АймақБұқар жырау

Шопекеңнің сəулесі сөнбейді

Биыл Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, өңірдің өркендеуі мен Бұқар баба есімін қалың бұқараға танытуда көп еңбек сіңірген марқұм Шопанай Əмірхановтың туғанына 100 жыл толады. Осыған орай жуырда Бұқар жырау аудандық Мəдениет үйінде «Сəулесі сөнбеген Шопанай ата» атты еске алу кеші өтті.

Шопанай ата

Шопанай Əмірханов – 1923 жылдың 19 желтоқсанында осы ауданның Үлгі ауылында дүниеге келген. Жастай əке-шешеден жетім қалған оны ағайын-туғандары, нағашысы Аяпберген тəрбиелеп өсіреді. 7-сыныпты бітірісімен Қарағанды қаласындағы ФЗО мектебіне оқуға түсіп, одан кейін шахтада жұмыс істеп жүрген Шопанай Ұлы Отан соғысы басталғанда 18 жасқа əлі тола қоймаған еді. Сонда да майданға неше рет сұранып, ақыры Отан қорғауға аттанады.

Басқыншы жаумен жан аямай шайқасып, «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, тағы басқа марапаттарға ие болады. Жараланып, госпитальға түсіп, 1946 жылы əскери қызметтен босап, елге оралады. 1960 жылы Шопанай Əмірханов Қылыш Бабаев атындағы колхоздың төрағасы болып сайланады. Келесі 1961 жылдың 15 наурызында Қазақ КСР ауыл шаруашылық министрінің бұйрығымен Бабаев пен «Үлгі» колхоздарының негізінде Қылыш Бабаев атындағы кеңшар құрылып, оның тұңғыш директоры болып Шопекең тағайындалады.

Аталған шаруашылықты басқарған бір-екі жылдың ішінде егіс көлемі 10 мың гектарға, ірі қара саны 3500-ге, жылқы 800 басқа, қой саны 12 мыңға жеткен. Жаңа техникалар сатып алынып, көптеген мəдени-тұрмыстық нысан салынып, ел еңсесі тіктелген. Бұдан соң ол қашан зейнетке шыққанша аудандық дайындау мекемесінде инспектор болып, Ботақара кентінде тұрды. Сөйтсе де, үйде жатпай, аудандық ардагерлер ұжымына төрағалық етіп, қоғамдық жұмыстардың қайнаған ортасында жүрді. Сондағы оның атқарған үлкен бір шарасы Бұқар жырау Қалқаманұлының 325 жылдық тойын өткізуге бастамашы болып, оны ақыр аяғына дейін жеткізуі еді. Шопекең сол үшін де Алматыға барып, Ұлттық ғылым академиясының Тіл-əдебиет институтында болып, ғалым Тұрсынбек Кəкішевпен, тарихшылармен, қоғам қайраткерлері, депутаттар Қуаныш Сұлтанов, Қаратай Тұрысовтармен кездесіп, Елбасыға дейін хат жолдап, дамыл таппайды. Соның нəтижесінде, Бұқар жыраудың басына кесене тұрғызылып, 1993 жылдың 23-24 тамызында көмекей əулие бабамыздың мерейтойы оның құт қонысы Далба тауының етегінде республикалық деңгейде аталып өтті. Сол жылдың 11 қарашасында бұл фəниден бақиға аттанып кете барды. Соңында екі ұлы Төлеу мен Ерсін, немерелері, өзін тірісінде сыйлап, қадір тұтқан қара ормандай халқы, жақсы аты қалды. Міне, сол күнгі еске алу кешінің де солай аталуы да осыдан шығар. Иə, Шопекең сəулесі сөнбек емес!

Аудандық Мəдениет үйіне келген көпшілік аудандық мұрағат бөлімі ұйымдастырып, фойеге қойылған Шопекеңе арналған көрмемен танысып, ол туралы көптеген мағлұматтар алады. Енді, келесі кезекте кештің бағдарламасы сахна төріне ауысып, Шопекеңнің осы мұралары мен жəдігерлерін тапсыру рəсімінің тұсаукесері жасалды. Онда аудандық мұрағат басшысы Дана Шибаева екі тарап та қол қойған қабылдау актісін Шопекеңнің екінші ұлы Ерсінге тапсырды.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button