«Әсем әнім сырнайдай…»
Жуырда Саран қаласы мәдениет үйінің ұжымы жылашар маусымына арнап, кеш өткізді. Онда мәдениет үйі жанында жұмыс істейтін шығармашылық құрам мен жеке орындаушылар өнер көрсетіп, жиылған жұртты әуезді күйге бөледі.
Қала халқының біршамасы жиналып, сазды кештің сәніне айналды. Тіпті, көрермен қауым әншілерге қосыла ән шырқап, ырғаққа еріп, билеп те жатты. Бір айта кетерлігі «Креатив» вокалды-инструменталды ансамблінің орындаған туындылары үлкен-кішінің көңілінен орын ала білді.
Атап айтсақ, табиғи дауысы мен сахна сырына қанық әнші, сазгер Ердос Мақсұтбектің «Іңкәрім-ай» әні залды бір тебірентіп салды. Сонымен қатар, талантты ақын әрі әнші Жанболат Бабақовтың орындауындағы атақты Виктор Цойдың «Звезда по имени солнце» туындысы көрерменге жаңаша әсер қалдырғандай. Себебі ән орындау шеберлігі өзгеше, әрі тыңдаушыны бірден баурап алардай еді.
– Концертке атсалысқан әншілерге, сазгерлерге ерекше ықыласымды білдіре отырып, алғыс айтамын. Қала халқына көңіл бөліп, мәдени түрде демалып, бойымыз сергіп қалды. Тіпті, ән де шырқап, би де биледік, – деді қала тұрғыны Тимур Оралов.
Аталған шығармашылық ұжымның жетекшісі Аян Тәжімүліковтің де өте тәжірибелі күйші ұзақ жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұлағатты ұстаз, білікті ұйымдастырушы екенін айта кеткен жөн. Бұл аз десеңіз, ол тағы бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын көрінеді. Концерт барысында ол гитара, пианино сияқты күрделі аспаптармен түрлі әуенді сахнаға шығарды.
Кеш соңында ақтоғайлық дарын Ердос Мақсұтбектің кең тынысты дауысына тәнті болған көрермендер тамсана түсті. Тіпті, қарағандылық әншіден қолтаңба алып, онымен бірге естелікке суретке түсіп жатты. «Шын өнердің шынайы бағалануы осындай-ақ болсын» дейді сахнаға шыққан әншілер.
– Дүйім жұрт осылай қолдау бергенде өнеріміздің өресіз еместігін білеміз. Жалпы, біздің қоғам өнерді аса бағалайды әрі талғамдары да жоғары. Мұны мойындау керек, – деді әнші Ердос Мақсұтбек.
Жан АМАНТАЙ,
Саран
Ortalyq.kz