Шалғайдағы медицина ұйымдары интернетке қосылады

Облыстың шалғай ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік пункттер спутниктік интернетке қосылады. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Бұл орайда 37 медициналық ұйым қамтылмақ.

Біздің дәрігерлік амбулаторияларымыздың 98 пайызы кеңжолақты жылдам интернетке қосылған. Алайда, шалғай елді мекендерде мәселе шешілген жоқ. Бұл өңірлерде 29 мыңдай халық өмір сүреді. Онда желіге қолжетімділік деңгейі өте төмен. Енді бұл мәселе спутниктік интернет арқылы шешіледі және біз медициналық мекемелердің 100 пайызын цифрландыру жүйесімен қамти аламыз, – дейді облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Әрбір медициналық ұйымда қабылдағышы және таратқышы бар кіші диаметрлі антенна, компьютер, жергілікті желіге қосылатын спутниктік байланыс жиынтығы орнатылады. Бұл жабдықтың барлығын инвестор – «Астел» компаниясы ұсынуда. Медициналық ұйымдар тек, абоненттік төлем төлейді.

Интернет трафигі арнайы сүзгілердің көмегімен қатаң бақыланады. Жобаны іске қосу жұмыстарын қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Өз тілшімізден.