“Шаршаңқыраған” шағын бизнес мемлекет мейірімін сезінеді
Халқының амандығы үшін дүние жүзі экономикасын садақаға байлады. Қазіргі жағдай сондай таңдау жасауға еріксіз мәжбүрледі. Экономика мен азаматтарының денсаулығы таразыға тартылғанда, өзінің ең басты байлығы – адамнан артық құндылық жоқ екеніне жүгінген елдер экономикадағы өсімді кейінге ысырды. Дегенмен, ондағы қозғаушы күш – бизнестің тынысы тарылып қалмауы үшін қарымды қарекеттер жасалды. Біреулері несиеге каникул жариялады. Енді бірі салықтан босатты. Тағы бірі басқа да жеңілдік ұсынады. Мұндай сауықтыру Қазақстанда да қолға алынған.
БИЗНЕСКЕ ЖАСАЛҒАН ЖЕҢІЛДІКТЕР
Баршаға мәлім, төтенше жағдай кезінде табысын жоғалтқан шағын және орта, ірі бизнес жұмыскерлері, жеке кәсіпкерлік, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім-шарттар бойынша табыс тауып жүрген жеке тұлғалар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми емес түрде жұмыс істейтін азаматтарға 42 500 теңге көлемінде ай сайынғы әлеуметтік төлем тағайындалды. Бұл туралы бұған дейін бірнеше мәрте жазылды. Сондай-ақ, Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 300 млрд. теңге бөлінді. Алдағы уақытта осы қаражат ахуалды тұрақтандыру және халықты жаппай жұмыспен қамту үшін өңірлерге бағытталады деп жоспарлануда.
САЛЫҚ ДЕМАЛЫСЫ
Осы күнгі жағдайды ескере отырып, елде салықтың кей түріне демалыс жарияланды. Бұл – экономикалық қиындыққа тап болған шағын бизнес өкілдеріне біршама жәрдем.
Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, арнайы салық режимі негізінде бюджетпен есеп-айырысу жүргізіп отырған микро-шағын бизнес субъектілерінің табыс салығын төлеуден 3 жылға босату тәртібі енгізілген. Сонымен бірге, 2020 жылға ірі сауда объектілері, сауда, ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер, дене шынықтыру-сауықтыру және спорт нысандары, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер ауыл шаруашығы жерлеріне жер салығынан босатылады.
«Аталған салық төлеушілерге 2020 жылдың 15 тамызына дейін салықтардың барлық түрлері бойынша уақытында орындалмаған салық міндеттемелері бойынша сыйақы есептеу тоқтатылды және салық есептілігін беру мерзімі 3 тоқсанға ауыстырылды», – дейді кәсіпкерлер палатасының өкілдері.
ЖЕКЕ ТАБЫС САЛЫҒЫН ТӨЛЕУДЕН КІМДЕР БОСАТЫЛДЫ?
Салық төлеуде де бірқатар жеңілдіктер қарастырылды. Мәселен, жалпыға белгіленген режимді қолданатын жеке кәсіпкерліктер 2020 жылға жеке табыс салығын төлеуден босатылды. Ірі қара мал және асыл тұқымды балапандарды импорттаушы салық төлеушілерге импортқа ҚҚС бойынша төлемде Ұлттық экономика министрлігінің есептеу әдісі қолданылады. 2020 жылдың 1 қазанына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ҚҚС мөлшерлемесі (8%) төмендетілді. Туризм, қоғамдық тамақтану және қонақүй қызметі саласында жұмыс жүргізетін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар 2020 жылға мүлік салығын төлеуден босатылды. Микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 2020 жылдың 1 маусымына дейін салықтардың барлық түрлерін және басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік төлемдер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. Кешіктіріп төлеу үшін өсімақыны есептеу бойынша шаралар қабылдауды, шығыс операцияларын тоқтата тұру, мүлікке билік етуді шектеу мен салық және кедендік қарызды, әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті өндіріп алу шараларын шектеу (тәуекелдігі жоғары салық төлеушілерді есептемегенде) – 2020 жылдың 15 наурызынан бастап, 2020 жылдың 15 сәуіріне дейін кезеңде жіберілген камералық бақылау нәтижелері бойынша хабарламаларды орындау мерзімі ұзартылды. Салықтық тексерулер тоқтатылды.
Бензин, дизель отынын өндірушілері өнімді экспорттау кезінде акциз төлеуден босатылды. Экономиканың анағұрлым зардап шеккен салаларында салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді есептеу және төлеу 6 айға (осы жылдың 1 сәуірінен 1 қазанына дейін) тоқтатылды. Бұл – қоғамдық тамақтану орталықтары, сауданың жекелеген секторлары, көлік қызметі, консультациялық қызметтер, IT-сектор, қонақүй бизнесі және тағы басқалары.
20 наурыздан бастап шағын және орта бизнес субъектілеріне берілген мемлекеттік меншіктегі мүлікті жалға беру төлемінен және жалға беру құнын уақытында төлемегені үшін өсімақы тағайындаудан 3 айға босату қарастырылған. Ол үшін Gosreestr.kz порталында жалға алу келісім-шартына қосымша келісімге электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қою керек.
ҚОЛДАУДЫҢ ТҮРЛІ ТЕТІГІ ҚОЛДАНЫЛАДЫ
Төтенше жағдайда құны 600 млрд. теңге сомасында зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерін жеңілдікпен несиелеудің жаңа бағдарламасы іске асырылады. Несиелер қаржы айналымын толықтыруға 8% мөлшерлемемен 1 жыл мерзімге беріледі. Ірі қара мал және асыл тұқымды балапандарды қоса алғанда АӨК биологиялық активтері импортына ҚҚС салынбайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге дизель отыны 1 литріне 165 теңгеге дейін немесе нарықтық бағадан 15%-ға арзандатылып беріледі. Отандық ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу кәсіпорындарынан өнімді кем дегенде 6 ай бұрын кепілдендірілген сатып алу тетігі қолданылады.
(Деректерді облыстық кәсіпкерлік палатасы ұсынды).
Қызғалдақ АЙТЖАН