Шет

Өшпес өнеге

      Бұл мақала менің бауырым, аяулы азамат, көрнекті ғалым, қажырлы қайраткер, өсімдік атаулының бағбаны Еламан ШАХАНОВ жөнінде.

Оның күнделігі мен дәптерінде төрттік баға болмайтын. Институтта оқып жүргенінде оған кей оқытушылар «сенен сабақ сұраған көңілсіз. Қосымша сұрақ таппай қиналамыз» дейтін. Иә, болашақ академик сондай болса керек.

Еламан Жаңаарқадан шалғай ауылда дүниеге келді. Қазіргі Байдалы би ауылының ең шалғай бөлімшесі болатын. Шақан әкей аяғынан кеміс, ақсап жүретін. Жамал шешей елгезек, нанғыш, бейкүнә жан еді. Шақан әкеміз оқымаса да, ескіше, жаңаша сауатты болды. Ескіше Құранды, жаңаша газетті мүдірмей оқитын. Шешем Ырысалды Шақан қайнысының атын атамай, «Ақтентек» дейтін. Колхоздың отымен кіріп, күлімен шықты бұл кісілер.

Еламан өзін қарапайым ұстайтын. Ешқашан мен бәленмін демейтін. Дауыс көтермейтін. Мақтану деген атымен жоқ. Ғылым академиясының академигі дегенді кейін естідік қой. Онда да өз аузынан емес. Дос-жарандарынан.

Ағайын-туыстарына мейірімі ерекше еді. Өмірінің соңына дейін қызметтен қол үзген жоқ. Астық тұқымдастар мен екпе шөптің 10-12 сортын шығарып, оларды аймақтарға арнайы аудандастырып, мол өнім алуға ықпал етті. Ол еркек шөптің «Прогресс 85», «Толағай» сорттарын, Ситников қияғының «Старт 116», Түйежоңышқаның «Көкпекті» және «Қайнар» сорттарын, Сорганың «Цунами 80», шалғындық бозоттың «Қарғалы», жұмсақ бидайдың «Ертіс 97» сынды сорттарын шығарып қана қоймай, соларды жерсіндіріп, өзі басқарған үш бірдей тәжірибелік-зерттеу стансаларында тәжірибеден өткізіп, олардың Қазақстан аумағында тарауына күш салды. Ол дүниежүзілік селекция – генетика ғылымында бірінші рет қуаң аймақтарда сирек кездесетін жемшөптік өсімдіктердің эксперименттік жолмен колиплоидтық түрлерін, хромосома санын диплоидтен октоплоидқа дейінгі деңгейге жеткізді. Сөйтіп, генқорының коллекциясын толтыруға және ауылшаруашылық дақылдардың селекциясын әрі қарай дамытуға жол ашты. Өз саласымен қатар, басқа салада да білмейтіні жоқ-ты.

Еламан ауырып, ауруханада жатқанда, шамам келгенше жиі барып тұрдым. Қымызды жақсы көретін. Барған сайын қымыз апарып тұрдым. Қолым тимегенде беріп жіберетінмін. Соңғы рет барғанымда, нашарлап кетіпті. Сөйлей алмай, иегімен ымдап амандасты. Жүрегім елжіреп, тұла бойымнан құмырсқа жорғалап өткендей болды. Осыдан кейін көп ұзаған жоқ. Соңғы сапарға шығарып салдық.

Айтулы азаматтарын ардақтап, құрмет тұту – өсер елдің өнегелі парызы. Бұл дәстүрге қашаннан берік Жаңаарқа жұртшылығы академик жерлестері Еламан Шақанұлының есімін есте қалдыруды ойластыруда. Осы орайда азаматтар Еламан оқыған мектепке есімін беру жөнінде ұсыныс жасады. Мектеп былай тұрсын, бүкіл ауылды Еламан атына берсе, артық емес. Еңбегі тұрарлық қой?! Жақсының аты өшпес!

Тілеу ЖӘКЕНОВ,

еңбек ардагері.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button