Руханият

ШАНШАР

Ертең – Күлкі күні. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген халқымыз шын, риясыз күлкіні – жанның шипасы деп біледі.

Біздің Арқа өңірінен де орынды әзілдің, қазақы қалжыңның қаймағын сүзуге болады. Себебі, «Күлкі болу – өлім, күлдіре білу – өнер».

Газеттің бүгінгі «Шаншар» арнайы бетінде белгілі сатирик, журналист, жерлесіміз, марқұм Мартбек Тоқмырзаның 2008 жылы жарық көрген «Жымиясың сен неге?» жинағындағы бір топ әзілдерін ұсындық. Биыл Мартбек Мекентайұлының туғанына – 50 жыл.

Әріптестер әзілі мен ел аузында жүрген «Ауылдың айтқыштарынан» да бір-екі ауыз сөз ұсындық.

Күле жүрейік, күле білейік!

РЕДАКЦИЯДАН.

Кешіріңіз…

Кешіріңіз, Ержанов көшесі қай жақта екенін айтпас па екенсіз?

Е, оның несіне кешірім сұрайсың. Білмейтін көшеңді сұрағаныңа сен айыпты емессің ғой. Адам кешірімді аңдаусызда өрескел қылық көрсетіп алса сұрайды. Айталық, сен мені көшеде байқамай қағып кеттің…

Кешіріңіз, ағай, мен асығып тұр едім…

Бұл жолы да орынсыз кешірім сұрап тұрсың. Сен асығып бара жатқаның үшін менің алдымда кінәлі емессің ғой. Егер сен мені өзіңнің бір танысың екен деп қалсаң. Жаныма жетіп келіп қал-жағдайымды сұрап әңгіме айта бастасаң. Мен сол кезде саған «Мені біреумен шатастырып тұрсың», – десем, сен ыңғайсызданып қалып кешірім сұрайсың. Міне, бұл жағдайда кешірімің орынды болар еді.

Ағай, орынсыз кешірім сұрағаным үшін кешіріңіз.

Шырағым-ау, сен өзі бір түрлі қызық екенсің. Адам кешірім сұрағаны үшін жазықты болмайды ғой. Кешіріңіз дегенім үшін кешіріңіз дегенің қалай? Мәселен, сен мені балағаттасаң, жазықсыз тілдесең. Соңынан өзіңнің қателігіңді түсінсең кешірім сұрауыңа болады.

Ағай!

Ау.

Сіз қырт екенсіз.

Немене?

Қырт екенсіз деймін. Онда да жәй қырт емес, көк қырттың өзі екенсіз!

Әй, шырағым, сен неге маған тіл тигізесің-ей!

Ағай, кешіріңіз. Енді дұрыс болды ғой деймін ә?

Журналист пен қасқыр

Журналист пен қасқырды бір-біріне қатты ұқсатамын. Оларды аяқтары асырайды. Қазақтың «жүргенге жөргем ілінер» деген мақалы журналистің де, қасқырдың да өмірлік басты қағидасы. Қасқыр қой аңдиды, журналист ой аңдиды. Екеуі де жемтіктеріне жету жолында бастарын қатерге тігеді.

Қызық

Күн шықты. Жұрт мәз. Жарқырап төбеге көтерілді. Ешкім елең етпеді. Батып бара жатыр. Барша ел қимай тұр…

Тұрмыстық пародия

(Халық әні «Әттең тонның келтесі-айдың» ізімен)

Базар бардым бағымды сынайын деп еркесі-ай,

Жақсы сыйлық өзіңе алайын деп еркесі-ай.

Бағалары секіріп тұр,

Саудагерлер лепіріп тұр,

Әттең тонның келтесі-ай!

Автобусқа бүгінде міну қиын еркесі-ай,

Болмаған соң қалтаңда тесік тиын еркесі-ай.

Кондукторлар кідіңдейді,

Жоқ дегенді түсінбейді,

Әттең тонның келтесі-ай!

Шіркін, ешкім ауырмаса елімізде еркесі-ай,

Дәрі алатын ақша жоқта емделуге еркесі-ай.

Қымбат екен дәрілер де,

Қатты өзгерген дәрігер де,

Әттең тонның келтесі-ай!

Қиын болды бәрінен де балаларға еркесі-ай,

Балабақша сатылуда «мырзаларға» еркесі-ай.

