Шағын ел – шексіз энергия
Көрмеге келіп, көптің назарын аудартқан елдің бірі – Нидерланд корольдігі. Жуырда Елордада осы елдің Ұлттық күні атап өтілді. «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесінің алаңында. Шағын ғана корольдік шексіз энергия өндіруге қауқарлы екендігін танытты.
Негізінен, Нидерланд корольдігі – Қазақстан экономикасына қаражат құюшы басты ел. Қазіргі күннің өзінде-ақ екі елдің арасында тоғыз жүзге тарта бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Соңғы үш жылда қос тараптың кәсіпкерлері арасындағы байланыс екі есеге артқан.
Әсіресе, логистика, су қорларын басқару және аграрлық сектор салаларындағы байланыс тереңдей түскен.
Ғарышты игеру саласындағы ынтымақтастық та жүйелі жолға қойылған.
Елдер экология мәселелерін шешу үшін де бірлесе жұмыс атқаруда.
Нидерланд корольдігі павильонының жетекшісі Эвелин Бэлдің айтуынша, қызғалдақтар елі «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысатыны жөнінде шешім қабылданған соң, елдің Сыртқы істер министрлігі Астанадағы павильон үшін ең үздік идеяны ұсыну жөнінде байқау өткізген.
Көзбен көргенге не жетсін?!
20 маусымда «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне барып, көңілім толып қайтты. Адамзатқа ауадай қажет қуат көздерін ұсынушы Қазақстан, Жапония, Германия, Әзірбайжан сияқты елдердің павильондары ерекше ұнады.
Біз көрмені достарымызбен бірге тамашаладық.
Мазмұны ауқымды іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
«ЭКСПО-ны» көзбен көргенге не жетсін?!
Балғын СҰЛТАНОВА.
Қуаттың көзі – адамда!
«EXPO-ны» аралау барысында қазақтың келіні, жапон қызы Мидоримен таныстым. Көп павильондардағы хабарландырулар орысша жүріп жатса, Мидори қазақша сайрап тұр. Алғашқыда қазақтың қызы екен деп ойлап қалдым. Бірден тіл табысып кеттік.
Қазақстанда тұрғанына біраз болыпты. Қазақтың жігітіне тұрмысқа шыққан. Көрмедегі еріктілердің бірі болып, ел мен елдің арасын жалғап жүр. Меніңше, болашақтың энергиясын оттан, судан, желден емес, адамнан іздеу керек. Қуаттың көзі – адамда!
Нариман МӘЖИТҰЛЫ.
– Қазірдің өзінде болашақ энергиясын пайдаланып отырған, теңіз деңгейінен төмен орналасқан шағын ел жайлы идеясын «Conspiracysinc» креативтік агенттігі ұсынды. Байқау аясында жеңімпаз атанды. Кейін «Hypsos» компаниясы павильонның дизайнын әзірлеуге кірісіп, оның құрылысымен айналысты. Сонымен қатар, осы іске белсенді атсалысқан «Mann CG» компаниясының голографиялық 3D-жобалау технологиясы павильонды салу кезінде қолданылды. Нидерландтың әлемге сыйлаған жетістіктерінің бірі – атақты кескіндеме мектебі павильон дизайнында көрініс тапқан, – деді Эвелин Бэлл.
Нидерланд корольдігінің Ұлттық күніне осы елдің Экономика министрі Хенк Камп арнайы қатысты. Шетелдік мейман ресми салтанат аясында Нидерланд повильонындағы экологиялық байқау қорытындысына да қатысты.
Өткен жылдың қазан айында басталған бұл байқаудың мақсаты – бизнестік тұжырымдамаларды әзірлеу, үздігін іріктеу. Қатысушы әр команданың құрамында – төрт студент болса, оның екеуі – қазақстандық, екеуі – нидерландтық өкіл.
Жеңімпаздар қатарындағы Ермек Жұмаш: «Біз өз командамызбен бірлесе отырып, тұрғын үй кешендеріне арналған бірыңғай сүзгіні қолдану жөніндегі бизнестік тұжырымдаманы әзірледік. Суды үнемдеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етудің тиімді жолын ұсындық. Пилоттық жобаны Алматы қаласының тұрғын үй кешендерінің бірінде жүзеге асыруды жоспарлар отырмыз», – деп, байқаудан алған әсерімен бөлісті.
Иә, «ЭКСПО – 2017» көрмесінің тақырыбы да осы мәселені қамтиды. Болашақтың энергиясы – баламалы қуат көздерін кеңінен насихаттау, іс жүзінде қолдану – ғаламның ортақ мүддесіне саяды.
Жалпы, Көрмеге қатысушы 100-ден астам мемлекет өз павильондарын «Болашақ энергиясы» тақырыбына сай жабдықтап, үздік тәжірибелерімен бөлісіп жатыр.
Үш айға созылатын Көрменің алғашқы үш күнінде-ақ жиналған елдің қарасы көңілді марқайтты. 88300 адам «ЭКСПО – 2017» көрмесінің табалдырығын аттаған.
Қазіргі күні де Көрмені қызықтаушылардың қатары толысып келеді.
Тағы бір қуантарлығы, Елордадағы «ЭКСПО-ны» көзбен көріп қайтқан өңір тұрғындарының әсерлері ерекше.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.