Әсем ән – көңіл сәні

    Жексенбі күні кеншілер шаһарының тұрғындары «Достық үйіне» жиналды. Еврей балалары мен жас­өспірімдері шығармашылығының дәстүрге айналған ХІІІ халықаралық фестивалі – халықтар достығының айнымас белгісін көрсетті.

Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жас ұрпақтың арасында ынтымақтастық орнатып, тәрбиелеуге ерекше назар аударады. «FREILEHE KINDER» аталған фестивальде –  халықтың  достығын нығайту, ел ішіндегі тұтастықты және ұлт арасындағы ымыра-бірлікті бекем етуді көздеді. Шара «Қоғамдық келісім» КММ «Жезқазған қаласы жастар Одағы» қоғамдық бірлестігі, «Центр забота – Хэсэд Полина» республикалық еврей қайырымдылық қоғамдық бірлестігі филиалының ұйымдастыруымен өтті.

Фестивальде «Қоғамдық келісім» КММ қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс істеу бөлімінің басшысы А.Тасмағанбетова қала тұрғындарын, шараға қатысушыларды құттықтады. ҚХА шаралары Ұлт көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, «Центр забота – Хэсэд Полина» республикалық еврей қайырымдылық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды филиалының төрағасы В. Кузнецова өз сөзінде: «FREILEHE KINDER» фестивалі – қонақжайлылық және халықтық дәстүрлерді нығайтады. Жастарды өз ана тілін, мәдениетін, тарихын, өнерін үйреніп, одан әрі дамыта түсуге баулиды», – деді.

Аталмыш шара көңілді өтті. Көпшілік «Ахава» вокалды-аспапты тобының өнерін қошеметке бөледі. Көрермен «Яхолом» хореографиялық ансамблінің, Л.Пропищанның қатысуымен бірге ән шырқады. №6505 әскери бөлімінің сарбаздары да алған әсерлерімен бөлісті.

Фестиваль соңында қатысушыларға Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Т.Камалиевтің Алғыс хаты, дипломдары және этно-мәдени орталыққа ескерткіш сыйлық ретінде ноутбук табысталды.

Жалпы, фестиваль 2005 жылдан бері өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл өткен сайын қатысушылар санының артуы – фестивальдің өз мақсатына жеткенін көрсетіп отыр. Оған қоса, жас өрендер шығармашылық жетістіктерімен үлкендерді қуантып, көрерменге тамаша көңіл күй сыйлап жүр.

Аяулым СОВЕТ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.