Руханият

«Сенімен әлдилеген анам мені…»

Тіл – ұлттың жаны. Ұлттың рухы, тұтас болмысы әр адамның бойына баба тілі арқылы сіңеді. Демек, әр мемлекет үшін мемлекеттік тілдің орны ерекше. Тәуелсіздік алғалы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, дамуына жол ашу мақсатында біршама жұмыс атқарылды. Нәтижесі де жоқ емес. Елімізде өмір сүретін өзге этнос өкілдерінің де қазақ тілін үйренуге ықыласы артып келеді. Десек те, атқарылар жұмыс әлі көп. Бәрі шешілді десек, артық айтқандық болады. Бұл мәселені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды тұғырнамасында арнайы атап көрсеткен еді. Осы орайда, аймақта атқарылып жатқан істерге шолу жасап көруді жөн санадық.

Коллажды жасаған А.РАХЫМЖАН

Шынында, облыста өзге этнос өкілдері көп шоғырланған. Сондықтан, бұл мәселе әрқайсымызды толғандыруы тиіс. Облыс әкімдігінің қолдауымен аймақта мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында көптеген шара жүзеге асырылуда. Дерекке сүйенсек, биыл алты оқыту орталығы мен бес оқыту курсы негізінде қазақ тілін оқытуға 2023 жылы 2271 адам, оның ішінде тілдерді дамыту басқармасы тарапынан 560 адамды қамту көзделген.

Қоғамдық орындарда қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің базалық тілдік дағдысын қалыптастыру мақсатында 2023 жылғы жоспар – 1031 адам болса, басқарма – 160 адамды оқытпақ. Курстарды аяқтағандар тілді ұмытып қалмас үшін демалыс күндері «Достық» үйіндегі «Мәміле» сынды арнайы тіл үйрену клубтары Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран қалаларында, Бұқар жырау ауданында жұмыс атқаруда екен.

Басқарма тапсырысымен «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешені әзірленіпті. Бұл кешен Қазақстан бойынша үздік деп танылған. Тіл саясаты комитетінің қолдауымен 5000 данамен республикаға тегін таратылған көрінеді.

– Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін жүйеге келтіру мақсатында былтыр жүргізілген рейд барысында 9854 нысаннан 3230 кемшілік анықталды. Оның 1129-ы түзетілді. 2022 жылы кәсіпкерлерге тегін аударма мен әдістемелік көмек көрсету мақсатында құрылған «Жедел желі» («Callcenter») қызметі арқылы 5 123 көмек көрсетілді. Биылғы көрсеткіш – 181. Бұл бағытта кейінгі үш жылда «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасын жүзеге асырудамыз. Осы жоба аясында 2022 жылы қамтылған 3024 нысандағы (Қарағанды – 2400, Саран – 624) көрнекі ақпаратқа сараптама жасалып, 758 кәсіпкерге тегін аударма мен әдістемелік көмек көрсетілді. Жоба аясында денсаулық сақтау, тамақтану орындары, сұлулық салондары, сауда үйлері, бизнес орталықтар, қоғамдық көлік, такси қызметі, азық-түлік сататын супермаркеттер, техника сататын орындар қамтылды, – дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастика, сараптама және қоғамдық ұйымдармен байланыс бөлімінің басшысы Әсет Аманжолов.

Аймақта мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін арттырудың түрлі жолдары қарастырылуда. 2022 жылы облыста алғаш рет «Тіл – қазына» жобасы жүзеге асырыла бастады. Бұл жоба арқылы ұлттық құндылықтарды қастерлей отырып, қазақша контенттерді көбейту көзделген. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалымен бірлесе отырып, «Тіл – қазына» әлеуметтік жобасы үш бағытта ұйымдастырылған.

2022 жылдың қазан айында қазақ мектебіне немесе қазақ балабақшасына барып жүрген өзге этнос өкілдері балаларының қатысуымен «Қазақшаң қалай, балақай?!» атты бейнежазбалар түсіріліпті. Жалпы білім беру ұйымдарынан 32 өтінім түсіп, оның ішінен 10 бала іріктелген екен.

Халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, ел намысын қорғап жүрген спортшыларымыз да мыңдаған көрерменнің алдында қазақша сөйлегенде мерейіміз тасып, қуанып қаламыз. Кейін бұл жазбалар әлеуметтік желіге тарап, жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге үлес қосады. Сондықтан, жүрген жерімізде, әлеуметтік желіде сөйлеген сөзіміз бен атқарған ісімізден елге, жерге, тілге деген махаббат пен мақтаныш сезімі сезіліп тұрса құба-құп. Жұмыстың бәрін басқармаға жүктеп қойғанмен іс бітпейді.

