Байқау

Мың бұралып билеген

Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Би әлемі» облыстық хореографиялық байқауы өтті. Байқау талантты балетмейстерлер мен халық биі саласындағы педагогтарды анықтауға бағытталған.

Облыстық байқаудың мақсаты – хореографиялық өнерді халық билері арқылы насихаттау, Қазақстан халқының мәдени мұрасын дамыту, сақтау және жаңғырту. 5 жастан 17 жас аралығындағы қатысушылар санатқа бөлінген байқауда Теміртау, Балқаш, Абай, Шахтинск қалалары, Жаңаарқа, Бұқар жырау, Осакаров, Абай, Шет аудандары өнерпаздары өнер көрсетті.

Қазылар алқасына «Шалқыма» би ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Абдурасул Есекеев төрағалық етті. Сондай-ақ, ҚР Мәдениет қайраткері, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің «Халық биі» бөлімінің меңгерушісі, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Аққу» би ансамблінің жетекшісі Назгүл Авильхан және республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, халықтық «Шахтерский» би ансамблінің жетекшісі Елена Пашина қазылыққа мүше болды.

Қазылар алқасының шешімімен 5-8 жас аралығындағы сайыста Бас жүлдені теміртаулық «Вдохновение» ән-би ансамблі алды. Қарағанды «Балдәурен» би ансамблі ІІ орынды иеленсе, «Халықтық, үлгілі би» аталымы бойынша «Аяла» би ансамблі ІІ орынға табан тіреді. Сонымен қатар, 9-12 жас аралығында І орынды Жаңаарқа ауданының би тобы ұтып алса, Балқаш қаласының «Ветерок» би ансамблі ІІ орынды иеленді. ІІІ орынды Бұқар жырау ауданының «Эдельвейс» би ансамблі ұтты. 13-17 жас аралығындағы І орынды қарағандылық «Шолпан» би ансамблі еншілесе, ІІ орын Абай қаласының «Дидар» тобына бұйырды. ІІІ орынды Қарағанды қаласының «Аяла» би тобы жеңіп алды.

Сондай-ақ, Қарағанды қаласының №2 балалар өнер мектебінің 9-12 жас аралығындағы «Шұғыла» би ансамблі І орын иегері атанды. Ал, Бұқар жырау ауданының «Очаровашки» би ұжымы ІІ орын алды. ІІІ орын қарағандылық «Нұрби» би ансамбліне бұйырды.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button