Жаңалықтар

Үштік бірлігі үзілмесін

Әлихан Бөкейхан ауданының Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты «Оқушы – ұстаз – ата-ана» – үштік одақ ынтымақтастығы» атты ұстаздар мен ата-ана қауымының жеке кездесу күнін ұйымдастырды. Мектептегі әрбір оқушының ата-анасы келіп, баласының сабақ үлгерімін һәм тәртібімен өзге де мұң-мақтажын осы арада мұғаліммен талқылауға мүмкіндігі бар.

Мектеп табалдырығын аттай бере қаз-қатар тізілген әр пәннің мұғалімдері өздеріне жүгіне келген ата-ананы ден қоя тыңдап, арқалап келген мәселесінің шешімін бірге қарасуда.

– Ата-ана ретінде бұл мектепке алғысым шексіз. Қазір барлық жерде дамуды сөз етіп жатырмыз ғой. Сол дамудың бір шеті осы мектепке де жеткен. Қарапайым қазақша тәлім-тәрбие мен заманауи робототехника құрастырып оны басқарудан бастап біршама қабырғалы істер атқарылуда. Ең айта кетер жайым бұл мектепте бұзақылық, үлкендердің кішілерге әлімжеттілігі, жатақханаларында басбұзарлық атымен жоқ. Әрдайым көретініміз – үлкендері кіші оқушыларға қамқор[1]лық танытатыны. Мектепке кірсеңіз, қазақша сәлемдесу, бір-біріне қазақша тіл қатысқан оқушыдан аяғыңды алып жүре алмайсың. Білімділігімен ізденімпаз оқушылар талай жүлделі орындар алып жүр. Ол спорттық жарыс болса да, білімнен жарыс болса да. Бұл да жетістік. Мұның бәрі ұстаздар қауымының еңбегі деп білемін, – деп баға берді 9 «а» сынып оқушысы Айым Жұмекенің анасы Бақыт Бейсенова.

Расында, 19 сынып бірдей шоғырланып, 61 ұстазға ұйыған оқушылар ордасынан өзгеше бір жылу еседі. Қаз балапанындай қатарласқан балалардың айтар әңгімесі кітап пен робототехника. Тіпті, үзіліс арасында да оқушылар өздерінің робот машиналары орналасқан залда түрлі ойындар ойнап уақыт өткізеді.

– Мектепке келгелі роботқа деген қызығушылығым артып, осы робототехника үйірмесіне қатыстым. Бүгінде өзіміз қолдан робот құрап оған қашықтан басқару құрылғысын енгіздік. Мысалы мына қос робот футбол алаңында кәдімгі футбол ойнауда. Ойын қарапайым екі жақтағы қақпаның біріне гол салу мен ұпай еселену арқылы жүзеге асады, – дейді 10 «ә» сынып оқушысы Темірлан Ахметбек.

Асылында, Жамбыл мектебінің бұл тек бір қыры ғана. Қазақстан Республикасының үздік 100 мектебінің һәм облыстың үздік 20 мектебінің қатарына енгенін былай қойғанда жанында орналасқан жатақхананың да өзіне тән ерекшелігі баршылық. Ол алыс ауылдан қатынап оқитын балаларға арналған. Онда 200 орын бар. Күніне бес мезгіл ыстық тамақ беріледі. Ішінде за[1]ман талабына сай жуынатын бөлме де орналасқан. Бұл аз десеңіз, кейінгі үш жылдың мұғдарында оқушылар ұлттық бірыңғай тестілеуден де нәтижелі балл алып жүр. Мектеп басшысының айтуынша, орта есеппен оқушылардың 40 пайызы былтырғы жылы жоғары балл алған. Оның тең жартысы осы ауыл балаларының еншісі.

– Ауыл балалары қаланікіне қарағанда өте ұяң, біліп тұрса да өз ойын жеткізе алмай қысылып тұратындықтан, біздің мектепте ауыл баласына ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі аязда өзім күнде жатақханаға барып, бір мезгіл қарап тұрамын. Бөлмелер жылы. Интернет қосылған. Бір сөзбен айтқанда үйдегі жағдай жасалған. Тек ауылынан алыс шықпаған балалар алғашында тосырқайды. Кейін іштегі татулық пен мейірімді сезген соң үйреніп, үйірлесіп жатады. Бүгінгі ашық есігіміздің де негізгі себебі осы оқушы мен ұстаздың һәм ата-ана арасындағы алтын көпірді нығайту. Темірқазыққа айналған үштіктің бірлігі үзілмесе біз оқуда да, ұлттық тәрбиеде де ұтарымыз анық,– дейді мектеп директоры Бектөре Букенов.

Мектеп білімі қазір толығымен жаратылыстану, математика бағытына бейімделген. Содан болар, түлектердің көбі мұғалім мамандығын таңдайтын көрінеді. Былтырғы жылғы мектеп бітірушілердің жетеуі осы педагогика мамандығына оқуға түскен.

– Мұғалім мамандығы қазіргі қоғамға өте қажет мамандық деп біледі көп оқушы. Ал, қалғандары агро сала мен инженерлікке тапсырып, қазір оқуларын үздік бағамен оқуда, – деп атап өтті мектеп басшысы тағы да.

Мектептің білім саласы және тәрбиесі жағынан ата-ана, оқушымен ұстаздардың жеке жұмысы өзгелерге қарағанда бір саты алда екеніне көз жетті. Осынау мызғымас үштіктің арасы мығым болса, болашаққа қадам жарқын әрі нық болмақ.

Жан АМАНТАЙ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button