Рухани жаңғыру

Өскелең ұрпаққа Өнеге

«Жетістік формуласы» бенефис-шоу жобасының бұл жолғы қонағы Сергей Анның өмірі мен еңбегі жастарға үлгі боларлық. Белгілі жаттықтырушы, “NOMAD ММА” аралас жекпе-жегінің ұлттық түрін қалыптастырушы Сергей Валентинович Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының жақсы дәстүріне айналған бенефис-шоуға қатысты. Қаладағы №10, 27 мектептердің, №95 гимназияның оқушылары мен «Болашақ» колледжінің студенттері «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазымен кездесу мүмкіндігін алды.
Кездесу басталған беттен-ақ оқушылар қонақты сұрақтың астына алды. «Сіз үшін бақыт деген не? Өмірде өкінішіңіз бар ма? Өміріңізде нені өзгерткіңіз келеді? Сіздің жетістігіңіздің сыры неде? Дінге көзқарасыңыз қандай?» Оның ешбірі жауапсыз қалмады. Сергей оқушылардың осындай қызығушылық танытқандарына сүйсініп, өзінің балалық шағымен, спорттағы қызықты сәттерімен бөлісі.
– Өзім таңдаған жолдан ешқашан бас тартқан емеспін. Жаттықтырушы болу үлкен жауапкершілікті талап етеді, оған барыңды саласың. Мені он жасымда спортқа бағыттап, жол көрсеткен әкеме, одан кейін бапкерлеріме алғысым шексіз. Жалпы, менің қалыптасуыма әкемнің ықпалы ерекше болды, оны ең беделді санадым. Бүгінде үлкен ұлым спортты серік еткен. Атақ, дәрежесі де жоқ емес,– деді С.Ан.
Сергей Валентинович сан-қырлы азамат екенін аңғартты. Ол гитарада жақсы ойнайды, өлең шығарады, жекпе-жек өткізу әдістемесі жайлы кітаптар шығарады. Бұрынырақта сурет салумен де шұғылданған екен. Қазір шығыс медицинасын оқып-білумен айналысады.
– Патриотизмді әркім әртүрлі түсінеді. Менің түсінігімде ол, еліңе жаның ашу. Спорттық сайыстарда еліңнің туы төмен тұрса, сол үшін намыстанасың. Бізде басқа елдерден келген шығыс жекпе-жегінің түрлері көп. Он бес жылдай уақыт ішінде біз өзіміздің ұлттық жекпе-жек түрін ойластырдық, оның ережелерін қалыптастырдық. Бүгінде “NOMAD ММА” ұлттық жекпе-жек түрін әлемнің 15 елінде мойындалған. Оның әдістемесінің негізінде қазақ батырларының ежелгі дәстүрі мен заманауи әлемнің бейнесі тоғысқан. Рухы мықты, шынайы патриоттарды тәрбиелеуді мақсат етіп, спорттың бұл түрімен айналысатындардың қатарын арттыруды көздейміз. Әуелде жүз қатысушыдай ғана болса, қазір олардың саны алты жүзден асып жығылады. Тамашалаушылар да екі мыңнан артық,– деді ол.
2008 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін “NOMAD ММА” ұлттық жекпе-жек түрі бойынша дүниежүзілік федерациясының вице-президенті. 2010 жылдан бастап ҚР жауынгерлік өнер республикалық одағы жоғарғы кеңесінің төрағасы. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «Қазақстан Республикасының спорт шебері», «Жауынгерлік өнер шебері» төс белгілерінің иегері Сергей Валентинович қалалық мәслихаттың депутаты ретінде қаланың еңбек және әлеуметтік саласындағы мәселелерді шешуге атсалысып келеді.
Бенефис-шоудың бүгінгі қонағынан үйренер көп. Таным көкжиегі қалыптасып, азаматтық ұстанымы анықтала бастаған жеткіншектер үшін бұл кездесу жағымды әсер, сенімді серпін бергені анық. Отыз жыл бойы жастарды жаттықтырып, өзінің жолын айқын таңдап, өмірден орнын тапқан осындай жандар көп болсын. Шара соңында С.Ан өзі үздік деп таныған екі сұрақтың иесіне естелікке кітабын сыйлады.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button