Шалғай ауылдарда — шапағатты істер

    Қыстың көзі – қыраулы. Оның үстіне, шаруашылық жылы аяқталып келеді. Жыл он екі ай ішінде қандай жұмыстар атқарылды, алда қандай меже күтіп тұр? Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова осы мақсатпен елді мекендерді аралап, қысқы маусымның басталуымен танысып, жер-жердегі мәдени-әлеуметтік нысандарды аралап, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, әңгіме-дүкен құрды. Бірыңғай мал өсірумен шұғылданатын Қараменде би ауылдық округіне қарасты Қуаныш елді мекенінің тұрғындары бірсыдырғы ғұмыр кешуде. Тұп-тура ауылдық жердегі қазақы қоңыр тіршілік. Алайда, жаңа заман ағымының тетіктерін бірден байқауға болады. Осындағы «Балдаурен» шағын орталығында мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиеленіп, әліппеден арман-мұратын бастайды. Мұндағы мектептің техникалық оқу базасы мүмкіндігінше уақыт талабына сай жаңартылып, толығу үстінде. Мұндайда даму негізіне жоспарланған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуын мейлінше қадағалау қажет. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында осы шағын ауылдағы клуб үйіне жөндеу жүргізіліп, жаңаша сипат алған. Ауыл шаруашылығын дамытуда «Береке» бағдарламасының берері мол. Мәселен, «Бақтияр» шаруа қожалығында сүт қабылдау пункті ашылып, жұртшылықтың қажетін ашып отыр. Қожалық жетекшісі Ерлан Нұртазин мал бордақылау алаңының аса тиімді екенін тілге тиек етті. Алаң 100 бас ірі қараны бордақылауға арналып салынған. Аудан әкімі осындағы электр жүйесін тарту, жер мәселесін шешу сияқты түйінді мәселелерді жауапты басшыларға шегелей тапсырды.

   Сарытерек ауылдық округінде жас кәсіпкер А.Оралтайұлы көкөніс, бау-бақша өнімдерін өсіретін жылыжай кәсібін ашқан болатын. Ол жас кәсіпкерлерге тиесілі грантты жеңіп алған. Жұмысы жақсы, істің ыңғайын тапты. Биылғы жылы жылыжайдан 10 тонна қияр өнімін алып, аудан тұрғындарына қолжетімді бағамен сатты. Мал шаруашылығын дамытудың игілікті,түпкілікті нәтижесін көп кешікпей көретін боламыз. Осы округте бірнеше өндірістік кооператив құрылып, алды әділет басқармасына тіркеліп үлгерді. Шаруашылық мал бордақылау, асылдандыру, ет, сүт өнімдерін өндірумен түптеп шұғылданатын болады.

   Шашубай қонысында аудан әкімі С.Әбеуова қарт ана Б.Әбеуованың отбасында болып, тұрмысымен танысты. Әлеуметтік бағдарламаға сәйкес қарт анаға тұрғын үй жәрдемақысы, әлеуметтік, материалдық көмек көрсету ниетінде басшыларға нақтылы тапсырма берді. Кентте 2012 жылдан бері іргесі көтерілген мешіт құрылысы қозғаусыз тұр. Ендігі арада мүмкіндігінше ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу, Алланың жердегі үйін тұрғызу құрылысын аяқтап шығу ешқандай сылтауды күтпейді.

   Аудан әкімі Саршыған, Ортадересін, Жидебай, Кежек ауылдық округтерінде болып, жұртшылықпен жүздесті. Кемшілік пен жетістіктерді ортаға салып, ортақ міндетті бірлесе атқарудың аса қажет екенін тілге тиек етті.

   Сонымен қатар, аудан әкімі С.Әбеуова елді мекеннің тұрғындарын тәуелсіздіктің торқалы тойы – 25 жылдық мерекемен құттықтап, ізгі ниетін жеткізді.

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ

Ақтоғай ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.