Жаңалықтар

“Шөміштен қағылған” шағын бизнестің күні туа ма?

Нарықтық экономиканың негізгі буыны болып табылатын шағын және орта бизнестің өзіндік артықшылықтары бар. Сұранысқа сай әрекет етіп, өңірдің экономикалық базасын нығайтуға ықпал ететін, өндіріс пен бөлшек сауданың көлемін арттыратын, жұмыссыздықты азайтып, бәсекелестікті дамытуға қолайлы орта жасайтын осы бір саланың мемлекет үшін маңызы зор. Бірақ, бизнеске мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекке белден басып, өз дегеніне жететін алпауыттардың қасында қол жеткізе алмай, «өкпесі сы­рылдап», ілдалдалап өлместің күнін кешкен шағын және орта бизнестің өркені өсе алмай қойды. Президент ҚасымЖомарт ТОҚАЕВ Парламентте сөйлеген сөзінде «Ірі кәсіпорындар бәсекелестікті тежейтін және реформаларға кедергі келтіретін ерекше артықшылықтарға ие» деуі де осыдан.

«Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен қолжетімділігі туралы көптеген әділ сұрақтар туындап жатыр. Қалыптасқан жүйе негізінен ірі құрылымдарға «достарға – бәрі, қалғандарына – заң бойынша» қағидатымен қызмет көрсетуге бағдарланған. Шын мәнінде қазіргі жүйе экономикадағы олигополияны одан әрі күшейтеді. Ірі кәсіпорындар бәсекелестікті тұншықтырып, реформаны тоқтататын ерекше артықшылықтарға ие» деді Мемлекет басшысы. Тіпті, Қазақстан даму банкі қаржы-өнеркәсіптік және құрылыс топтарынан өкілдік ететін таңдаулы тұлғалардың жеке банкіне айналғанын, ал, олар жоғары кабинеттерге кіре алатынын пайдаланып, өз жобаларын іске асыруда артықшылық алып отырғанына да тоқталды. Осы орайда «жобаларға кеткен мемлекеттің қаражатын шағын және орта бизнеске жұмсауға болатын еді» деген ол өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлген жөн деп, нақты тапсырма берді.

Экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлнұр Рахымова шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы екенін айтады. Сондай-ақ, маман мемлекетімізде жекеменшіктің нақты өмірде жүзеге асуы мен орта таптың қалыптасуы артқан сайын еліміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаратынын да алға тартады. Себебі, шағын және орта бизнес – экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы.

– Шағын және орта бизнес жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады. Жұмыссыздық мәселесі реттеледі, халықтың тұрмыс тіршілігі жақсарады, – дейді Гүлнұр Аманкелдіқызы.

Владимир БЫКОВ, Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, кәсіпкер:

– Елімізде шағын бизнес өкілі болсаңыз грант алу бағдарламасына ену қиын. Оны алу үшін белгіленген балға ие болуың керек. Ал, жұмысын енді бастап, мемлекеттен үлкен көлемдегі грант алғысы келген кәсіпкер осы салада бұрыннан жұмыс істеп, қыр-сырын меңгеріп алғандармен бәсекеге түсе алмайды. Сонымен қатар, бизнесті жолға қою үшін кемі 2 немесе 3 жыл керек. Ал, елімізде мемлекеттен берілген гранттың тиісті жеріне жұмсалуы бір жыл ғана қадағаланады. Әлбетте, бұл жағдайда кәсіпкер жаңа жұмыс орындарын құрмақ түгілі, жұмысын бастамауы да мүмкін.

Кәсіпкер әдетте тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан шағын дүкендер мен ірі супермаркеттер жұмысындағы алшақтықты да алға тартады. Мәселен, сатылымға шығаратын тауарды ірі сауда орындарына айтарлықтай жеңілдікпен ұсынатын компаниялар мұндай артықшылықты шағын дүкендерге ұсына бермейді. Салдарынан, олар тауар бағасын қымбаттатып қоюға мәжбүр. Ал, алысқа баруға шамасы келмейтін немесе көтермелеп емес, қалтасына қарай, қажетін ғана алып үйренген жалғыз-жарым жасы үлкендердің қажеттілігіне жарап тұрған, ірі супермаркеттермен бәсекелесу түсіне де кірмеген шағын дүкендерге жабылудан басқа амал қалмайды.

Майя ӘБДІРАХМАНОВА, қала тұрғыны:

– Шағын дүкендердің бір ыңғайлылығы – қалаған затыңды керегіңше аздап ала аласың. Ал, супермаркетте өздері алдын ала қаттап, буып-түйіп қойғандықтан, ондай мүмкіндік жоқ. Алған күнде де көзіңмен көріп, қолыңмен ұстамағаннан кейін тағамның бүлініп кетпегеніне де көзіңді жеткізе алмайсың. Сондықтан, шағын және орта бизнесті дамыту сол арқылы күнін көріп отырған кәсіп иелеріне ғана емес, қарапайым халыққа да оңтайлы болар еді.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button