Сенім барда – жеңіс бар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осынау күрделі кезде үндеу жолдап, халықпен бірге екенін жеткізді. Барша жұртты сабырға шақырып, ақ тілеулі сөзін арнады. Алаң күй кешкен ұлтын байсалдыққа үндеп, бұл індетті жеңу үшін біздің елде барлық мүмкіндік барын атап айтуы — халықтың сенімін арттыра түсті. Елбасы қаржы-қаражаттың да, материалдық ресурстың да, техника, азық-түліктің де жеткілікті екенін жеткізді. Бұл болса, күпті көңілдерді бір жайлап тастағаны анық. Қоғамның әр буынын, әр саласын әдейілеп атауы – жауапкершілікті сезінуге септігін де тигізері хақ. Бұған дейін экономикадағы, мемлекетаралық іргелі істер бүгінгі қиын сәтте пайдасын беріп отыр.
Шынында да, адамзаттың, қазақтың басынан небір нәубет өткен. Оны жеңуде ұлтымыздың бірлік-ынтымағы күш болғанын білеміз. Дәл қазіргі сын да сондай. Елбасы мемлекеттің бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынына, бірде-бір адамның, азаматтың қорғаусыз, қамқорлықсыз қалмайтынына сендірді. Сенім бар жерде – жеңіс бар. Біз бұл сынды да еңсереміз ел болып.

Құралбай МЕҢЛІБАЕВ,
«Болашақ» академиясының ректоры.