Жаңалықтар

Скринингтен сырт қалмаңыз

4 ақпан – онкологиялық ауруларға қарсы дүниежүзілік күрес күні аясында осы апта бойы облыс көлемінде онкологиялық аурулардың алдын алу бойынша шаралар өтеді. Сенбі, 9 ақпан күні облыстық онкологиялық диспансерде, барлық ауруханалар мен емханаларда ашық есік күні жоспарланған. Бұл туралы облыстық онкологиялық диспансер мамандарының өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.

Қарағанды облысы бойынша 20182 адам онкологиялық аурулар бойынша есепте тұр. Оның 3797-сі өткен жылы анықталғандар. Терінің, сүт бездерінің, өкпенің жаман ауруы, сондай-ақ, тоқ ішек пен асқазан обырлары кең таралған. Мамандар есепке алынатындардың жыл сайын артып келе жатқандығы аурудың алдын алу шараларының жақсарып, нәтижелі бола бастауынан дейді.

Сергей Шерстов, облыстық онкологиялық диспансер директорының емдеу ісі бойынша орынбасары:

Аталған 20 мың адамның ішінде жақында ғана есепке алынғандар, сонымен қатар, 10-15 жыл бұрын емделгендер де бар. Біздің науқастар өмір бойы есепке алынып, жыл сайын тексерістен өтіп тұрады.

Дертті ерте анықтауда скинингтік тексерулердің үлесі зор. 2008 жылдан бастап обырдың сүт бездері, жатыр мойны, тоқ ішек сынды түрлеріне скрининг жасалса, 2014 жылдан бері қуық асты безі, өңеш пен асқазан обырларына тексеріс жасау мүмкіндігі туды. Нәтижесінде асқынған кезеңде анықталатын жаман ауру түрлері екі есеге азайған. Десе де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылға қарай қатерлі ісікпен ауыратын және одан қайтыс болатындардың саны 1,5-2 есеге артады деп болжап отыр. Бұған өкпе, тоқ ішек обыры, сүт бездері мен жатыр мойны обырының артуы негіз болуда. Қазақстанда да аталған онкологиялық аурулар түрі жиі кездеседі әрі халықтың өлім-жітім себептерінің ішінде онкологиялық аурулар жүрек қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұр.

Сондықтан да дәрігерлер скринингтік тексерістерден бас тартпауға шақырады.

Найля Қабылдина, ҚММУ онкология және сәулелік диагностика кафедрасының меңгерушісі, онкохирург:

Қазір скринингтік тексерулердің жас аралығы ұлғайтылып, 30 бен 70 жас аралығын құрайды. Сонда да тұрғындарымыздың тексерілуге деген құлқы жоқ. Мемлекет қыруар қаржы бөліп отырған тегін тексерістің өзіне «әкетай», «көкетаймен» зорға келеді.

Бұл тексерістерге жасы жағынан сәйкес келмейтіндер өздерінің емханаларында кез келген уақытта қарала алады. УДЗ-де көрінбеген 5-6 мм түйіндерді маммографияда анықтауға болады. Облыс тұрғындары маммографпен толық қамтылған. Мамандар гинекологтың қабылдауында кемі жылына бір рет болуы керектігін айтады. Әр емханадағы дәрігерге дейінгі қабылдау кабинеттеріндегі 7-10 минут түрлі онкологиялық ауруларды анықтауға мүмкіндік береді.

Диспансерде қажетті ем-дом жасауға барлық жабдық бар. Әлем қолданып жатқан дәрі-дәрмектер де біздің елде қолданылады. Кейінгі жылдары ғылым бұл салада айтарлықтай ілгеріледі. Ем жасау жолы да өзгерген. Иммундық дәрілермен қатар, таргеттік, яғни, мақсаттық дәрілер қолданылады. Ол тек зақымдалған жасуша ДНК-сына тікелей әсер ететін препараттар.

Мамандар салауатты өмір салтын ұстанып, ауырмаудың жолын іздеуді қатаң ескертеді.

Жансая ОМАРБЕКОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button