Шаһар шежіресіне шолу
10 ақпанда Қарағанды шаһарына қала мәртебесі берілгеніне – 90 жыл толады. Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының оқу залында атаулы күнге орай «Қадірлі, қасиетті – Қарағандым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Қазақстанның дәл орталық аумағында, Еуразия құрлығының жүрегінде орналасқан өндірісті қала Қарағандының шежірелі тарихы да ғасырлық белесіне жақындап келеді. 1934 жылы 10 ақпанда Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті Алқасының қаулысымен Қарағанды кенті қала мәртебесіне ие болды. Қарағанды – ежелден тоғыз жолдың торабындағы, Қазақстан мен төрт тараптағы елдердің өзара мәдени, экономикалық байланыстарын жүзеге асырушы орталық нүктесі ретінде сан түрлі тарихтың куәсі Арқа төсіндегі киелі өлке.
Аталған көрмеге Қарағанды өңірінде өмір сүріп, шығармашылықпен айналысқан халық дарындыларының өмірі мен өнері туралы «Сарыарқа саңлақтары» кітабын, «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясын, ардагер журналист Аман Жанғожиннің «Қазыналы қарашаңырақ», белгілі фотожурналист Валерий Петуховтың «Қарағанды» фото-альбомы және басқа да әдебиеттер қойылды.
Кітапхана оқырмандары бұл көрмеден облыс тарихына байланысты көптеген тың деректер һәм тарихи оқиғалар шежіресімен таныса алады.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz