Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарағанды облысында ауылдар ажарланады

Облыстың үш ауданының орталығында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы қолға алынуда. Яғни, биыл Атасу, Нұра және Ұлытауда елді мекендерді дамытуға, жаңғыртуға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылады.

Көрнекі сурет

Облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров Нұра кентінің тұрғындарымен кездесіп, оларға арнайы жобаның маңызы мен алдағы өзгерістер туралы баяндады.

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Ол үшін Үкімет «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын даярлады.

Облыстарда өсім және тұрақты даму нүктелері бар келешегі зор ауылдар анықталды. Бұл ауылдар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды қарастыратын өңірлік стандарттарға сай жетілдіріледі.

Арнайы жобаны дамыту үшін қаржы республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден бөлінеді. Серік Шайдаровтың айтуынша, үш аудан орталығында инфрақұрылымдар мен әлеуметтік саланы дамыту бойынша 26 жоба жоспарланған.

Олардың алтауы Нұра кентінде жүзеге асырылады. Төрт жоба әлеуметтік саланы жақсартуға бағытталған. Аудан орталығында сегіз жол жөнделеді.

Облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, ауыл тұрғындарының өмірін жақсарту үшін билік бір ғана арнайы жобамен шектелмейді. Түрлі бағдарламалар бойынша бюджеттік қаржы және жеке инвесторлар есебінен бұдан да басқа жобалар іске асырылады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button