Білім ошақтарында

Шеберлік сынға түскен сәт

Қарағанды технология және сервис колледжі базасында «WorldSkills Kazakhstan-2021» республикалық чемпионаты аясында Ұлттық чемпионат басталды. Байқауда әр өңірден 14 команда бақ сынайды. Ашылу салтанаты НұрСұлтанда өткен чемпионат Қарағандыда жалғасты. Шарада облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ сөз сөйлеп, жарыстың маңыздылығына тоқталды.

Чемпионат 1 қараша мен 10 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Семей қалаларындағы колледж базаларындағы 18 конкурстық алаңда өткізіледі. 16 колледжден қатысқан 32 үміткер 31 құзыреттілік бойынша бақтарын сынайды. Ал, облыс орталығында чемпионат 2 колледж базасында өтпек. Қарағанды технология және сервис колледжінде «Сән технологиясы», Қарағанды техника-құрылыс колледжінде «Плиткамен қаптау» құзыреттілігі бойынша өтеді.

– Чемпионаттың басталу сәтінде екі модуль өтеді. Жалпы үш модульден тұратын тапсырмалар беріледі. Олардың барлығы бір-бірімен тікелей байланысты. Яғни, әрбір қатысушыға қажетті материал, керек-жарақтар беріледі. Осыдан олар эскиз әзірлеп, бәрін кесіп, дайын өнімді жасауы керек. Бүгінгі таңда олардың әлеуеті артып, кәсіби дайындығы шыңдалды. Толық шығармашылық еркіндікті қамтамасыз ету үшін студенттерге қажетті техника қолжетімді, – деді сән технологиясының бас сарапшысы Назира Қылышпаева.

Қарағанды технология және сервис колледжі – заманауи жабдықтармен жабдықталған оқу орындарының бірі. Бүгінде «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша құзырет орталығы жұмыс істейді. Сол себепті, чемпионат талаптарына сай болғандықтан таңдалып алынған.

– Кезінде елдегі чемпионатты өткізу үшін өз жабдықтарымызды ұсынатынбыз. Бүгінде колледждер республикалық сайыстарды өткізудің халықаралық талаптарына сәйкес келетін соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған. Демек, бұл халықаралық деңгейге сай келеді деген сөз. Бұған дейін әлемдік кестеде 50- ші орында тұрғанбыз. Бірақ, бүгінде еліміз XIV орынға көтерілді. Әсіресе, осы жарыстардың жеңімпаздары алдағы жылы халықаралық чемпионаттарда мемлекетіміздің абыройын асқақтататыны анық, – дейі даму менеджері Остап Шмельков.

Байқау – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру мен шеберлік дағдыларын дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Турнирдің Қарағандыда өткен күндерінде студенттер түрлі киім тігіп, бақ сынайды. Ал, таңдалып алынған басқа конкурстық алаңда олар ас пісіріп, шаш қиып, басқа да жұмысшы мамандықтарына деген қабілеттілігін көрсетеді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button