Сондай-ақ, әлеуметтік желіде 2 мыңнан 10 мыңға дейін оқырманы бар блогерлермен бірлесе жұмыс істеу арқылы әлеуметтік желілерде қазақтілді онлайн-контент жасаушылар қатарын арттыру жұмысы атқарылуда. Атап айтсақ, жобаға республикаға танымал 155 мың оқырманы бар Таня Тұрлай мен 143 мың оқырманы бар Алексей Лодочников тартылған.

Сонымен қатар, былтыр күзде «Үлгілі отбасы» облыстық байқауы өткізіліп, оған 20-дан аса өтінім түскен. Оның ішінде 11 отбасы іріктеуден өтіп, қорытынды кезеңге жолдама алыпты. Алдағы уақытта «Баланың бал тілі – қазақ тілінде дамысын» атты жаңа жоба аясында «Бүлдіршінге жыр арна» байқауы ұйымдастырылып, мектепке дейінгі балаларға арналған тақпақтар мен әндер жинағының электронды жүйесі дайындалмақ екен.

Бір айта кетерлігі, елді мекендер мен көшелердің атауын өзгертудің де мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге септігі тиері анық. Дерекке сүйенсек, «Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған» Жол картасына сәйкес, облыста өткен жылы 64 құрамдас бөліктің, 2 елді мекен, 19 мекеменің атауы өзгертілген.

Ал, 2023 жылы облыс көлемінде Жол картасына сай, кеміне 58 көше мен 5 елді мекеннің атауын өзгерту көзделген. Әсіресе, Қарағанды қаласындағы 25 көшенің атауын өзгерту жоспарланып отыр.

Шахтинск, Қарағанды, Саран қалалары мен Бұқар жырау ауданында идеологиялық ескірген атаулар үлесі жоғары екенін айта кету керек. Оның үстіне, атау беру, қайта атау жұмыстарына тұрғындар, өзге этнос өкілдері әлі де болса қарсылық білдіретін көрінеді. Шектеуге қарамай, елді мекендерге кісі есімін ұсыну фактілері, ономастикалық нысандарға еңбектері елеусіз, белгісіз тұлғалардың есімдерін жиі ұсыну да тіркеліпті. Сол себепті, бұл бағыттағы жұмыстар аса мұқияттылықты талап етеді.

Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығы да ересектерге тіл үйретуде жаңашыл, заманауи кәсіби салаға бағытталған оқу құралдары мен аудио қосымшаларын әзірлеп келеді.

– Қоғамдық орындарда қызмет көрсетушілерге, атап айтқанда, қаламыздағы нотариустарға арналған қысқамерзімді 24 сағаттық курстар ұйымдастырылып, олардың кәсіби саласына арналған оқу құралы апробациядан өткізіліп жатыр. Мұндай курстар бұған дейін де облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысымен іске асқан. Ірі сауда орындарында қазақ тілі кабинеттері ашылды. Тіл үйрету курстары жалғасын тауып келеді. Сауда, банк, денсаулық саласының қызметкерлеріне курсты тиімді ұйымдастыру мақсатында оқу құралдары аудиодискісі, QR кодталған мобильді қосымша әзірленді. Қарағанды облысында кәсіби салаға бағыттап оқыту бойынша баламасы жоқ тың жобалар іске асуда, – дейді аталған орталықтың басшысы Алмагүл Ақмашқызы.

Байқасақ, мемлекеттің тілдің өрісін кеңейту бағытында жұмыс атқарылуда. Бірақ, көшедегі нысандардың атауында, жарнамаларда әлі де қателер кездесіп қалып жатады. Жұмыс тыңғылықты жүргізілсе, бұдан да арылар күн алыс емес. Сондықтан, бұл маңызды істі тұтас қоғам болып қадағалаған жөн деп білеміз. Егер, әр қазақтың баласы бір-бірімен қазақша сөйлесіп, баба тіліміздің ертеңіне жаны ашитынын көрсетсе, мұндай жағдайлар да азаяр еді. «Қадірлі, бағасы алтын анам тілі, сенімен бағаланған балаң түрі. Төрт бөліп түн ұйқысын жұбатам деп, сенімен әлдилеген анам мені» деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай, ананың әлдиімен құлаққа сіңіп, бойға тараған қазақ қылып өсірген туған тілдің қадірін білейік!

Жәлел ШАЛҚАР,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button