Сол бақшалар ішім сезеді,

Дүкен болып өзгереді,

Әттең тонның келтесі-ай!

Зерттелмеген жанр

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бай мұрамыздың бірі – халық ауыз әдебиеті. Осы ауыз әдебиетін талай ғалымдарымыз көз майын тауысып зерттеді және әлі де зерттеп жүргендері қаншама?! Әйтсе де, бұл сала ғалымдарының бір әттеген-айы бар екенін айтуға тиіспін. Ол ауыз әдебиетінің керемет жанры өсекті елемей жүргендері. Ешбірінің ойына кіріп шықпайды. Сондықтан да, мен осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат етіп аталған жанрды жан-жақты зерттеген едім. Енді соны жамағат назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Ауыз әдебиетіндегі мақал-мәтел, аңыз, ертегі сияқты жанрлар қатарында өсектің де өзіндік орны бар. Оған анықтама берер болсақ: жүрген жерін өрт тигендей ойрандап өтетін, түймедей нәрсені түйедей етіп көрсететін, төбелес пен бітпес даудың дәнекері болатын өте өткір жанр. Халқымызда «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дейтін мақал бар. Бұл жерде түсіне білсек өсектің ролі жайында айтылып тұр. Шынында өсек шапшаңдығымен ерекшеленеді. Пошта атаулы болмаған ерте заманда ел арасында өсекшілердің тәп-тәуір беделі болған.

Енді осы өсектің туу жолдары жайында айтайық. «Өсекті әйелдер арасындағы ерекше дарын қасиетке ие таланттары ойдан шығарып өрбітеді» дейді кейбір білгіштер. Бұл пікірдің есі дұрыс дей алмаймыз. «Жел болмаса шөптің басы қозғалмайды» деген мақалды халқымыз еріккеннен айтпаған. Демек өсек ойдан шығарылмайды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мысал келтірейік. Бір шенеунік пен әйелінің арасында мынандай әңгіме болған екен:

Жаным, жақында сенің қызметің жоғарылайтын болыпты.

Е, оны кім айтты саған. Бастық па?

Кетші әрі, сенің бастығыңмен кездесіп жүр дейсің бе? Ауылда әйелдер сөз қылып жүр.

Е, соларды қойшы. Мен жоғары жақта біреуден естіген екен десем.

Расында да көп ұзамай әлгінің қызметі жоғарылап кетіпті. Енді бірде әйелі үйіне жылап келіпті:

Ойбай, сен сотталатын болыпсың.

Оны қайдан естідің?

Әйелдер айтып жүр.

Олар оттамасын!

Расында да шенеунік шамалы күндерден кейін сотталып кетіпті. Бір күні түрмеге келіп әйелі «Жаным, жақында босайсың. Түрменің бастығы айтты» десе, әлгі байғұс «Әй, оны қойшы, одан да ауылда әйелдер не деп жүр соны айтсаңшы» деген екен.

Ал, енді осыдан кейін өсекке сенбей көріңіз. Өсек айта білудің өзі өнер. Кейбіреулер теориялық жағынан оқып-біліп алмай, өсекке ерте араласып кетеді. Содан барып жанрдың беделіне нұқсан келеді. Әрбір өсекқұмар әйел өсекті түрлендіріп отырады. Сол арқылы олар шеберлігін байқатады. Осы түрлендірудің негізінде бір ғана өсектің бірнеше нұсқасы пайда болатынын көреміз. Мәселен ол мына мысалдан анық аңғарылады.

Алғашқы нұсқа.

Бықияш пен Бопыр әңгімелесіп отыр екен, жандарынан өтіп бара жатып жазған хат деген сөздерін естіп қалдым.

Түрленген нұсқасы.

Бықияш пен Бопыр әңгімелесіп отырғанда пәленше жандарынан өтіп бара жатып «жазған хатымды алдың ба» дегенді Бопырдың өз аузынан естіпті.

Екінші түрленген нұсқасы.

Бықияшқа Бопыр «Мен сені сүйемін, бұл фәниден қол ұстасып бірге өтейік деген хатымды алдың ба?» депті. Оны пәленше жандарынан өтіп бара жатып естіп қалыпты да, түгеншеге айтыпты.

Міне, байқап отырсыздар әрбір өсекшіден өткен сайын өсек түрлене түседі. Ал шындығында Бықияш пен Бопыр Абай аталарының «Татьянаның Онегинге жазған хаты» деген өлеңін оқып отырған екен.

