Жаңалықтар

Шахтер әкенің суретші ұлы

Қазақтың соңғы ханы Кенесарының қылыш ұстап тұрған суреті қазақ арасына жақсы таныс. Сол секілді Шәкен Айманов түсірген «Тақиялы періште» классикалық комедиясындағы биші қыздың әкесі Нияз образы да көрерменге етене жақын. Бұл екі өнерге бір адамның – Қарағанды облысы қазіргі Абай ауданында 1913 жылы дүниеге келген адамның қатысы бар. Ол – Әубәкір Ысмайылов. Шахтер әкенің ұлы суретке жастайынан қызығып, 15 жасында суреті көрмеге қойылған екен. Актер ретінде де көрермен есінде Нияз бейнесімен берік сақталды.

Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайылов есімі Қазақстанның кәсіби бейнелеу өнерін қалыптастырған Әбілхан Қастеев, Құлахмет Қожықовпен қатар айтылады. Халқымыздың тарихы мен эпостық жырларын бейнелеп, «Қамбар батыр мен Назым қыз», «Қобыланды батыр», «Жоңғарлармен шайқас», «Едіге батыр», «Қызыл салт атты» тұрпатты сандаған картиналарды дүниеге әкелген хас шебер. Бала күнінен көкірегіне ертегі мен аңыз, тұрмыс-салт жырлары мен халық әндерін, батырлар әпсанасын сіңіріп өскен, бабалар жорығын, лирикалық эпостарын, асқан ерлігін, көшпенділер, жылқы мен адам образын тарихи дәлдікпен, нақты айқындап сала білген дарын иесі. Сол кездегі заман талабына сай дәлдік, сурет, композициясы, рең алмасуы, контрасттар ұтымдылығы секілді талаптар үдесінен шыға білген суреткер. Еуропалық сурет өнері мен Шығыс миниатюрасынан синтез жасай білген шебер. Кенесары ханның образын алғаш жасаушылардың бірі.

Суретшінің су бояумен салған картиналары өзінің нәзік ерекшелігі сақталып, жеңіл жазылғандығымен сан алуандығымен тәнті етеді. Табиғат көріністерін жазса, оны ауа кеңістігіне терең бойлатып, әр қатпарын кезең-кезеңімен алыстатып, композициялық талаптарын ескеріп жазады. Һәм ашық күн, аппақ бұлттарға үйлестіріп салады. Көп тұлғалы тұрмыс көріністерін, той, көші-қон бейнелерін, заман талабы сұраныстарын ескеріп, қазақ халқының киім-кешек, салт-дәстүр ерекшеліктеріне, фольклорлық деректеріне дейін қатты мән беріп, тәптіштей бейнелейді. Портреттері фотосурет түсіру мүмкіндігі кем уақыттың құжатнамасы секілді, сол кездің ел-жұрты қалай киінді, не тұтынды, келбеті-өңі, болмысы жүріс-тұрысы, үйі-жайы, интерьері қандай еді дейтін сұрақтарға да «жауап беріп» отырады. Түстердің реңін, бояулар үндестігін оқиға, сюжеттерге бағындыра суреттейді. Осындай ерекшеліктерімен уақыт уысынан сытылып шығып, бүгінге жетіп, қазіргі ұрпаққа, осы күнгі суретші қауымға да тәлім болып отыр. Суретшінің кескіндемелік шығармалары өзінің бояу байлығымен, рең тұтастығымен өзгеше. Картиналарына
романтикалық сарын бере, көрушіні өзіне тарта жазуымен есте қалады. «Хан тәңірі», «Көртоғай», «Жуалы жазығы» картиналары осы сөзімізге дәлел. Жан-жақты талант иесінің живопись жанрын толғай, тереңдей, беріле жазатыны да тәнті етеді.  

Өткен ғасырдың басында аз ғана кәсіби білім алып, Жаратқан Иеден келген табиғи талантымен-ақ көлкөсір суреттерді дүниеге әкеліп, еліне мән-мағынаға толы еңбектер тарту еткен Орал Таңсықбаев, Әбілхан Қастеев секілді кесек дарындардың қатарында жүріп, артына соншалық мол мұра қалдырған Әубәкір суретшінің ғұмыры болашаққа үлгі, келешекке өнеге. Ол кісінің картиналары қандай мезгілде де өз құнын бір мысқал жоғалтпастан, қаны қызу шығармашылық қуатымен болашақта да әз ғұмырын жалғастыра бермек.
Оның бір дәлелі – Шахтинск қаласындағы көркемсурет мектебінің Әубәкір Ысмайылов есімімен аталуы. 1989 жылы ашылған көркемсурет мектебіне 2015 жылы суретші есімі берілген
еді. Мыңдаған суретшіні түлеткен кәсіби мектеп қазір ЮНЕСКО клубына мүше. 

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ,

суретші

АСТАНА

Басқа материалдар

Back to top button