Бас тақырып

“Шикізаттық суперциклдің” соңы

2018-2022 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ЭКСПОРТТЫҚ СТРАТЕГИЯСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ ШИКІЗАТТЫҚ ЕМЕС ЭКСПОРТТЫҢ 2025 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ ЕКІ ЕСЕ, 2040 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ ҮШ ЕСЕ ӨСУІН КӨЗДЕЙДІ. СОНДЫҚТАН, БҰЛ МАҚСАТҚА ЖЕТУ ҮШІН БІРЫҢҒАЙ ЖӘНЕ БІРТҰТАС САЯСАТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ. АЛ, МҰНДА КЕЛЕШЕГІ ЗОР ЭКСПОРТТЫҚ СЕБЕТ ПЕН БАСЫМДЫҒЫ ЖОҒАРЫ САТУ НАРЫҚТАРЫ ДА АЙҚЫНДАЛЫП ОТЫР. ОТАНДЫҚ ЭКСПОРТТЫ ІЛГЕРІЛЕТУДЕ ҚАНДАЙ НАҚТЫ ШАРАЛАР КЕШЕНІ АТҚАРЫЛУЫ КЕРЕКТІГІ ЖӘНЕ НАҚТЫЛАНҒАН. ӨЙТКЕНІ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ САРАПШЫЛАРДЫҢ АЙТУЫНША, ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА ЖАҢА АХУАЛ ҚАЛЫПТАСТЫ. ОЛ – ЖАҺАНДЫҚ «ШИКІЗАТТЫҚ СУПЕРЦИКЛДІҢ» АЯҚТАЛУЫ.

 

БОЛЖАМ МЕН БАҒДАР

Яғни, әлемде экономиканың өсу қарқыны және құрылымы өзгерді. Есесіне, инновацияларды жаппай енгізу өріс алды. Мұның бүтін қоғамға өте-мөте әсері бары даусыз.

Уақыт халықаралық сауда қатынастарына да ықпал етті. Өзгертті. Қазіргі таңда мемлекеттер арасында протекционизмге қарсылық бар. Мамандар мұны экономика саласында трендтке айналғанын да жоққа шығармайды. Міне, дәл осындай өліара шақтағы экономикада экспорттың үлесін арттыру үшін қайтпек керек? Шикізаттық емес экспортты дамыту сол себепті қазіргі уақытта нарықта әлеуетке ие.

Бұл орайда сарапшылар әлемдік және қазақстандық экономикаға, экспорттың әлеуетке ие жаһандық трендтері барын атап отыр. Ол трендтердің қатарында халықтың өсуі, урбандалу және халықтың қартаюы, әлемдік технологиялық құрылыстың өзгеруі және жаңартылатын энергетиканың әлеуетті өсуі, елдердің халықаралық саудаға ашықтығының төмендеуі және протекционизмнің артуы, әлемдік саудада дамушы елдер рөлінің ұлғаюы бар. Осының барлығы шикізаттық емес экспорттың артуына ықпал етеді деп батыл болжануда.

ЭКСПОРТТЫҚ СЕБЕТ ҚАНДАЙ?

Қазақстандық өнім әлемнің 117 еліне экспортталады. Экспорттық себеттің географиялық құрылымында 6 ел басымдықты иеленеді екен. Нақтыласақ, Италия, Қытай, Нидерланды, Ресей, Франция, Швейцария.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, былтырғы жылы экспорт көлемі 54,7 млрд. АҚШ долларын құраған. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,4% -ға артық. Шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 3% артып, $ 14,3 млрд. АҚШ долларына жеткен. Бұл деректерге сүйенсек, соңғы 5 жылда өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт үлесі 9%-ға өскен. Сөйтіп, 32 пайыз шамасында екен.

Қарағанды аймағында экономика басқармасының баяндауынша, экспорттық әлеуеттің артуына негіз бар. Мәселен, 1,7 трлн. теңге сомаға 37 жаңа ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың ішінде, 12 жоба таяу және алыс шетелдерге (ТМД, Еуропа, Азия) экспортқа бағытталған. Ал, 2018 жылы облыс экспортының көлемі 4,5 млрд. доллар.

Басқарманың дерегінше, облыста шығарылған өнімдер әлемнің 49 еліне, оның ішінде, Ресей, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Өзбекстан, Украина, Қырғызстан және тағы басқа елдерге экспортталады.

Тауар топтары бөлінісінде шикізаттық емес экспорт құрылымында ең үлкен үлес – 85% металдар мен олардан жасалған бұйымдарға, 1,2% – дайын азық-түлік тауарларына, 1,0% – химиялық өнімге, 0,1%-құрылыс материалдары мен машиналарға, жабдықтарға, көлік құралдарына тиесілі. Экспорттың негізгі үлесі, яғни, 75%-ы «АрселорМиттал Теміртау» мен «Қазақмыс корпорациясы» еншісінде.

ШИКІЗАТТЫҚ ЕМЕС ЭКСПОРТ

Сонымен, өңдеу өнеркәсібінің негізгі экспорттық өнімдері – бұл болаттан, пішінделген және арнайы профильден, құбырлардан, жіксіз профильден және басқа да металлургиялық өнімдерден жасалған жабдықтар.

Бұл болса, шикізат емес экспорт базасының бірнеше басым өнімнің айналасында шоғырланғанын көрсетіп отыр. Сол себепті соңғы он жылдықта ассортимент азайғанын айтады. Яғни, экспорт көлемі бірнеше негізгі өнімнің айналасына көбірек шоғырланғаны салдарынан шикізаттық емес экспорт үлесі кемігенін мәлімдейді.

Бірақ, бақсақ, өндірушілердің экспорттық әлеуетін қолдау мақсатында нақты бағдарламалар іске асырылды. Онда қазақстандық экспортты қолдаудың үш бағыты көзделген: экспортты ілгерілету бойынша шығындарды өтеу; сервистік қолдау; сауда экспорттық операцияларды қаржыландыру. Бірінші және екінші бағытты іске асыру операторы – «KAZNEX INVEST экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі», үшінші бағытты іске асыру операторы «ҚазЭкспортГарант» экспорттық-кредиттік сақтандыру корпорациясы».

Дей тұрғанымен, сараптамалар шикізаттық емес эскпорттың қазына қамбасын толтыруға қауқары кемдігін көрсетті. Бұл қордың жоқтығы емес. Резерв жеткілікті. Мысалы, агроөнеркәсіп кешені. Ол үшін азық-түлікке деген ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін құс еті, ет, сүт өнімдері, балық, өсімдік майы, жеміс-көкөніс және қант өндірісін дамыту қажет дейді зерттеулер. Тек өндірістердің уақытпен үндесуі керек секілді…

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button