Құрметті жамағат! Өсектің өркендеп келе жатқаны сондай – қазіргі уақытта еркектер қауымы да бұған қатты қызығушылық таныта бастады. Бұл әрине, өте қуанарлық жәйт.

Түсіндірді

Аялдама. Дірдек қағып, автобус күтіп тұрған халық. Бұл қалаға бірінші рет келген болуы керек, жолаушылардың бірі баратын жеріне қандай автобус жүретінін білмей көрінгеннен сұрап жүр.

Аға, айтып жіберіңізші, «Қарағанды» қонақ үйіне немен баруға болады.

Таксимен.

Жоқ. Менің таксиге ақшам жетпейді. Қандай автобуспен барсам екен?

Қызыл, сары немесе көк автобустармен бар.

Жо-жоқ, сіз түсінбедіңіз. Мен нөмірін сұрап тұрмын.

Нөмір дейсің бе? Әй, оны есте сақтау қиын ғой. Дегенмен, бірер автобустың нөмірін айтып көрейін. М 85-69 АСМ немесе М 48-52 АПТ.

Емтихан

Мал дәрігерлік институтында емтихан жүріп жатыр.

Профессор: Егер, мал жұқпалы аурумен ауырса, не істейміз?

Студент: Етке салып жібереміз.

Профессор: Шырағым-ау, сонда қалай? Ол малдың етін жеген адамдар ауруға шалдығады ғой.

Студент: Бұл сұрақтың бізге қатысы жоқ деп ойлаймын.

Профессор: Неге?

Студент: Себебі, ауырған адамды біз емес, дәрігерлер емдеуге тиіс.

Мартбек ТОҚМЫРЗА

«Соғыс таба алмай отырмын»

Өзіміздің «Орталықтағы» журналист ағамызға бір нағашысы қолқа салыпты. Бабаларының рухына арнап берген асын газетке шығаршы деп.

Газеттің жұмысы күнде қарбалас. Қандай да бір мақаланы бірден жарыққа шығарудың реті келе бермейді ғой.

Арада біраз уақыт өткен соң әлгі адам редакцияға тағы да қоңырау шалады. Әріптесімізге «Материал қашан шығады? Кешіктіріп алған сияқтысың ғой» депті. Сосын бабасының батыр болғанын, жауға қарсы шапқанын «көпіртіп» айтса керек.

Сөйтсе, журналист ағамыз «Бабаңызды, оның батыр болғанын, рухына арнап берілген асты жазамыз, әрине. Тек, тарихтан бабаңыз өмір сүрген жылдары болған соғысты таба алмай дал болып отырғаным» деген екен.

Судьялар съезі

Өткен жылы-ау деймін. Газет күні. Тілшілер Бас редактордың орынбасарының алдына кезек-кезек барып, қорытқан материалдарын оқытып жүреді.

Басшының орынбасары материалдардың біреуін қарайды, екіншісін қарайды – барлығы да соттың судьялары жазған материалдар болса керек. Өйткені, дәл сол уақытта елдегі Судьялар съезі өтейін деп жатқан болатын.

Ертеңіне Бас редактордың орынбасары тілшілерден «Тыныштық па?» деп сұрайды. Әріптестеріміз «Неге бұлай сұрадыңыз. Бәрі де ойдағыдай сияқты» десе, «Қайдам, бәрің бір-бір судъяның материалын ұстап алып зыр қақтыңдар ғой» деген екен.

«Иттің баласы, итіңе ие бол!»

Ақтоғай ауданында Монаш есімді тракторист болған екен. Жаз шықса, сайын далада жүреді. Шөп шабады. Бірде Монаш ағамыздың жанына ауылдасы келіп «Тайыншамды жоғалтып жүр едім. Күніге даладасың ғой. Көзіңе түспеді ме?» деп сұрайды. Сөйтсе, трактор тізгіндеген ағай «Анау сайда рамасы жатқан» депті.

Монаш ағамыздың өзімен бірге алып жүретін «тормозогын» күнде бір ит жеп кете берсе керек. Әбден ашуланған ағамыз бір күні жаңағы итті ұстап алып, мойнына «Иттің баласы, итіңе ие бол!» деген мәтіндегі хатты іліп жіберіпті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button