Сенсация: Қазақстан құрамасы камбэк жасап, Финляндия құрамасын жеңді
Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы сегізінші ойынын Финляндияға қарсы өткізді.
Ойында тарихи камбэк болды. Бірінші таймның 28-минутында Роберт Тэйлор алаң иелерін айып соққысынан алға шығарған. Ал екінші таймда жағдай өзгерді. Қазақстан жеңісті жұлып алды. Екеуіне де жеңіске жету өте маңызды болатын.
Екінші кезеңде де қос құрама алма-кезек шабуылға көшті. Ойынның 76-минутында финляндиялық қорғаушылар өзінің айып алаңында қолмен ойнап, төрешілер пенальти белгіледі. Оны қазақстандық Бактиер Зайнутдинов мүлтіксіз орындап, таразы басын теңестірді. Ол 90-минутта әуелеп келген допты қақпаға енгізді. Осылайша ұлттық құрама жейдесіндегі 14 голын соғып, сұрмергендер көшін бастады. Нәтижесінде бұдан бұрын 13 гол соққан Руслан Балтиевті артқа тастап кетті.
Осылайша Қазақстан қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Олар әлі де Еуропа чемпионаты финалдық сатысына берілетін жолдамаға таласатын мүмкіндікке ие болып отыр.
Айта кетсек, екі құрама бұған дейін ресми ойындарда бес мәрте кездесіп, барлығында финляндиялық футболшылар жеңіске жеткен еді.
Сондай-ақ аталған топта Солтүстік Ирландия мен Словения, Сан-Марино мен Дания құрамалары кездеседі.
Енді Ұлттық құрама футболшылары алдағы ойындарында 17 қарашада елордада Сан-Мариноны қабылдаса, 20 қарашада сырт алаңда Словениямен кездеседі.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz