Шет

ШҰҒЫЛАЛЫ ШЕТТЕГІ ШАРАПАТТЫ ШАРАЛАР

   Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Р.Әбдікеров 11-12 қазан күндері жұмыс сапарымен Шет ауданының бірқатар елді мекендерінде болып қайтты. Өңірдегі өкілетті органның басшысы ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіп, әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды аралап көрді. Халық қалаулысы ретінде сайлауалды бағдарламада айшықталған мақсат-міндеттердің орындалу барысы жайында мәлім етті. Тұрғындардың тыныс-тіршілігімен жақын танысып, олардың тарапынан жасалған сауалдарға, қойылған сұрақтарға тиянақты жауап берді.

Ең алғаш ат басын тіреген мекен «Красная Поляна» ауылдық округі болды. «Красная Поляна» – кешегі кеңестік кезеңде шаруашылығы барынша шалқыған, атағы атырапқа кеңінен танылған елді мекендердің бірі еді. Аймақтағы асыл тұқымды мал өсіретін бірегей шаруашылық болатын. Соған орай, малы мен жаны тең өсіп, дәулеті шаршысына толып, арнасынан асып жататын. Шаруашылық орталығы да заман талабына сай, сәулетті селолардың бірі болды. Ақ шаңқан тұрғын үйлер, әлеуетті тұрмыстық нысандар ел игілігіне тұрақты қызмет ететін.

Жаңа экономикалық саясат – заңы қатал нарықтың нар көтере алмас батпан жүгі алдымен алыс ауылдарға салмақ салғаны әмбеге аян. Қашаннан қарым-мүмкіндігі шектеулі ауылдар жаңаша жағдайға жылдам бейімделіп кете алмай, күрмелмен күй кешті. Ол қиыншылықты бұл ауыл да айналып өте алмады. Жылдар бойы өсу, даму үрдісінде болған ауыл біраз уақыт жүрісінен жаңылғандай, шаруашылық тоқтап, тоқырап қалды. Дегенмен, ендігі жерде «ал балық, аузыма сал балық» деген жатыпішер көзқарастың жораға жүрмейтініне ден қойған есті-басты азаматтар бас біріктіріп, ақ жарылқап ауылдың ажарын барынша сақтап қалуға тырысты.

Бүгінде «Красная Поляна» – бірнеше шаруа құрылымдарынан тұратын берекелі ауыл. Күнкөріс көзі негізінен – мал шаруашылығы. Жыл санап мал басы өсіп келеді. Қайсыбір қиыншылық жылдарындағыдай емес, тұрғындардың да тұрақталып келе жатқаны байқалады. Бірнеше тұрмыстық нысандар қалыпты жұмыс істейді. Екінші бір тұрақты жұмыс орны – әдеттегідей ауылдық мектеп. Сонау 1980 жылы пайдалануға берілген еңселі білім ұясының кейінде көлемі ықшамдала түскен. Ағымдағы жылы орта мектепті жөндеуден өткізуге «Жұмыспен қамту – 2020» Жол картасы бағдарламасының аясында республикалық бюджеттен 27,0 млн. теңге қаражат бөлінген екен. Бүгінде жөндеу жұмыстары толық аяқталыпты. Оқу орнында 121 бала оқиды. Мекемеде 60-қа жуық адам еңбек етеді. Оның 32-сі педагогикалық құрамға кіреді.

Мектептің жалпы жағдайы, биылғы жөндеу жұмыстарымен жете танысқан Р.Әбдікеров осында ауыл тұрғындарымен, сайлаушылармен кездесті. Кездесу барысында Рысқали Қалиакпарұлы бүгінде еліміз көлемінде, оның ішінде ауылдарға қатысты қолға алынып, атқарылып жатқан іс-шаралар, ішкі-сыртқы саясат т.б. жайында қысқа нұсқа әңгімелеп берді.

Биылғы жыл еліміз үшін көптеген атаулы күндерге, мерейтойларға толы жыл. Соның ішінде, ең алдымен ауыз толтырып айтатынымыз – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Елдігіміз бен ерлігімізді ұлықтаған барлық дерлік рухани, мәдени іс-шаралар осы мерейлі мерекеге орайластырылуда, – дей келіп, осы тұрғыда ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға қатысты кезек күттірмес міндеттерді атап өтті.

Дария ауылы қара жолдан қиыс жатқанмен, темір жолдың торабында тұрған, жүріс-тұрыс, қарым-қатысқа қолайлы елді мекендердің бірі саналады. Іргетасы осы темір жолдың тартылуымен сонау сұрапыл соғыстың алдындағы жылдары қаланған. Содан бері қайнаған қозғалыстың, тынымсыз тіршіліктің ұясы болып келеді. Шаруашылығы сан салалы, бірнеше буын ұрпақ өкілдерінің ат байлар атамекені. Дегенмен, тоқсаныншы жылдардың аяғындағы түрлі тоқырау, қилы өзгерістердің кері зардабы бұл ауылды да айналып өтпеді. Жұмыс көзі болып тұрған бірнеше темір жол мекемелері қысқарып кетті, жабылып қалды. Соған байланысты тұрғындардың басқа жерлерге қоныс аударуы байқалды.

Қазірде ауылдың дамуы қайтадан қарқын алып келеді. Халықтың жағдайы жақсы, тұрмысы түгел. Оған дәлел – мұнда мемлекет есебінен, теміржол кәсіпорындарының күшімен жаңадан бірнеше тұрғын үйлер бой көтеріпті. Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғасын таба бермекші. Тұрғындар өз күштерімен ғибадат үйі – мешіт тұрғызып алыпты. Соның бәрі ел ішіндегі қалыпты даму үрдісін паш еткендей.

Ауыл мектебі, әдеттегідей, негізгі жұмыс орындарының бірі. Іргетасы 1937 жылы қаланған екі қабатты мектеп ғимараты содан бері жаңартылмаған. 2013-2014 жылдары 8 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жасалыпты, сондай-ақ 2 млн. теңгеге жылу қазандығы жөнделіпті. Ағымдағы жылы орта мектептің спорт залын жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оған бюджеттен 3,5 млн. теңге қаржы қарастырылыпты. Мектептің жөндеу жұмыстарымен танысқан соң Р.Әбдікеров мұғалімдер қауымымен, тұрғындармен кездесті. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Рысқали Қалиакпарұлы қазақстандықтардың алдында аса маңызды міндет – «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық идеясын, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Қазақстанның жаңа экономикалық саяси бағдарламасын, сонымен қатар, Елбасы бес институционалдық реформаны жүзеге асыру үшін белгілеген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру міндеті тұрғаны жайында жан-жақты баяндады. Аталмыш бағдарламаларда алыс ауылдардың жағдайы да жақсы ескерілгенін ерекше атап өтті.

Бұрынғы атауы «Просторный», бүгінгі Ақой ауылы, десе дегендей, кең көсіліп жатқан, тоғыз жолдың торабында тұрған елеулі елді мекен, берекелі бекет. Әуеліде, 1932 жылы неміс колониясының шағын жерінде ішкі істер министрлігіне қарасты «Қарағанды» колхозының 11-Просторное бөлімшесі болып құрылған. 1958 жылы шаруашылықтардың ірілендірілуіне байланысты «Просторное» совхозы болып жеке шаңырақ көтерген. 2002 жылы өзінің «Ақой» тарихи атауын қайтып алған. Тас жолдың талма тұсында орналасуы себепті, ауылдың тіршілігі қашанда жанды, тынымсыз. Кезінде асыл тұқымды мал шаруашылығы болып дәуірлеген, кейінде сол үрдіспен ел іргесі соншалықты сөгіле қоймаған, қазірде бірнеше шаруа қожалықтарының басын құрап, дөңгеленіп отыр. Бірқатар әлеуметтік-тұрмыстық нысандары бар. Халық қажетін өтеу мақсатында соңғы жылдары және бірнеше шағын кәсіпорындар ашылыпты. Көпшілік бұқараның басын қосатын сәулетті мәдениет ошағының белгілі себептермен біраз уақыт күйі кетіп қалған екен. Соған дер кезінде көңіл бөлініп, тұрғындар тарапынан сұрау салынып, оған жергілікті атқарушы органдар назар аударып, күрделі жөндеуден өткізу қолға алынды. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамту – 2020» Жол картасы бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 29,532 млн. теңге қаражат бөлінді. Қазір де жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Р.Әбдікеров жұмыс бабында, ауыл ахуалымен таныса келіп, тұрғындармен кездесті. Бір қызығы, географиялық жағдайына байланысты, үлкен жолдың үстінде тұрғанына қарамастан, мұнда әлі күнге ұялы байланыс орнатылмаған. Тұрғындар тарапынан қойылған сауал, бірден-бір өтініш те осы болды.

Ақоймен іргелес Батық ауылы да жақсы есептегі жарқын ауылдардың бірі. Тұрмыс-тіршілік үшін де, мал шаруашылығы үшін де аса қолайлы. Республикалық маңызы бар жолдың үстінде орналасқан, ірі тірек бекеттері де жақын. Жері шүйгін, елі шырайлы. Облыстық мәслихаттың хатшысы ауылдағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көріп, тұрғын халықпен кездесу өткізді. Ауыл іргесіндегі тоған апатты жағдайда. Алдын алмаса, қалыпқа келтірмесе келеңсіз оқиғаларға ұрындыруы мүмкін.

Көктіңкөлі ауылы қашаннан қалыптасқан жақсы дәстүрлері бар жарастықты мекен. Ұлттық болмыс, халықтық әдет-ғұрыптардың сан түрі мұнда ерте заманнан бері желісін үзбей, жалғасын тауып келеді. Салбурын, саятшылық, көкпар сынды ұлттық өнер, спорт түрлері бұл төңіректе үзбей өткізіліп жатады. Бүгінде ауыл көлемінде 1300-ден астам халық тұрады. Тұрғындар негізінен мал, егін шаруашылымен шұғылданады. Ауыл мектебінде 220 бала оқиды. Бұл жерде мектепке дейінгі балалардың санының көптігі (300-ден астам) қуантады. Ауылдық мәдениет үйіне биылғы жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған республикалық бюджеттен 35,0 млн. теңге қаржы бөлініпті.

Ауыл тұрғындарымен болған кездесу барысында жергілікті дәрігерлік амбулаторияны жедел жәрдем машинасымен қамтамасыз ету, ауыл мен Жаңаарқа ауданы арасындағы тас жолды жөндеуден өткізу сияқты мәселелер көтерілді. Рысқали Қалиакпарұлы аталған мәселелерді бақылауға алып, барынша ықпал ететініне сендірді.

Бұрма ауылының сыр ажары-ақ бірден көңілге қанат бітіргендей. Көшелердің жинақылығы, тұрғын үйлердің күтімділігі, ауылға бастап баратын жолдың жайлылығы мұнда ел игілігі үшін бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанынан хабар береді. Биылдың өзінде орталық көшелердің біріне асфальт төселіпті. Тұрғындар осы қарқынмен келесі жылы да бір көше асфальтталса, шіркін дейді. Ауыл орталығындағы мешіт үйінің сән-салтанаты да ерекше. Оны осы ауылдан түлеп ұшқан бір азаматтар өз күштерімен тұрғызыпты. 1956 жылы құрылған шаруашылықтың 1978 жылы салынған еңселі мәдениет үйі бар екен. 185 орынға лайықталған мәдениет ошағына биыл республикалық бюджет есебінен 14,520 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары, шынында да, көңіл көншіткендей: барлық дерлік құрылыс бөлшектері, құрал-жабдықтар жаңартылуда. Еңселі ғимарат ішінде ауылдық кітапхана да орналасқан. Екі үйірме тұрақты жұмыс істейді, алты қызметкер жұмыспен қамтылған.

Жөндеу жұмыстарымен танысып, оң баға берген Р.Әбдікеров, содан соң ауылдық мектепке барып, мұғалімдермен кездесу өткізді. Білім саласының бүгінгі таңдағы басты міндеті – болашақ білікті мамандарды, техниканың тілін жақсы білетін, экономика мен менеджмент саласында өз ісінің маманы болуға лайық, жаңашылдық ой өрісі қалыптасқан адами капиталды дайындау болып табылады. Қазіргі уақытта барлық деңгейдегі мектептерде білім берудің бірыңғай жаңартылған стандарттары енгізілуде. Осы тұрғыда сөз өрбіткен Рысқали Қалиакпарұлы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мұғалімдердің білім деңгейін көтеруге мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлініп отырғанын тілге тиек етті. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғаса беретінін айтты. Сондай-ақ, қазіргі күн тәртібінде тұрған маңызды мемлекеттік бағдарламалар туралы баяндады. Ауыл шаруашылығын қолдауға байланысты қолға алынған бағдарламалардың орындалысы жөнінде сөз қозғады. Шаруа қожалықтарының бірігіп еңбек етіп, кооператив құру арқылы шаруашылықтарын дамыту жолдары жөнінде түсінік берді.

Осы мазмұндағы әңгіме Үңірек ауылындағы мектеп мұғалімдерімен болған кездесуде жалғасын тапты. Бұрынғы «Шет» совхозы, қазіргі Үңірек ауылында типтік мектеп салынып үлгермеген екен. Оқушылар әуеліде жатақхана ретінде салынып, кейінде мектепке айналған ғимаратта оқып жатыр. 100-ге жуық балаға 32 мұғалім дәріс береді. Жөндеу жұмыстары жыл сайын жүргізіледі.

