Сенімге медеу болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзі өткелекте тұрған халықтың көңіліне – демеу, сеніміне медеу болды.
Президенттің жалпы қауымның ішкі сұранысы мен талап-тілегін жете бағамдап, күрделі жағдайда көңіл төріндегі түйткілдердің түйінін тарқатуға аса ынталы болуы, әрине, құптарлық жайт. Біз мұны ел ішінде ертеден келе жатқан «Алаш аттан түскенде, хан тақтан түседі» деген тағылымы терең тәмсілдің шынайы көрінісі ретінде бағаладық.
«Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуі қажет. Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс» – деді Президент өз сөзінде. Осы лепесімен-ақ, бірінші орында халық және оның әлеуметтік жағдайы, тұрғындарды қатерлі дерттен сақтандыру шаралары тұратынын тағы бір мәрте аңғартты. Халық мүддесі – біздің мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі һәм бірегейі. Осы ұстанымға деген сенім кімнің де болсын, көңіліне қуаныш ұялатары анық.
Енді, өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезініп, сақтық шараларын әлі де мұқият сақтау – елдің еншісіндегі іс. Тек, сонда ғана жалпы қоғамға қатер төндіретін дерттің қайыра өршімеуіне тосқауыл қоя аламыз. «Сақтансаң – сақтайды» деген сөздің бекерден бекер айтылмағанын естен шығармаған абзал.
Ержан НҰРМАҒАНБЕТОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры.