Шынайы насихат – сенімді қадам

   Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Төртінші өнеркәсіптік революцияға қадам басып, өмір сүру салтымыз ғана емес, адамзаттың өзі өзгеру табалдырығында тұрған кезде Елбасының ұсынысы – жаңашылдыққа батыл қадаммен қатар, өзгерісті өз қолыңмен жасауға берілген мүмкіндік. Ең бастысы – ендігі ұрпақ, заманауи жастар өзге қаріппен жазылған білім арқылы басқаша білім алып, басқаша қарым-қатынас жасайтын болады. Латын қарпіне өту арқылы өмірімізге енетін өзгерістің, атап айту керек, жақсылыққа қарай өзгерістің шет-шегі жоқ. Ақыл-ойыңыздың парқы жеткен жерге дейін қанат қағып, революцияға өз үлесіңді қос, әлем мәдениетін меңгер, білім көкжиегіңді кеңейт, сол арқылы өзіңді және еліңді таныт…

Ақпарат заманы деп айтылып жүргеніне біраз болғанымен де, жер жаһанды торлаған ақпараттың қармауына ілігіп, керек пен керексіздің парқына жете алмай қалуды бүгінгі күні «ақпараттық сауатсыздық» десек те болар. Демек, ақпарат легінен керегімізді алып, керексізін ысырып тастау қажеттілігі бар. Ал, біз сол ақпарат билеген заманда өзімізге қажеттіні ала алып жүрміз бе?! Даулы сұрақ. Бұл жерде басты әмірші – уақыт. Шыны керек, ғаламтордағы ақпараттың көпшілігі ағылшын тілінде екеніне дауыңыз жоқ болса, біздің жағдайымызда керегімізді орыс тілінде ғана тауып алып жүргеніміз жасырын емес. Қазақ тілді ақпараттардың тар көлемінен керекті таппай, орысшадан аударып жүріп, талай уақытты өткізетініміз жасырын емес. Қынжылтатын жайт.

Жедел жұмыс жасау, уақыттан бұрын шапшаң қимылдау қажет болғанда қолға кісен салғандай болған бұл жайттың шешімін табу – латын қарпіне ауысу екенін екінің бірі түйсінгенімен, әр түрлі пікірлер жазылып та, айтылып та жатыр. Яғни, дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы қажет дүниеге дұрыс түсінік беру – көзі ашық оқығанның, Елбасының саясатын жұрыс бағамдай алатын мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті болмақ.

Осы орайда Теміртау қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі арнайы жұмыс тобын құрып, тұрғындарға түсіндіру жұмысын бастап кетті. Ардагерлер ұйымынан басталған түсіндіру жұмыстары қаладағы әр түрлі мекемелерде жалғасын табуда. Теміртау қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Динара Жүнісова мен Тілдерді оқыту орталығының басшысы Меруерт Ахметжанованың басшылығымен жұмыс тобы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Халық көп жиналатын орын – халыққа қызмет көрсету орталығына келушілер өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарына осы жердегі жұмыс тобының мүшелерінен ала алады. Ал, арнайы өткізілген шараға үлгермей қалсаңыз, оның да орайы қарастырылған. Яғни, орталықта латын қарпіне көшуга байланысты көкейіңізде жүрген сұрақты жазып, салу үшін арнайы жәшік қойылған. Ал, әкімшілік және тіл орталығының мамандары сұраққа жауап беруге дайын. Орталық – халықтың көп жиналатын жері. Кез келген шаруаны оңтайландыру үшін осы жерге соғып, анықтама алуға кім де болса бір соғып кететіні жасырын емес. Оның үстіне – қоғамның ең белсенді мүшелері, яғни, қызметкерлер, кәсіпкерлерді де осы жерден табуға болады. Оларға латын қарпіне өту қажеттілігін түсіндіру арқылы жұмыс тобы халықтың көп бөлігіне ақпараттың дұрыс тарауына ықпал етуде.

Теміртау қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Динара Жүнісованың айтуынша, барлық жас тобындағы тұрғындар Елбасының бұл бастамасын дұрыс қабылдап, өздерінің қуаныштарын білдіруде дейді. Қойылатын сұрақтар көкейге қонымды және олардың қайсысы болса да жауапсыз қалмақ емес. Тұрғындар арасынан алаңдаушылық танытып отырғаны – қарттарымыз. Олардың тарапынан ағылшын тілін қатар үйреніп жүрген жастар үшін латын әліпбиіне көшу қиындық туғызбағанымен, осы жасқа келгенде біз үйреніп кете аламыз ба деген сұрақ көп қойылады екен. Мамандардың оған да берер жауабы дайын. Яғни, кириллица да қатар жүрмек.

Сонымен қатар, әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің «Instagram» және «Facebook» әлеуметтік парақшаларында да қойылатын сұрақтарға жауап беру, талқылау жүргізілуде. Ал, Тілдерді  оқыту орталығымен бірлесе отырып, арнайы дайындалған парақшада латын алфавитінің жобасы мен қазақ, орыс және латын алфавитінің артықшылықтары мен кемшін тұстарын көрсетілген.

Түсіндіру тобының мүшелерінің айтуынша, ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры, бүгінгі компьютер заманында әлемдік ғаламтор жүйесіндегі ақпарат кімнің қолында болса, емін-еркін билігін жүргізетін де сол. Ал ақпараттың басты құралы – жазу. Яғни, ғаламтор жүйесінде үстемдік жасаушы – латын графикасы. Білім, ғылым, өндіріс саласында еніп жатқан жаңа технологияларға латын әліпбиі арқылы қол жеткіземіз. Сондықтан, латын әліпбиіне көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңілдейді, яғни, ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашылады.

Теміртау қаласы әкімдігінің мамандары аймақта халық көп жиналатын орындарда түсіндіру жұмыстарын жалғастыра береді. Енді келесі кезекте халық көп жиналатын, жәрмеңке өткізілетін орында түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

ТЕМІРТАУ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.