Жарық станциясы халық саны жөнінен Шет ауданы аумағындағы Ақадырдан кейінгі екінші елді мекен. 1938 жылы құрылған. 2009 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы кент болып атауын өзгерткен. Қарағанды, Жезқазған, Шу бағытындағы темір жолдардың айырығында тұр. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі, өмір салты осы мән-жайға тікелей байланысты. Тұрғындар саны – 3787. Осы арада айта кететін бір жайт, мұнда тұрғындар саны бір де кеміп көрген емес. Кенттегі 420 балаға арналған мектепте бүгінде 583 бала оқитыны да көп жайдан хабар берсе керек. Кентте сондай-ақ 2009 жылы пайдалануға берілген «Балдәурен» балабақшасы, мәдениет үйі, бірнеше сауда орындары, басқа да тұрмыстық нысандар жұмыс істейді. Кәсіпкерлік кең өріс жайған. Дәрігерлік амбулатория құрылысы қызу жүргізіліп жатыр, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарымен қоса есептегендегі құрылыс нысанының құны – 112 млн. теңге. Мердігер – «АвтоБАН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Осы жылы пайдалануға берілмекші. Кенттегі сапарын осы амбулатория жұмысымен танысудан бастаған облыстық мәслихаттың хатшысы Р.Әбдікеров, содан соң кент әкімдігіне барып, тұрғындармен кездесті.

Рысқали Қалиакпарұлы өзі осы ауданның әкімі болып тұрғанда жоспарға енгізіп, атқарылуына себепті болған құрылыс, жөндеу жұмыстарына, бүгінде халық қалаулысы, өкілетті органның басшысы дәрежесінде де сайлаушылардың аманатына жауапты екенін айта келіп, жұмыстар барысына қанағат сезімін білдірді. Содан кейін сөз алған Шет ауданының әкімі М.Жандәулетов аудан көлемінде үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша баяндап өтті. Биыл 21 мектепке, 12 мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. 35 млн. теңгеге абаттандыру, 300 млн. теңгеге жол жөндеу жұмыстары атқарылған.

Кент тұрғындары арасынан бірінші болып сөз алған ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы, кезінде шаруашылық басшысы болған Төлепберген Әбеуов ақсақал атқарылып жатқан жұмыстар, ат үстінде жүрген азаматтардың қызметіне ризашылық білдіре келіп, осы кент аумағында жатқан Жидебай Қожаназарұлы батырдың басына жарықтандыру жұмыстары жүргізілсе екен деген өтініш айтты. Оған бірден жауап берген аудан әкімі бұл мәселенің жылдам арада, сөзсіз шешімін табатынына сендірді.

Жарық станциясының басшысы Тілектес Үмбетов кент құраушы негізгі кәсіпорындардың бірі болып табылатын темір жол мекемесінің тыныс-тіршілігі жайында қысқаша ақпарат берді. Осы мекемені отыз жылға жуық уақыттан бері табан аудармай абыроймен басқарып келе жатқан білікті басшы, іскер ұйымдастырушы сондай-ақ ауыл өміріндегі кейбір алаңдатарлық мәселелерді тілге тиек етті. Сөз соңында жол бойындағы «Қазпошта» ғимаратының күйі кетіп, кент сәнін кетіріп тұрғанын айта келіп, жоғары тұрған, жергілікті атқарушы органдар осы мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етсе деген өтініш білдірді.

Р.Әбдікеровтің екі күндік жұмыс сапарының соңғы нүктесі Өспен ауылында қойылды. Өспен ауылы аудан орталығы – Ақсу-Аюлы кентінен батысқа қарай 110 км, облыс орталығынан оңтүстікке қарай 200 км жерде орналасқан. Іргесі мыс кен орнының негізінде 1847 жылы қаланған. XIX ғасырда Нілді болысының, кейіннен Нілді және басқа болыстар біріктіріліп, Асан қайғы болысы ұйымдастырылған кезеңде осы болыстың орталығы болды. 1928 жылы Асан қайғы ауданы құрылып, 1929 жылы С.Сейфуллиннің ұсынысымен Жаңаарқа аудандық болып қайта құрылғанда «Успен руднигі» деген атаумен осы ауданның құрамына кірді. 1906-1909 жылдары Өспендегі мектепте қазақ халқының даңқты ұлдарының бірі – С.Сейфуллин оқыды. Бүгінде мектеп Сәкен мектебі аталады. Кезінде Қазақстандағы металлогения мектебінің негізін қалаушы, геология саласының көрнекті маманы Қаныш Сәтбаев Өспен мыс қорыту зауытында болып, онда ғылыми барлау жұмыстарын жүргізгені белгілі. 2007 жылы ауылдың 160 жылдығы кең көлемде атап өтіліп, Сәкен мұражайы ашылды. Салтанат аясында жөндеу, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қазір де ауылда бірқатар игілікті шаралар атқарылып жатыр.

