалған. Үлкен отбасы туралы арманы орындалып, өзінің бес баласын және Жәлел ағайымыздың 4 баласын мейіріміне бөлеп өсірді. Бірақ, әкеміз бен анамызға өз балаларының жеткен жетістіктеріне қуанып, немерелерін бағуға тағдыр жазбапты. Соғыс зұлматы ізсіз кетпеді: соғыстағы ауыр жарақат және соғыс жылдарындағы шахтадағы ауыр еңбектің салдары біздің ата-анамызды өмірден ерте алып кетті. «Орнында бар оңалар»,– демекші артында қалған ұрпақтары 8 баласына, 17 немересі мен 23 шөбересіне ғұмыр берсін.

Мария БАЗЫЛКӘРІМҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button