«Скорость» өмірді қысқартады
Мамандардың айтуынша, елімізде есірткі қолданатындардың көбі 19-20 жас аралығындағы жастар. Жастар арасында «Скорость»-тың белең алып тұрғаны жасырын емес.
Облыстық психикалық денсаулық орталығы диспансерлік наркологиялық бөлімінің дәрігері Наталья Габдракипованың айтуынша, жастар есірткінің «скорость» деген түрін көп қолданады екен. Маман жастардың көпшілігі оның қаншалықты қауіпті екенін түсінбейтінін баса айтты.
– Ол түрлі-түсті шарларға ұқсайды. Оны бір рет қолданудың өзі өлім қаупін тудыруы мүмкін. Оны қолданғаннан адам ағзасында психикалық өзгерістер болады. Артынан біреу жүгіріп келе жатқандай, жанында адам бардай көріне бастайды. Соның әсерінен жолға жүгіріп шығу, көлік астына түсу, терезеден секіру сияқты өзіне қол жұмсау әрекеттері орын алады. Нашақорлық – өлімге әкелетін созылмалы прогрессивті ауру, – дейді Наталья Габдракипова.
Бүгінде жастар көбіне психостимуляторларды алкогольмен қосып қолданады. Оған есірткі түрлерін де араластырып пайдаланады. Оның ағзаға зияны бірнеше
есе арта түседі.
Наркология бөлімінің дәрігері Айгүл Такешеваның айтуынша, орталықта жүз адамға арналған орын бар. Оның 20-30%-ы есірткіге тәуелді адамдарға арналған.
– Биылғы жылғы төрт айда наркологиялық бөлімшеде психостимуляторларға тәуелді 11 адам емделді, – дейді А.Такешева.
Дерек бойынша қазіргі таңда Қазақстанда 20 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді. Өкініштісі сол, оның көпшілігі жастар.
Назерке НҮСІПӘЛІ,
Қарағанды университеті журналистика кафедрасының ІІІ курс студенті