Соның бірі – ауылда еңсе көтерген дәрігерлік амбулатория. Құны 99,096 млн. теңге тұратын құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Емхана үйі қазіргі заман талаптарына сай, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Барлық дерлік қабылдау, емдеу кабинеттері сақадай сай дайын тұр.

Денсаулық сақтау мекемесінің ашылу салтанатына ауыл тұрғындары, арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Алғашқы болып сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Р.Әбдікеров: «Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасымен денсаулық сақтау саласына барынша жіті көңіл бөлініп келеді. Дені сау ұлт – кемел мемлекеттің мызғымас тірегі. Бүгінде ауылдық жерлердегі тұрғындардың денсаулығын жақсарту жолында да бірқатар игілікті шаралар іске асырылып жатыр. Бұл тұрғыда барынша жағдай жасалуда. Соның бір мысалы, бүгін есігін айқара ашқалы отырған мына дәрігерлік амбулатория», – дей келіп, ауыл тұрғындарын осы толайым қуаныштарымен құттықтады.

Аудан әкімі Марат Жандәулетұлы ауданда биыл осы тектес 6 амбулатория ашылғанын, келесі жылы 2-еуі ашылатынын атап өтті. Аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басқа да жұмыстар, алдағы жарқын жоспарлар жөнінде әңгімеледі. Ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз, өлкетанушы Файзолла Нұржанов келесі жылы іргесі қаланғанына 170 жыл толатын ауылдың тарихынан қысқаша ақпарат берді. Бұл ауылда әрі-беріде 2 аурухана болған екен. Тіпті жеңіл оталардың өзі осында жасалатын болыпты. Нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер «Жібек жолы» ЖШС директоры Марат Түсіпбеков құрылыс жұмыстарына негізінен жергілікті тұрғындар тартылғанын, олардың, жалпы ауыл тұрғындарының бұл баталы іске барынша ықпал еткенін ерекше атап өтіп, ризашылық білдірді.

Дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатында лента қию құрметіне облыстық мәслихаттың хатшысы Р.Әбдікеров, аудан әкімі М.Жандәулетов, аудандық мәслихаттың хатшысы Бәкен Төлеуқұлов, еңбек ардагері Тұрсын Мақажановтар ие болды.

Бүгінгі Шет өңірінің жарқын келбеті жаңғыру, даму үрдісін айқын танытады. Осы өлкеден тамыр тартатын тарихи жүлгелер, имандылық иірімдері, ырыс пен ынтымақ рухы –еншіміз бөлінбеген, іргеміз сөгілмеген бүтін жұртпыз деп сезінудің бірден-бір негізі. Ауыл – Алаштың анасы, ауылдардың еңсесі тіктелмей, қазақтың көсегесі көгермейді. Өйткені, ауылдың рухы – қазақтың рухы. Сол орайда ауылдардың бағы жанып, базары қайтып келе жатқанына іштей тәубе дейміз. Қазірде барлық еліміз бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарында жаппай өсу, өрлеу байқалады. Соған сай ауыл тұрғындарының талап-тілектерінің мазмұны да өзгерген. Ол негізінен жалқылық шеңберден шығып, бүгінде жалпылық сипат алған. Тұрғындар баршаға ортақ елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, жолдарды жөндеу сияқты мәселелерді алға тартады.

Тегінде, халық қалаулысы билік пен бұқара арасындағы алтын көпір іспетті. Қазірде жұмыс бабымен басқа салаға ауысқанына қарамастан, Рысқали Қалиакпарұлының кезінде өзіне дауыс берген, қолдау көрсеткен қалың бұқарамен байланысын үзбей, өзі бастау көзінде тұрған іс-шаралардың соңғы нәтижесіне дейін қадағалап, тиянақтап жүргені соның айқын дәлелі. Қоғаммен, халықпен тікелей байланысқа түсіп, Елбасының сындарлы саясатын жан-жақты насихаттауда елгезектік танытып, жұрттың көкейіндегі талап-тілектерді терең ұғынып, шынайы шешім табуына себепкер болуда. Сол орайда ауыл тұрғындарымен болған түрлі кездесулер барысында көтерілген мәселелердің алдағы уақытта нақтылы іске асатынына сеніміміз кәміл.

Жомарт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button