Шамшырағымыз болған «Шолпан»
Би өнері – ізгі өнердің өрнегі. Адамзаттың өмірі, тыныс-тіршілігі мен əдет-ғұрпының айнасы саналатын киелі де қастерлі өнер. Би қимыл-қозғалыс арқылы адам жан дүниесін жеткізіп қана қоймай, ой-өрісін де дамытады. Бүгінде халқымыздың төл би өнері белгілі биікке көтеріліп, жанданып, жыл өткен сайын өркендеп келеді. Ал, даңқты тұлғаларымыз негізін қалап кеткен ұлттық дәстүрлі би мектебімізде дарынды шəкірттер шоғыр-шоғыр.
«Құдайдың құдіреті адам арқылы көрінеді» дейтіні рас. Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияда қызмет жасап келе жатқан 20 жылымда «Шолпан» би ұжымының өнеріне таң қалумен келемін. Талантты құдай береді. Осыншалықты талантымен әлемді мойындатқан бишілердің қимылмен сөйлейтін шеберліктеріне тәнтімін.
«Шолпан» би ансамблінің жетекшісі Гүлнар Омарова – өз ісінің майталманы. Өзгеден өзіндік нақышының ерекшелігімен дара шапқан дарабоз. Қойылымдарының сырының тереңдігі – көрген жанды сезім тұңғиығына батырады. Би өнерінің хас шебері. Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Президенті Алғыс хатының иегері, облыс, қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Ы.Алтынсарин атындағы медальдің, «Үздік хореограф» белгісінің иегері. Ансамбль әрдайым репертуарын жаңартып отырады. Оның қойылымдары жаңалықпен, бірегейлігімен ерекше көзге түсіп, балалардың жас ерекшеліктеріне сай.
Ансамбль құрамындағы оқушылар осылайша ұлттық әуен, ұлттық өнер және хореографиядан ғибрат алуда. Мұнда халықтың ұлттық болмысын сезіндіріп, тарихы мен әдет-ғұрпын және мәдениетін таныстырып, олардың дүниетанымын қалыптастырады. Жан-жақты тұлға ретінде толысуына көңіл бөледі. Ансамбльдің шетелдерде қазақ би өнерін насихаттап, әлденеше рет бас жүлдені иеленуі – оның қабілет-қарымын айғақтай түссе керек.
«Шолпанның» жұлдызы жанған кездер сан мәрте. Биылдың өзінде Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласында өткен халықаралық көп жанрлы «Fresh Drive» сайысында үш бимен үш номинация бойынша Бас жүлде, әрі Арнайы жүлдені қанжығалап қайтты. Хореографиялық шығармашылық «Talent show» балалар фестивалінде үш Бас жүлде, Республикалық «Қазақстан таланттары» байқауында екі Бас жүлдені жеңіп алды.
Кешегі күні «Самға әуен» байқауына ансамбльдің төрт тобы қатысып келді. Сахна төріне алғаш шыққан бес жастағы балдырғандар «Барыстар» биін назарға ұсынып, жүлделі 1 орынды жеңіп алды. 8 сыныптар билеген «Сағым дала» биіне де 1 орын берілді. «Стиляги» биімен 3 сыныптың 60 оқушысы Бас жүлдені иемденіп қайтты. 7 сыныптар «Су астындағы әлемді» бимен бейнелеп, 144 өнерпаз бір мезетте бір адамдай өнер көрсетіп, көрерменді таң қалдырды. Сол үшін де «Ең үлкен би ұжымы» кубогына лайық танылды.
«Шолпан» би ансамблі облыста үлгілі би ансамбльдерінің арасында осымен үшінші жыл қатарынан 1 орынды иеленсе, жоғары топ «Тойбастар» биімен 15-ші Дельфи ойындарына іріктеуден өтіп, тамыз айында Көкшетауда болатын республикалық байқауға қатысады. Халықаралық би күніне арналған «Би әлемі» байқауында эстрадалық-заманауи би бойынша Бас жүлде алып, лауреат атанды.
Бүгінгі күні ұжымда 500-ге тарта бала бар. 5 жастан 23 жас аралығындағы әртүрлі ұлттардың да балалары өнер көрсетеді. Қаламыздың және облысымыздың бірде-бір әлеуметтік мәнді шарасы «Шолпанның» қатысуынсыз өтпейтіні баршаға аян.
Қазақ қыздарының парасаттылығын, мәдениеттілігі мен инабаттылығын, қазақтың қайсар жігіттерінің батырлығы мен ұстамдылығын бір ғана бидің астарымен айшықтап, киелі сахнада ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген елеулі еңбектеріне алғыс айту – парыз. Біз «Шолпанмен» мақтанамыз!
Мөлдір ӘЛЖАНОВА,
Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі.